ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕСКЕ ҚОСЫМША ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ
Үкімет биыл шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдауда. Бұл мақсатқа қосымша 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Атап айтқанда, Үкімет резервінен үйірлі шегірткелердің жаппай таралуының алдын алуға, жайылымдарға зиянын тигізбеуге, ауылшаруашылық дақылдарын жоюына, сондай-ақ көрші мемлекеттердің іргелес аумақтарына көшуіне жол бермеу үшін олардың таралуы мүмкін барлық болжамды алаңда толық көлемді химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша шұғыл шығындарға 3,9 миллиард теңге бөлінді.
Елімізде соңғы жылдары үйірлі шегірткелердің таралу алаңының ұлғайғаны байқалады. Мәселен, 2020 жылы – 514 мың гектар, 2021 жылы – 626 мың гектар, 2022 жылы – 975 мың гектарға өскен. Былтыр зиянкес жәндіктің таралу алаңы 1 585 мың гектар болады деп болжанғанымен іс жүзінде 1 616 мың гектар өңделді. 2023-2024 жылдарға шегірткенің жаппай таралуының 11 жылдық циклінің үдемелі кезі сәйкес келеді.
Биыл республикалық бюджеттен 1 270,6 мың гектар алаңды өңдеуге 4,2 миллиард теңге бөлінген еді. Алайда 2024 жылы нақтыланған жалпы болжам бойынша үйірлі шегірткенің таралу алаңы ұлғайып, 2,5 миллион гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 1 миллион гектарға артық.
Бөлінген қосымша қаражат 1,3 миллион гектар алаңда зиянкес үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Еске сала кетейік, Қазақстан аумағында шегірткенің үйірлі (азиялық, италиялық және марокколық) және үйірлі емес түрлері таралған. Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала