Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құқықтық сауаттылық - уақыт талабы

Құқықтық сауаттылық - уақыт талабы
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының оқытушылар құрамы мен студенттері үшін құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында кездесу өтті.

Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық және алаяқтық сияқты өзекті мәселелердің алдын алу, институттың оқытушылар құрамы мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, пара беру және пара алу сияқты әрекеттерді болдырмау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ ректоры Марат Баяндин кіріспе сөзбен ашып, жиынның мән-маңызы туралы ой қозғады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама жасап, қазіргі қоғам дертіне қарсы мәдениет қалыптастырудың маңыздылығы, пара беру және пара алуға жол бермеу, сондай-ақ заңнама талаптарын бұзған азаматтарға қолданылатын жаза түрлеріне тоқталды.

– «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңымен мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделіне көшу қамтамасыз етілді, ашық конкурстық іріктеу, қызметтік негізде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Командалық ауысулар үшін жасалатын жағдайлар азайтылып, мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды, жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін сынап көру жүргізіледі.

Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, оларға теңестірілген адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлықтарды алуға және сыйға тартуға толық тыйым салу көзделген.

Аталған адамдардың жақын туыстарымен, жұбайларымен және жекжаттарымен бірге қызмет істеуіне жол бермеу туралы нормалар күшейтілді. Мемлекеттік лауазымға кандидаттар мемлекеттік ұйымда жұмыс істейтін туыстары туралы хабардар етуге міндетті. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілді.

Енді сыйақылар бұрынғыдай белгіленген мөлшерде емес, параның немесе келтірілген залалдың мөлшеріне қарай төленеді. Ең жоғары төлем төрт мың айлық есептік көрсеткішті құрауы мүмкін. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылуда. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату мүмкіндігі алынып тасталды. Парақорлық үшін жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеуге тыйым салынды. Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы нормаларына өзгерістер енгізілген. Ондағы жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруiне жаза ретінде 200 айлық есептік көрсеткіш белгіленген, яғни – 738 400 теңге, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуына жаза ретінде 600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, яғни – 2 215 200 теңге, заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруiне жаза ретінде 750 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, яғни 2 769 000 теңге белгіленгені туралы хабарлаймын, – деді баяндамашы.

Мұнан соң Ербол Жұмақадырұлы азаматтардың күнделікті өмірде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасауына байланысты «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлық іс жүзінде көптеген салада сақталып отырғанын атап өтті. Мәселен, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры жүргізген соңғы жылғы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тұрғысынан сезімтал органдар ретінде: мемлекеттік емханалар мен ауруханалар, полиция, жер қатынастары басқармалары, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары танылған. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық қылмысының едәуір бөлігін, яғни 50 пайыздан астамын парақорлық фактілері алып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы стратегиялық мақсат 2026 жылдың қорытындысы бойынша «Транспаренси» қоғамдық қорының көрсеткіші республикамызда Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 47 балға, 2030 жылға қарай 55 балға қол жеткізу болып табылады.

Соңғы үш жылда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісінде алаяқтыққа қатысты 600-ден астам қылмыс тіркелген. Тұрғындар алаяқтарға 17 миллиард теңгеден астам қаражат беріп, алданып қалған. Кездесу барысында облыстық полиция департаментінің өкілдері алаяқтықтың, оның ішінде кең тараған түрі интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелерін айтып өтіп, жастарды құқықтық тұрғыдан сауатты болуға шақырды.

Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының комплаенс-қызметінің жетекшісі О.Жолдасова институтта академиялық адалдық қалыптастыру, мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыс жасау, институт қызметкерлерімен ішкі тәртіпті сақтау бойынша жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Жиында департамент тарапынан әзірленген бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Айжан Өзбекова 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар