Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасөспірімдер тәртібі алаңдатады

Жасөспірімдер тәртібі алаңдатады
Ашық дереккөз
Өкінішке қарай, елімізде жасөспірімдер қылмысы тыйылмай тұр. Статистикалық дерекке сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі.

 Жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Дегенмен елімізде жеткіншектердің қылмысы жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Тек өз өңірімізде болып жатқан жағдайға мән берсек, облыс аумағында өткен жылдың қорытындысы бойынша, кəмелетке толмағандар 83 қылмыс жасаған. Орын алған жалпы қылмыстың 39-ы мал ұрлығы. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі көбіне əлеуметтік теңсіздікке келіп тіреледі екен.

– Балалар қылмысының алдын алу мақсатында жауапты мамандар жыл басынан бері білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары, прокуратура, мобильдік топ қызметкерлерімен бірлесіп «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Қауіпсіз мектеп» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Күнделікті өткізілген рейдтік жəне профилактикалық шаралардың нəтижесінде түрлі қылмыстық жəне əкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін облыстық полиция департаментінің полиция бөліміне 7 329 кəмелетке толмаған жеткіншек жеткізілді. Сонымен қатар 519 кəмелетке толмаған, 253 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды.

Ал 61 тұрғын ата-ана құқығынан айырылса, арнайы мектепке 19 жасөспірім жөнелтіліп, 334 кəмелетке толмаған жеткіншек бейімдеу орталығына орналастырылды. Кəмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан 283 іс қаралды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен облыс аумағында орналасқан барлық білім беру орындарында ата-аналармен, жасөспірімдермен «Кəмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында профилактикалық түсіндірме жиналыстары жүйелі түрде өткізілуде, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызмет басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Серік Әлдибеков.

Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың сөзіне сүйенсек, былтырғы 12 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 2022 жылмен салыстырғанда 28,1 пайызға кеміген көрінеді. Алайда тізімге алынған жастардың көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Мәселен, былтыр 267 студент колледжішілік есепке алынса, 93 жеткіншек полиция бөлімінің есебіне қойылған. Басқарма өкілі жасөспірімдердің жүгенсіз кетуі балаға бақылаудың жоқтығынан деп отыр. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбектің айтуынша, былтыр жасөспірімдер арасында 92 қылмыс тіркеліпті.

Оның төртеуі жоғары оқу орнының студенті болса, 29-ы мектеп қабырғасында, 53-і колледждерде білім алуда. Байқап тұрсаңыздар, тіркелген 92 қылмыстың жартысынан көбін колледж студенттері жасаған. Арнаулы орта оқу орнына мектептің 9-сыныбын аяқтаған соң қабылдайтынын ескерсек, 14-15 жастағы балалардың бұзақылыққа баруына не себеп екенін түсіну қиын. Мұнысы «Баланы жастан...» дегендей, ата-анасының бақылауынан шығып, еркіндігі өз қолына тиген жасөспірімнің бетімен кетуі ме? Әлде колледждер өздерінде білім алатын студенттердің тәртіп мәселесіне немқұрайды қарап отыр ма? Сондай-ақ А.Тұрлыбек жұмыссыздықтың өсуі, ата-аналар жауапкершілігінің аздығы сынды мәселелер жастар қылмысының артуына себеп болып жатқанын алға тартты.

Жалпы облыстық білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, кәмелетке толмағандар қылмысы бойынша «Парасат» колледжі 19 дерекпен көш бастап тұр. Одан кейін «Болашақ» және Жамбыл медициналық жоғары колледжінің әрқайсысында 7 деректен тіркелген. «Аспара», Жамбыл политехникалық жоғары колледждерінде 5 қылмыстан орын алған. Сонда бір жылдың ішінде 92 қылмыс орын алса, айына орта есеппен 7-8 заңбұзушылық тіркеліп отырған. Бұл дегеніңіз – аптасына кем дегенде 1-2 студент қылмыс жасайды деген сөз. Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп, бар үмітін соларға артып отырған ата-ана үшін бұл – дабыл қағарлық статистика.

Әдетте кінәні өзімізден емес, өзгеден іздеу қанымызға сіңген дерттің бірі ғой. Жастар қылмысы бойынша көш бастап тұрған «Парасат» колледжінің басшылығы да бар мәселені мектептерге сырғытып, өздері «сүттен ақ, судан таза» шығуға тырысуда. – Көп жағдайда балалар мектеп қабырғасында бұзақылығы бойынша есепке алынып, содан кейін бізге келіп жатады. Сондай-ақ басқа білім ордаларынан колледжге ауысып келіп жататын жастар көп. Осыдан кейін біздің арнаулы орта оқу орнымызда жағымсыз көрсеткіш көрініс табуда. Бұдан бөлек 1 баланың өзі бірнеше қылмыс жасайтын жайттар болып жатады. Мәселен, 1 студентке қатысты 6-7 қылмыстық іс қозғалған деректер бар. Ол қылмыстардың дені – бұзақылық, бопсалау, мал ұрлығы сынды заңбұзушылықтар. Қазір біз колледжге түсетін үміткерлердің мінез-құлқын зерделеп, осы бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алып жатырмыз, – дейді «Парасат» колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбаян Шыңғысханқызы.

Негізі Жамбылдағы жастар қылмысы талай жылдан бері жаға ұстатып келеді. Алдыңғы жылы мектеп оқушылары бір-бірімен атысып, соңында жасөспірімдер ауруханадан бір-ақ шыққанын ел ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ бір жасөспірімді өзге мектептің оқушылары таяқтың астына алып, одан қалса пышақтап, баланың ауруханаға жетпей жантәсілім еткені де талайдың төбе шашын тік тұрғызған. Ал Талас ауданында 16 жасар жасөспірім 14 жасар жеткіншекке пышақ сұғып алса, Т.Рысқұлов ауданында 15-16 жасар жастардың жанар-жағармай бекеттеріне ұйымдасқан қарақшылық шабуыл жасағаны бүкіл облысты дүр сілкіндірді. Тараз қаласындағы 13 жасар мектеп оқушысы токсиндік мас күйінде 4-сынып оқушысын зорлауға әрекет ету кезінде баумен буындырып өлтіріп қойғаны да талай ата-ананы шошытты. Жалпы мұндай жағдайларды тізе берсең, дерек өте көп.

Жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыс та терең ойға қалдырып отыр. Былтыр мұндай қылмыс саны 125 дерекке жетіп, 17,9 пайызға өскен. Ең сорақысы, жас жеткіншектерге қарсы жыныстық сипаттағы 53 қылмыс тіркеліп, бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп кеткен. Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Мәуленовтің сөзінше, елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқықбұзушылыққа жатады.

Ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. – Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз сағат түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар өзінің заңды өкілдерінің қасында жүрмей, тұрғынжайдан тыс жерлерде сағат түнгі 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін болса, ол бойынша жасөспірімнің заңды өкілдеріне ескерту жасалады.

Осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде тәртіпсіздік тағы қайталанса, онда заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Осыны жасөспірімдерге, ата-ана немесе олардың заңды өкілдеріне ескеру қажет. Алайда жоғарыда айтылған ережелерді жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себептен кей жағдайларда, ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болуы салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әртүрлі құқықбұзушылық пен қылмыстарға бой алдырады.

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына өткен жылдың 9 айында 67 тұлғаға қатысты 48 қылмыстық іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық), 188-1-бабы (мал ұрлау), 122-бабы (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 191-бабы (тонау) бойынша сипатталған.

Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқықбұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды, түсінбейді, жеткілікті ұқпайды. Сол себептен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алудың және оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық түрде сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет деген ойдамын, – дейді Думан Болатұлы. Психолог мамандар да полиция бөлімдерінде есепте тұратын балалардың басым бөлігі жайсыз жанұялардан шығатынын растап отыр.

Ал енді олардың бір тобы ата-анасының бала тағдырына келгенде салғырттық танытуы салдарынан теріс жолды таңдауда. – Қылмысқа баратын жасөспірімдердің басым көпшілігінің отбасылық жағдайы нашар. Олар дұрыс тәрбие көрмей, жүгенсіз кетеді. Нәтижесінде нақты мақсат-мүддесі жоқ жеткіншектер қылмыс жасайды. Шамамен оншақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты еді.

Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, жиі кездеспейтін. Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауысты. Шын мәнінде, әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Себебі отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды, – дейді психолог Дана Сәдуақасқызы.

Жалпы тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қанша жерден жұмыс жасап жатыр дегенімізбен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінен түспей тұр. Бұл мәселеде оңтайлы шешім табу, шалыс басқан жеткіншекті түзу жолға салу – ең бірінші, ата-ананың міндеті. Әйтпесе бүгінгі біздің қоғамның мүшелері қит етсе болды, ұстаздар мен құқық қорғау қызметкерлерін кінәлауға құмар. Әр ата-ана ұл-қызын қате қадам жасаудан сақтандырмайынша, олардың адасуы жалғаса берері сөзсіз.

Ақтоты Жаңабай 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар