Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сақтандыру және еурохаттаманың жеңілдетілген рәсімі

Сақтандыру және еурохаттаманың жеңілдетілген рәсімі
Ашық дереккөз
Қаржы нарығының сақтандыру секторының кейбір бағыттары Украина, Эстония, Латвия, Ресей сынды Еуропаға жақынырақ орналасқан бұрынғы одақтас елдерге қарағанда Қазақстанға сәл кешірек келді. Әсіресе адам өмірін, денсаулығын сақтандыру бойынша Ресей бізден көш ілгері келеді. Ал жол-көлік оқиғалары кезінде сақтандыру жағдайын реттеу, рәсімдеу шаралары да енді-енді реттеліп келе жатыр. Әрине, газет оқырманының қаржылық сауатын арттыру мақсатында бұл тақырып төңірегінде де материал ұсынуды жөн көрдік. Осы ретте Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары М.Ж.Хаджиеваның «Деловой Казахстан» басылымына сақтандыру төлемдерін жеңілдетіп реттеу тақырыбында берген сұхбатын оқып көріңіздер.

– Мария Жамалқызы, Еурохаттаманың жеңілдетілген рәсімі бойынша жол-көлік оқиғаларын қалай рәсімдеуге болады? – Бұл – өте қарапайым рәсім. Егер жол-көлік оқиғасы орын алса, ереже бойынша жүргізушілер жол полициясын шақырып, апат орнынан кетіп қалмай, оның келуін күтуі тиіс. Алайда егер жол-көлік оқиғасына тек екі көлік қатысып, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмесе, үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпесе, апатқа қатысушыларда апатқа кім кінәлі, ал кім зардап шеккен деген келіспеушіліктер жоқ болса және ең бастысы екеуі де залал 100 айлық есептік көрсеткіштен (2024 жылға 369 200 теңге) аспайтынына келісетін болса, Еурохаттаманы ресімдеуге болады. Ол үшін жол-көлік оқиғасына қатысушылардың екеуі де ұялы телефондарына «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп, тіркеу рәсімінен өтіп, оқиғаның фотосуреттері мен бейнематериалдарын қоса беруі қажет. Фотосуреттер мен бейнефайлдарды сәтті жүктеп, декларацияны толтырғаннан кейін бұл құжаттар сақтандырушыға жіберіледі, содан кейін сақтандыру жағдайын тіркеу туралы Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан СМС-хабарлама келіп түседі. Жәбірленушінің СМС-хабарлама алуы оның өтемақы алуға өтінішін сақтандыру ұйымы қабылдағанын растау болып саналады.

Осыдан кейін ғана сіз автокөлікті апат орнынан алып кете аласыз, жол полициясына қоңырау шалу талап етілмейді. – Сонда сақтандырушы залалды тек қоса берілген фотосуреттер мен бейнематериалдар бойынша бағалай ма? – Иә, дәл солай. Бірақ бұл ретте егер фото және бейнематериалдар бойынша залалды біржақты бағалау мүмкін болмаса, сақтандырушының бүлінген автокөлікті тексеруге құқығы бар. – Егер интернет қолжетімсіз болса немесе өзіңмен бірге ұялы телефон болмаса, Еурохаттаманы рәсімдеуге бола ма? – Өкінішке қарай, интернетсіз «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы сақтандыру жағдайын рәсімдеу мүмкін емес. Ұялы телефонның болуы да міндетті талап саналады. Егер интернет немесе ұялы телефон болмаса, онда ЖКО-ны жол полициясына хабарласу арқылы стандартты түрде рәсімдеу керек.

