Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДАҢҒАРАДАЙ ДИСПАНСЕР ҚАШАНҒЫ ҚАҢЫРАП БОС ТҰРАДЫ?

ДАҢҒАРАДАЙ ДИСПАНСЕР ҚАШАНҒЫ ҚАҢЫРАП БОС ТҰРАДЫ?
ашық дереккөз
ДАҢҒАРАДАЙ ДИСПАНСЕР ҚАШАНҒЫ ҚАҢЫРАП БОС ТҰРАДЫ?
Жуырда мәселемізді шешуге жәрдемдесер деген үмітпен Дүйсенбек Пернебаев есімді Сарысу ауданының тұрғыны редакциямызға хабарласты. Тұрғынның уәжіне құлақ ассақ, Саудакент ауылында орналасқан туберкулезге қарсы диспансердің есігіне өткен жылы қара құлып салынып, салдарынан жетпіске жуық аудан тұрғыны жұмыссыз қалған көрінеді. Мәселенің мәнісіне бойлап, мән-жайға толық қаныға түсу үшін алдымен Дүйсенбек Елеусінұлының билікке айтар базынасын мұқият тыңдап шықтық. – Саудакент ауылындағы туберкулезге қарсы диспансер 2005 жылы пайдалануға берілген. Қателеспесем, құрылысына 200 миллионнан аса бюджет қаржысы жұмсалған. Алғаш ашылғанда ауданның тоқсанға жуық тұрғыны жұмыспен қамтылды. Кейіннен штат саны жетпіске жуық адамға дейін қысқарды. Ауданымыздың тумасы, білікті маман, іскер азамат Марат Тілепбергенұлы ұзақ жылдар бойы диспансерде бас дәрігер қызметін абыроймен атқарды. Өкінішке қарай өткен жылы диспансер жабылды. Осылайша айдың-күннің аманында жетпіске жуық адам жұмыссыз қалды. Қазіргі таңда зәулім ғимарат қаңырап бос тұр. Ал бұрынғы қызметкерлері ауданымыздағы жұмыссыздардың қатарын көбейтіп, екі қолға бір күрек таппай жүр. Жұмыссыздық мәселесі ушығып тұрған кезде мұны қалай түсінуге болады? Қош, диспансер өзін-өзі ақтамайтын болған соң жабылған шығар. Бірақ енді қол қусырып қарап отыра беруге болмайды ғой. Мекеменің тоз-тозы шықпай тұрғанда неге тиімді мақсатта пайдаланбаймыз?! Егер 5 қарауылы болмаса әлдеқашан диспансердің мүлкі талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетер еді. Сондықтан кеш болмай тұрғанда диспансерді кәдеге жаратудың жолын ойлануымыз керек. Бердібек Сапарбаев әкім болған кезде Тараз қаласында, бірқатар аудан орталықтарында оңалту орталықтары ашылды. Саудакенттегі диспансер ғимараты да оңалту-сауықтыру орталығын ашуға сұранып-ақ тұр. Аудан тұрғындарының дертіне шипа тауып, денсаулығын қалпына келтіруі үшін санаторий ашса да, нұр үстіне нұр болар еді. Бүтін дүниені бүлдіріп алмай тұрғанда іске жарату үшін ұсыныстарымызды, талап-тілектерімізді айтудай айтып, жазудай-ақ жаздық. Талай табалдырықты тоздырдық. Әзірге нәтиже шығар емес. Зерделеу үшін комиссия келеді. Аралап, нысанның жағдайын көріп шыққан соң: «шешеміз, дұрыс айтасыздар, пайдалану керек» деп сұлу сөзбен сары майдай ерітіп кетеді. Алайда «баяғы жартас, сол жартас». Ешнәрсе өзгермейді. Ендігі үміт – облыс әкімі Нұржан Молдиярұлында. Аймақ басшысы біздің ұсынысымызды қолдап, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді Сарысу аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Жаңаталап ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Елеусінұлы. Жалпы, тұрғындардың айтуынша, екі қабатты нысан ат шаптырым аумақты алып жатыр. Айналасы гүлмен көмкеріліп, абаттандырылған. Алуан түрлі сәндік ағаштар мен гүлдер көздің жауын алады. Сонымен қатар екі жүзден аса бөлмелері бар екен. Әлі де мекеменің іші-сырты мұнтаздай тап-таза. Ешнәрсесі қирамаған, бүлінбеген. Бірақ еңселі ғимараттың алыстан көз тартатыны болмаса, 2021 жылдың тамызынан бері қажетке жарамай тұр. Осылайша, кезінде диспансердің ашылуы көңілге қуаныш ұялатқанымен, бүгінде тиісті басшылардың қолда барды ұқсата алмай отыруы ауыл тұрғындарының жанын жегідей жеуде. – Жұмыссыздық мәселесі алаңдатып тұрғанда қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған диспансерді жауып, әлі күнге дейін басқа бір тиімді мақсатта пайдаланбауымыз ақылға сыймайды. Егер демалыс орны немесе оңалту орталығы болып қайта ашылса, ауданның жүздеген тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын еді. Қазір мекемені 5 қарауыл күзетуде. Мүмкін жалақысы аз шығар, қарауылдары да кеткелі жатыр екен. Сонда диспансердің жағдайы қалай болмақ?! Қараусыз қалса сүйегі мықты, кез келген талапқа сай келетін нысанның ертеңгі күні қаңқасы ғана қалады ғой. Сол себепті кейін кеш қалмас үшін қазірден қам жасау керек. Жуырда облыс әкімі жұмыс сапарымен ауданымызға келгенде диспансердің бүгінгі жай-күйі де айтылды. Облыс әкімі мәселенің түйінін тарқатып, мекеме жұмысы алдағы уақытта қайта жанданып, жолға қойыларына сенеміз, – дейді Сарысу ауданының тұрғыны, «Жеңіс қаһарманы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынтай Ізтай. Осы орайда диспансер ашылғанда жұмысқа орналасып, жылдар бойы есепші қызметін атқарған, әлі де ондағы дүние-мүлікке жауапты болып отырған Ләззат Смайыловамен де тілдесіп, пікіріне құлақ түріп көрдік. – Жалпы, диспансер жабылғанда 59 адам жұмыссыз қалды. Бүгінгі таңда жиырма шақтысы ғана уақытша болсын жұмыс тауып алды. Ал қалғаны әлі жұмыс таппай сенделіп жүр. Бәрінің бала-шағасы, қос-қостан несиесі бар. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда жұмыссыз қалу оңай емес. Мекеменің ертеңгі жағдайының қалай болатыны бәрімізді алаңдатады. Пайдаланылмай бос тұрғаннан кейін де жәй-жәй тоза береді екен. Енді бір жылдан кейінгі диспансердің жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты, – деген Ләззат Смайылова ауданға ат басын бұрған атқамінерлердің барлығы диспансерге соқпай кетпейтінін, дегенмен мәселе өзекті күйінде қала беретінін қынжыла жеткізді. Ал сарысулық жұртшылықтың жанайқайын облыстық фтизопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Дабыл Шымыровқа жеткізгенімізде мекеменің жабылуын емделушілердің аздығымен түсіндірді. – Саудакент ауылында орналасқан туберкулезге қарсы диспансер ғимараты 2006 жылы соғылған. Бөлімшенің штаттық бірлігі – 66,5. Мұндағы 36 бірлік медициналық маман болса, қалған 30,5 бірлік қызмет көрсетушілерге арналған. 2019-2020 жылдар аралығында бөлімшеге ақылы медициналық қызмет есебінен 87 миллион 345 мың табыс түсті. Ал шығын 368 миллион 675 мың теңгеге жеткен. Шығын табыстан 4,4 есеге артқан. 2021 жылғы болжам бойынша табыс 31 миллион 269 мың теңгені құрауы тиіс. Сәйкесінше шығын көлемі 208 миллион 832 мың теңгенің шамасында болады. Демек мұнда да шығынның көлемі табыстан 6,7 есеге дейін артып кеткелі тұр. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша аудандардағы туберкулезге қарсы диспансерлердің бәрі жабылды. Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарындағы мекемелер де жұмысын тоқтатты. Бұл науқастардың азаюына байланысты болып отыр. Тек ауруханалар ғана қалды. Саудакенттегі диспансерде 2019 жылы 30 науқас ем алса, 2020 жылы 15 науқас дертіне дауа тапқан. Ал өткен жылдың алты айында 9 науқас қана болған. Мекеме жабылудың алдында 5 науқас қалған. Мұндағы 5 науқасқа 64 медицина қызметкері жұмыс істеп келді, – дейді Д.Шымыров. Яғни бас дәрігер айтқандай диспансер өзін өзі ақтамаған. Сонымен не себепті жабылғаны түсінікті болды. Енді диспансердің жағдайы не болмақ?! Кезінде тіршілігі қыз-қыз қайнаған мекемеде қашанға дейін мүлгіген тыныштық орнайды. Осы сұрақты Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиевке қойдық. Нұржан Тоқбергенұлы халықты толғандырған мәселе бойынша облыс әкіміне хат жазылғанын, жуық арада шешімін табарына үмітті екендіктерін мәлімдеді. Солай боларынан біз де үміттіміз.

Талғат НҰРХАНОВ, Сарысу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар