Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жемқорлық жамандыққа жетелейді

Жемқорлық жамандыққа жетелейді
Ашық дереккөз
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар аз емес. Бұрынғыларды айтпағанда, 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» арнайы Заң қабылданды. Уақыт талабына сай заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін біраз заңнамалар мен стратегиялық бағдарлама қайта қаралып, сол жылдың 2 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы өзгертуге арналған.

Қазіргі таңда Қазақстан жемқорлықпен күрес бойынша жаһандық халықаралық актілерге қосылған. Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың халықаралық рейтингісі бойынша, 2023 жылдың қорытындысымен Қазақстан 180 мемлекеттің арасынан 39 балл алып, 92 орынға тұрақтаған. 100 балдан 50 балға дейін жинаған мемлекеттер сыбайлас жемқорлық кең жайылған ауыр деңгейдегі мемлекеттер болып саналады. Яғни бұрынғы жылдарға қарағанда алға жылжу байқалады. Бұған Президенттің тапсырмасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесі себеп болды деуге болады. Мәселен, бүгінде 1 триллион теңгеге жуық заңсыз активтер мемлекетке қайтарылды, жалпыға ортақ декларация мәселесі шешілді, заңсыз алынған 10 миллион гектардай жер мемлекетке қайтарылды.

Бүгінде халықтың жемқорлыққа қарсы белсенділігі артуда.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің жанынан құрылған спикерлер пулы, белсенді жастар-волонтерлер тобы, «Әділдік жолы» мен «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері жүйелі жұмыс жүргізуде. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, заңдарды түсіндіруге, адалдық, парасаттылық қағидаларын дәріптеу, насихаттау, азаматтардың, әсіресе жастардың құқығын қорғау бойынша ақпараттық-сауаттылық жұмыстарға қатысып, кеселді жоюға өзіндік үлестерін қосуда. Мәселен, былтыр тамыз айында іске қосылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы Жамбыл ауданында басталып, биыл да жалғасуда. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалы Назима Жұбандықованың жетекшілігімен жемқорлыққа қарсы қыруар жұмыс атқаруда.

Өткен жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін, (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Демек, қазақстандықтар коррупцияға қарсы күреске шақырылды. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң бойынша мемлекеттің қорғауында болады. Олармен арнайы келісім жасалып, сотта хабарлаушының қорғалуына кепілдік беріледі. Осы орайда «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі де аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Айта кету керек, біздің қоғамдық бірлестік 2013 жылдың 3 желтоқсанында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен құрылған болатын.

Содан бері 10 жылдан аса уақыт өтіпті. Осыған байланысты өткен жылдың 24 қарашасында Астана қаласында «БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясына 20 жыл: Қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктірейік» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. БҰҰ-ның өкілі қатысқан халықаралық конференцияда облыстық филиалдың жұмысы оң баға алды. «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасын халық қолдап, барлық облыстарда филиалдары ашылды. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс істейтін ықпалды қоғамдық күшке айналды. Солардың бірі – 2014 жылдың 14 қаңтарында құрылған Жамбыл облыстық филиалы. Қаңтар айында құрамында өңірдің 11 белсенді, беделді азаматтары бар кеңес құрдық. Кейіннен «Қоғамдық сенім орталығы», «Журналистік клуб» іске кірісті.

Алғашқы кеңес құрамының бірқатар мүшесі бүгінде еліміздің маңызды салаларында адал қызмет атқарып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызбен қатар адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге зор үлестерін қосуда. Алғашқы жаңарулықтардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Дария Қожамжарова, облыс әкімінің қазіргі бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қалалық мәслихатының экс-хатшысы Балабек Нарбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыстық «Аq jol» газетінің бұрынғы бас редакторы Қуаныш Иембердиев, «Жамбыл Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Айнұр Заурбекова, құқық қорғау саласының ардагері Болат Құлекеев және тағы басқалар болды. «Журналистік клубты» сол жылдары қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы болған Эльмира Мырза-Ғали басқарды.

Бүгінде біздің сенімді серіктестеріміздің қатарында Исламбек Дастан басқаратын «Азаматтық альянс» пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте: «Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі – сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек», – деді. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті іс жүзінде тек уәкілетті органдар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, прокуратура, Қаржы мониторингі, Экономикалық қылмыспен күрес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатады.

Ал басқа мемлекеттік органдардың жемқорлыққа қарсы әрекеттері аса байқалмайды. Қазақстандықтар да бұл жалпыұлттық күресте айтарлықтай белсенділік танытпайды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы облыстық әкімдікпен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментімен, мемлекеттік қызмет істері департаментімен, облыстық қоғамдық кеңеспен, ардагерлер кеңесімен, кәсіпкерлер палатасымен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасымен, «АМАNАT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесімен, облыстық кәсіподақ ұйымымен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасымен, облыстық телеарналармен өзара ынтымақтастық орнатып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе іс-қимыл жасауға келісіп, меморандумға қол қойдық. Осындай меморандум облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев арасында да қабылданды. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, біз заң мен тәртіпке бағынуымыз керек.

Бұл тұрғыда еліміздің болашағы жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы мен қоғамдағы тәртібі күрделі мәселе десек, қателеспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды», – деп айтқан еді. Осы орайда «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің былтыр барлық облыстарда «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобаны бастауы өте сәтті болды деп ойлаймын. Жобаны іске асыру үшін бекітілген кестеге сәйкес нақты, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды.

2023 жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар өтті. Бір айта кетерлігі, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестіктің жастар қанаты саналатын «Жас қыран» ұйымы құрылды. Жақында мұндай ұйым Жамбыл медициналық жоғары колледжінде де құрылады. Сол сияқты қыркүйек айының басында Сарысу ауданында өткен басқосуда мемлекеттік қызметтің имиджін, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасы мен тәртібін жақсарту, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік таныту, халыққа адал қызмет көрсету мәселелері әңгіме арқауына айналды. Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғаса береді.

Қасымхан Төлендиев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы

жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі

облыс бойынша филиалының жетекшісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар