«Жамбыл бейнесі және Әбілхан қаламының құдіреті»
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығындағы «Жамбылтану» бөлімінің ұйымдастыруымен Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған «Жамбыл бейнесі және Әбілхан қаламының құдіреті» атты жергілікті ақын-жазушылар, тарихшылар мен суретшілердің қатысуымен рухани-шығармашылық кездесу өтті.
Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығын, «Жамбыл бейнесі» жайлы жасөспірімдер мен білімгер жастарға суретшінің салған портретін таныстыру, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік арқылы өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру.
Басқосуға ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Айдархан Сихаев, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұқтар Елгезеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Байзақ ауданындағы Абай атындағы орта мектептің директоры Жанатбек Тұрғынбек және колледж студенттері қатысты.
Алғашқы сөзді «Жамбылтану» бөлімінің мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы Гүлгаухар Құрманәліқызы алып, кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймай, туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен кескіндей алған біртуар суреткер. Тұғыры биік, өнердің шыңындағы тау тұлға. Жамбыл бабаны өз көзімен көріп, бейнелеген суретшілердің бірі осы Әбілхан Қастеев болған екен, – деді Г.Құрманәліқызы.
Мұнан соң ҚР Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Айдархан Сихаев сөз алып, суретшінің қайталанбас қолтаңбасы жайлы көсіле әңгімеледі. Айдархан Сихаев суретші мамандығын таңдаған студент жастарға Алматыдағы Әбілхан Қастеевтің сурет галереясын арнайы барып көруге шақырды.
Жиынға қатысушы өзге де суретші мамандар мерейтой иесінің өмірін, шығармашылық жолдарын, естеліктерін айтып берді.
Сондай-ақ облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының, облыстық өлкетану музейінің мамандары және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері Асылжан Дулати мен Фарида Метеркүлова өздерінің ойларымен бөлісті. Осылайша іс-шара жоғары деңгейде өтті. Келген қонақтар мен жастар ризашылықтарын білдіріп, естелік фотоға түсті.
Мәдина Ақтанова, Тараз қаласы
Келесі мақала