Бұл жағдайда кез келген электрондық қызметтер сияқты стандартты қағидат қолданылады. Мысалы, мемлекеттік көрсетілетін қызметті онлайн режимінде алу үшін интернет пен ұялы телефонның немесе компьютердің болуы міндетті. Егер онлайн жүгінуге мүмкіндік болмаса, тікелей көрсетілетін қызметті берушіге (мысалы, ХҚКО-ға) жүгінуге болады. Сақтандыру құжатымен де сондай қағидат. Еурохаттаманың өлшемдеріне сәйкес келетін сақтандыру жағдайын «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы немесе сақтандыру компанияларының соған ұқсас қосымшалары немесе сайттары арқылы рәсімдеуге болады. Бүгінгі күні көптеген сақтандыру компанияларының өз цифрлық қызметтері бар. Сондықтан тұтынушының өзіне ыңғайлырақ қызметті таңдау мүмкіндігі бар. Сақтандыру жағдайын оңай рәсімдеу үшін мобильдік қосымшаларды қалай орнатуға және қалай пайдалануға болады деген сұрақтармен «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ байланыс орталығына (+7 (727) 339 31 88) немесе өзіңіздің сақтандыру компанияңызға хабарласуға болады. – Еурохаттама бойынша төлем ЖКО-ға кінәлі адам үшін сақтандыру құжатының құнына әсер ете ме? Сақтандыру құны қаншалықты өседі? – Міндетті автосақтандыру шартының құны жүргізушінің жасы, оның көлік жүргізу өтілі, көлік құралының түрі, оны пайдалану мерзімі, көлік құралын тіркеу аймағы және жүргізушінің апат жасау жиілігі («бонус-малус» жүйесі) сияқты түрлі факторларға байланысты. «Бонус-малус» жүйесінің жүргізушінің көлік жүргізу тәртібіне байланысты сақтандыруға жеңілдіктер мен үстемеақылар белгілейтінін білеміз.

Егер жүргізуші ЖКО-ны жасағаны үшін кінәлі болса, оның келесі автосақтандыру құжатының құны көп болады. Керісінше, егер жүргізуші бір жыл ішінде көлік апатын жасамаған болса, онда сақтандыру құжатының бағасы төмендейді. Бұл ретте міндетті автосақтандырудың құны ЖКО-ның қалай рәсімделгеніне – Еурохаттама арқылы немесе жол полициясының қатысуымен рәсімделгеніне байланысты емес. Мысалы, егер сақтанушы ЖКО-ға дейін «бонус-малус» жүйесі бойынша 10-класта болса, онда бірінші ЖКО-дан кейін оның класы 6-ға дейін төмендейді, бұл автосақтандыру құжаты құнының 31 пайызға ұлғаюына алып келеді және ЖКО-ның Еурохаттама арқылы немесе стандартты тәртіппен рәсімделгені маңызды емес.

Ұлттық Банк Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы №140 қаулысында жеңілдіктер және үстемеақылар кестесімен толығырақ танысуға болады. – Мария Жамалқызы, Сіз ЖКО-ға қатысқан тараптардың сақтандырушы төлейтін ең жоғары төлемнің 100 АЕК-тен аспайтындығымен келісуі ЖКО-ны Еурохаттама арқылы рәсімдеу талаптарының бірі екендігін атап өттіңіз. Бірақ апат орнында барлық жүргізушілер жөндеу құнын тез бағдарлай алмайды. Бұл жағдайда не істеу керек? – Егер сіз залал сомасы 100 АЕК-тен асады деп ойласаңыз, онда жол полициясын шақырып, сақтандыру жағдайын стандартты тәртіппен рәсімдеген дұрыс. Еурохаттама кішігірім зақым үшін қолданылады.

Егер, мысалы, сіздің көлігіңіз қымбат болса және дилердің кепілдік мерзімі өтпеген болса, оған сәйкес сіз автокөлікті тек дилердің салонында жөндеуге міндетті болсаңыз, мұндай жағдайда зақымдануды бағалау мәселесіне мұқият қарау керек. Егер күмәніңіз болса, онда жол полициясын шақырған дұрыс. – Жақсы. Алайда Еурохаттаманы рәсімдегеннен кейін жасырын ақаулар анықталса және залал сомасы 100 АЕК-тен асса, не істеу керек? – «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Еурохаттама бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асырғаннан кейін пайда алушы (зардап шегуші) сақтандыру жағдайын реттеудің жеңілдетілген тәртібі жағдайында сақтандырушыға өтеудің шекті мөлшерінен асатын зиянды өтеу туралы қосымша талаптар қоюға құқығы жоқ. 100 АЕК мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асырғаннан кейін сақтандырушының міндеттемесі тиісінше орындалған деп саналады. – Түсінікті. Алайда Еурохаттаманы рәсімдеу кезінде де залал сомасы бойынша келіспеушіліктер туындауы мүмкін ғой.

Мәселен, егер зардап шегуші оның автокөлігіне 100 АЕК мөлшерінде залал келтірілген деп санаса, ал сақтандырушы 50 АЕК төлеген болса, мұндай жағдайда қайда жүгіну қажет? Тәуелсіз бағалау жүргізу және заң кеңесшісін жалдау қажет пе? – Сақтандыру ұйымымен даулар туындаған жағдайда зардап шегуші сақтандыру омбудсменіне жүгіне алады. Сақтандыру омбудсмені сақтандырудың барлық түрлері бойынша азаматтар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштерін қарайды.

Өзге заңды тұлғалар сақтандыру омбудсменіне міндетті автосақтандыру бойынша ғана жүгіне алады. Сақтандыру омбудсмені қарауға құқығы бар даулар бойынша талаптардың сомасы 10 000 АЕК-тен (2024 жылғы жағдай бойынша 37 миллион теңге) аспауға тиіс. Сақтандыру омбудсменіне жүгіну үшін сақтандыру ұйымының клиентіне арнайы заңгерлік көмек қажет емес. Омбудсмен заң бойынша оған жүгінген тараптың мүдделерін білдіреді және ол қызметтерін сақтандыру ұйымдарының клиенттері үшін тегін көрсетеді.

Дегенмен клиенттің қалауы бойынша омбудсменнің мүддесін басқа адам да білдіре алады, сондай-ақ клиент мұндай мақсаттар үшін заң кеңесшісін тарта алады. Бұл жағдайда мұндай заң кеңесшісінің қызметтерін клиент өз қалтасынан төлейтінін түсіну маңызды. Омбудсмен клиенттің пайдасына шешім қабылдаған жағдайда омбудсмен бұл шешімді сақтандыру ұйымына орындауға жібереді. Бірақ оның сақтандырушыдан омбудсменмен арадағы талқылау барысында клиенттің өз қалауы бойынша орын алған шығындарын төлеуді талап етуге құқығы жоқ. Сақтандыру омбудсменіне жүгіну алдында клиентке тәуелсіз бағалау жүргізудің қажеті жоқ. Дауды қарау барысында омбудсмен барлық есептеуді дербес жүргізеді және сақтандыру компаниясының калькуляциясын қайта тексереді. Омбудсменнің шешімі сақтандыру ұйымдары үшін міндетті саналады.

Мұндай шешімді орындамау – уәкілетті органның сақтандыру ұйымдары мен олардың басшыларына қатысты қадағалап, ден қою шараларын қолдануы үшін негіз болады. – Бірден сотқа жүгінуге бола ма? – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандыру омбудсменіне жүгіну сақтандыру компаниясына сотқа шағым беру алдындағы міндетті қадам болып есептеледі. Сотқа талап арыз беру үшін сақтандыру омбудсменінің шешімін қоса беру қажет. – Мария Жамалқызы, Еурохаттама енгізілгеннен бері бір айға жуық уақыт өтті. Қазіргі уақытта қандай да бір қорытынды жасауға бола ма? – Бүгінгі күні «Еурохаттама» мобильді қосымшасы арқылы 235 сақтандыру жағдайы рәсімделді және бұл сома үнемі өсіп келеді. Сақтандыру компаниялары шамамен 16 миллион теңге мөлшерінде төлем жүргізген. Орташа төлем шамамен 185 мың теңгені құрайды. Бұл орайда біз негізінен қатысушылар арасында өзара шешілген жол-көлік оқиғалары туралы айтып отырмыз.

Көліктің аз мөлшерде зақымдалғанын ескере отырып, жол-көлік оқиғасына қатысушылар жол полициясын шақырмаған және сақтандыру компаниясынан төлем жүргізуді сұрамаған. Бұл жерде апатқа кінәлі тарап зиян мөлшерін өзі төлеген. Қазір мұндай жол-көлік оқиғалары бойынша орын алған залал мөлшерін сақтандыру компаниясы төлейді. Әрине, әлі де көп жұмыс істеу керек, бірақ қазірдің өзінде бұл цифрлық өнім сұранысқа ие деп айтуға болады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту

агенттігінің сыртқы коммуникациялар басқармасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар