Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ecoqoldau» жүйесі іске қосылды

«Ecoqoldau» жүйесі іске қосылды
Ашық дереккөз
Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, қоқыс полигондарының жай-күйіне тоқталды. Аталған жиында министр өңір әкімдіктеріне коммуналдық қалдықтарды игеріп, реттеуге міндет жүктелгенін жеткізді.

– Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, еліміздегі 207 қала мен аудан орталықтарынан 130 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде қалдықтарды бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрыптау желілері және қолмен сұрыптау ұйымдастырылған. Былтыр республика бойынша қатты тұрмыстық қалдық полигондарының саны 3 016 болды.

Оның ішінде, өкінішке қарай, экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкесі 624 қана. Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік органдармен (Өнеркәсіп және құрылыс, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар министрлігі) бірлесіп, елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарын рәсімдеу тетіктерінің пысықталып жатқанын атап өткен жөн.

Мәселен, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыс саласындағы талаптар талқыланып жатыр, – деді Е.Нысанбаев. Оның айтуынша, әкімдіктерге қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға қажетті құзыреттер беріліп отыр.

Нақты айтқанда, жер учаскелерін беру, инфрақұрылым тарту тәсілдерін әзірлеу, экологиялық эмиссияларды пайдалану, бизнес субъектілеріне артықшылық беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу бойынша құзыреттері бар. Әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды игеру бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Елімізде қалдықтарды игеруге қатысты тағы бір жаңалық мәлім болды. Ендігі уақытта қалдықты қайта өңдеушілерге «электронды аукцион» қағидатымен қалдық сатуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйеге тіркелу басталады.

– «EcoQoldau» автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Жақын арада өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған жобаларды қаржыландыру қолға алынады. «EcoQoldau» қалдықтарды басқару саласындағы бизнес үдерістерді жеңілдетіп, елдегі экологиялық ахуалға оң әсер етеді. 2021 жылы осы мақсатта 6,1 миллиард теңге төленді. Оның ішінде автокомпонеттерді қайта өңдеуге – 1,1 миллиард теңге, пластик, картон, шыны қаптамаларды қайта өңдеуге 5 миллиард теңге төленді, – деді «Жасыл даму» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.

Сондай-ақ ол «EcoQoldau» автоматтандырылған жүйесі арқылы қалдық сату қалай іске асатынын түсіндірді. – Бірінші жеке немесе заңды тұлға мобильді қосымша арқылы жүйеге тіркеліп, жиналған қалдықты сататыны туралы өтінім қалдырады.Одан әрі қалдық жинаушылар өз бағаларын ұсынып, қалдық иесінен оны сатып алады.

Жинаушылар ай бойы жинаған қалдық туралы деректі «EcoQoldau» жүйесіне енгізіп, хабарландыру жариялап отырады. Жинаушылар көңілінен шыққан сатып алушымен келісімшарт жасасады. Одан кейін жинаушы қалдықты тасымалдау жөнінде хабарландыру шығарады.

Ал оны кімнің таситынын қалдық иесі дербес таңдап, қалдықты қайта өңдеушіге дейін жеткізу туралы келісімшарт жасасады. Қайта өңдеуші сенімді салмақ өлшейтін құрал арқылы сатып алынған қалдықты қабылдап, тиісті актіге қол қояды.

Осыдан кейін қалдықты сатушы мен қайта өңдеуші операторға есеп жібереді. Сол есептің негізінде төлем жасалады. Қалдық сатушы аяқталған айдың есебін келесі айдың 15-іне дейін, қалдық өңдеушілер толған тоқсанның есебін келесі айдың 25-іне дейін жіберуі керек, – деді Е.Сәрсенбай. Аталған басқарма төрағасының айтуынша, бұл үдеріс ақпараттық жүйеге тіркелген барлық пайдаланушыға қолжетімді. Баға саясатын нарықтық қатынас реттейді.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар