Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ПАЙДАҒА ЖАРАЙ БАСТАДЫ

БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ПАЙДАҒА ЖАРАЙ БАСТАДЫ
ашық дереккөз
БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ПАЙДАҒА ЖАРАЙ БАСТАДЫ
Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда жайылым тапшы дегенге сену қиын. Бірақ ақиқаты солай. Себебі дәулеті тасыған бай-бағландар мен шенді-шекпенділер, ірі шаруа қожалық иелері ұзақ жылдар бойы жеріміздің көп бөлігіне иелік етіп келді. Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып қалғандар жер ел мүддесі үшін қызмет етуі тиіс екенін ескермеді. Әрине, егер иелігіндегі жерді тиімді пайдаланып, егінін салып, төрт түлігін өсіріп, ел байлығын еселеу жолында еңбек етіп жатса, сөз басқа. Өкінішке қарай, тек иелік еткені болмаса, игеруді ойлағандар көп болмады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.  Қасым-Жомарт Кемелұлының «Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы керек» деген тапсырмасына сәйкес 2022-2023 жылдар аралығында тиісті жұмыстар атқарылды. Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірді. Жүйелі жұмыс жемісін беріп, пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 миллион гектар ауылшаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігі ескеріле отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елді мекендерге бекіту арқылы шаруаларға қатаң тәртіппен нақты қажеттілік үшін беріліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының қоғамдық-партиялық бақылауы да маңызды факторға айналғанын атап өту керек. Облысымызда да пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жыл санап қарқын алуда. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Карентаевтың айтуынша, өткен жылы өңірде бос жатқан 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. – Жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстың прокуратура органдарымен бірлесе зерделеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталды. Қазіргі кезде мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Бірінші бағыт – босалқы жер қорындағы жайылым жерлерді елді мекендерге қосу. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес 2021 жылы республика бойынша 1,8 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды. Ал облысымызда 227,5 мың гектар елді мекен жайылымына бекітіліп берілді. Екінші бағыт аясында ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтарып беру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан 199,6 мың гектар жайылым жерді ауылдық округтерге бекітіп беру басталды. 2021 жылы 13,6 мың гектар, 2022 жылы 24,1 мың гектар, 2023 жылдың 12 айында 15,1 мың гектар бекітіліп берілді. Үшінші бағыт – мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылуда. Орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 245 мың мал шығарылды. Төртінші бағыт бойынша жер пайдаланушылармен кедергісіз мал жаюға меморандум жасалуда. Көлемі 515,5 мың гектар болатын 2 095 шаруа қожалықпен меморандум жасалды. Бесінші бағыт шеңберінде 2021 жылы 106,3 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер қайтарылса, 2023 жылы 201 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2022 жылы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі арқылы 415,8 мың гектар жер игерілмегені анықталып, тексеруге ұсынылды. Сөйтіп, 129,5 мың гектарға мал басы қайта тіркелді. Игерілмеген жер көлемі 254,7 мың гектар болып, 103,5 мың гектарына нұсқама берілді. Игерілмей мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер бойынша ақпаратты https://jerkarta.gharysh.kz/ru/statistics сайты арқылы көруге болады, – дейді Ермек Амангелдіұлы. Жауапты ведомстволардың қажырлы еңбегінің арқасында 2021-2022 жылдары елді мекен жайылымы 363,0 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайыпты. Өткен жылы қосымша 69,3 мың гектарға ұлғайту жоспарланыпты. Нәтижесінде жетіспеушілік 164 мың гектарға дейін төмендеген. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің жайылым алқаптары тұрғылықты халықтың малдарын жаю үшін ауылдық округтерге бекітіліп беріліп жатыр. Ал қалған жерлер конкурс арқылы берілуде. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2023 жылы 15 конкурс ұйымдастырылып, 65,8 мың гектар айналымға еніпті. Сонымен қатар кәсіпкерлік мақсатта 68 жер учаскесі аукционға шығарылып, 164,9 миллион теңгеге бағаланып, сатылған. Сондай-ақ Ермек Амангелдіұлы саладағы көптеген мәселенің оң шешімін тауып, жұмысты жүйелеуге цифрландыру үлкен серпін беріп жатқанын атап өтті. – Цифрландыру өз кезегінде барлық салалардағы жаппай бюрократияны жоюды көздейді. Дегенмен Мемлекет басшысы былтыр 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Мәжілісінде сөйлеген сөзінде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісін бермей отырғанын атап өтті. Осы орайда ел Президенті ақпараттық жүйені интеграциялау мемлекеттік органдарды қағазбастылықтан арылтып, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруы тиіс деп атады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бизнеске жер учаскелерін таңдау және бөлу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру бағытында облыста «E-Jambyl» доменді атаумен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Жүйеде облыстың барлық аудан, ауылдық округ және қала кескінінде бос жер учаскелерін көру мүмкіндігі қарастырылған. Өңірлік геоақпараттық жүйеде мәліметтер халыққа қолжетімді болуы үшін облыс аумағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған 1,1 миллион гектар бос жер учаскелері орналастырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлік мақсаттағы бос жер учаскелері де орналасқан. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар азаматтарға жер учаскесін көруге және таңдауға қолжетімді. Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан https://jerkarta.gharysh.kz/ru/statistics сайтында мемлекет меншігіне қайтарылған бос жер учаскелері бойынша ақпараттар жарияланған. Сонымен қатар облыс тұрғындарының жерге кезектілігі электронды жүйеге көшіріліп, оған Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры сайты арқылы қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сайтқа кез келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы кіре алады, – дейді Ермек Карентаев. Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде барлығы 145 миллион гектар ауылшаруашылығы жері цифрландырылған. Бұл еліміздің ауылшаруашылығы алып отырған алқаптың 77 пайызын құрайды. Ауылшаруашылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар