Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЛТА ТЕЛЕФОНЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ

ҚАЛТА ТЕЛЕФОНЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ
ашық дереккөз
ҚАЛТА ТЕЛЕФОНЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ
Осыдан 15-20 жыл бұрын ұялы телефон біз үшін таңсық еді. Бүгінде ересектер былай тұрсын, кішкентай бүлдіршіндердің қолында қос телефоннан бар. Далада серуендеп жүрсе де, аялдамада автобус күтіп отырса да, қызметте де, үйде де бір сәт телефоннан ажырамай, мына аласұрған тіршілік ағымынан еш қалмай жүргендерді көресіз. Қазіргі адамдар сымсыз телефонға қатты тәуелді болып қалды, онсыз күн көру қиындап кеткендей әсерде боласыз. Бесіктегі жылаған жас балаға ойыншық берудің орнына қолына телефон ұстатсаң, бір сәтте жылағанын тыя қояды. Таңғалмасқа болмайды. Ойыншықпен ойнайтын бала бұл күндері жоқтың қасы, барлығы телефонға жабысып, айналасында не болып жатқанына еш көңіл бөлмейді. Таңның атысы, кештің батысы айналасында болып жатқан құбылыс, тіршілік тынысы оларды еш қызықтырмайды. Есіл-дерттері қолындағы телефонда... Жас та, кәрі де телефонды құлаққа тосып, бір-бірімен күндіз-түні сөйлесумен болады. Бұрын ұялы телефон дегенді тек қана қалталы азаматтардың қолынан көретін болсақ, осы күні кішкентай балалардың да ермегіне айналған. Оны айтасыз, алыстағы ауылдарыңыздың өзінде соткасыз» үй жоқ, тіпті кең жайлауда қой бағып жүрген жан да телефон арқылы хабар-мәлімет алып отырады. Ұялы телефон біреумен кезігерде оңай тауып алуға, бір нәрсе жайында сұрай салуға, алыстағы ағайынның жағдайын біліп тұруға таптырмайтын құрал болғаны қашан?! Кішкентайлардың көпшілігіне қалта телефоны тек ойын ойнауға, әуен тыңдауға, бейнеклип көруге, ғаламторға кіруге, тағы басқа қажеттіліктер үшін керек. Ал көп ата-ана баласының қай жерлерде жүргенін біліп отыру үшін телефон алып береді. Бір жағынан, бұл да дұрыс нәрсе. Адамдар телефонмен тек сөйлесіп қана қоймайды, ондағы күнтізбесін, оятқышын (будильник), еске салғышын (заметка), сағатын, ақша аудару және тағы басқа тетіктерін пайдаланады. Айта берсек, алақандай ғана телефонның мүмкіндіктері көп. Ұялы телефонның шығу тарихына аздап көз жүгіртіп көрелік. 1875 жылдың 2 маусымында Бостон университетінің шетелдік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің дауысын естиді. Өнертапқыштың бұл жаңалығы тарих бетінде «телефон» деген атпен қалды. Бір қызығы, өнертапқыштың есімі ағылшын тілінен аударғанда «қоңырау» деген мағына береді. Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық институтының түлегі Мартин Купердің өнертапқыштық бұл жаңалығын қазір әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихы 1973 жылдың 3 сәуірінен басталады. Ұялы байланыс компаниясының қызметкері Мартин Купердің зерттеулер бөлімінің басшысы Белл Лабзға Нью-Йорк көшелерінде серуендеп жүріп соққан қоңырауы ұялы телефонмен алғашқы байланыс орнату саналады. Купердің өзі таратқыштан сигнал жіберу хаттамасының негізгі құрастырушысы еді. Ал ол қолданған телефонның салмағы, яғни ең алғашқы ұялы телефон 1,15 килограмм тартатын. Сол уақыттары Нью-Йорк әлемдегі ұялы байланыстың базалық стансалары орнатылған әлемдегі жалғыз нүкте болды, төрт жылдан соң Чикагода 2000 абоненттік тәжірибелік ұялы желі құрылды. Ал 1979 жылы бұл өнертапқыштық жаңалыққа Күншығыс елі зор қызығушылық білдіріп, 88 базалық стансадан тұратын алғашқы ұялы байланыстың қызметін бастады. Қазір әлемде ұялы телефондардың қолданыс аясы өзінің байланыс орнату шегінен асып кетті. Телефондар өмірдің барлық саласында қолданылуда. Ұялы телефон қазіргі заманда адамның ажырамас көмекшісіне айналды. Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам ағзасына тигізер кері әсері туралы жиі айтады. Алайда құлақ түріп, елеп жатқан ешкім жоқ. Қайта заман ағымына сай ұялы телефонның түр-түрі жұрттың назарын баурап жүр. Әсіресе түрлі ойындары мен ғаламторға шығу мүмкіндігі бар телефондар жас ұрпақтың сүйікті «ойыншығына» айналды. Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның әлегінен ісік дертіне шалдығушылардың саны арта түсетінін айтып, дабыл қағуда. 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефондардың жеткіншектердің денсаулығына зиянды екенін мәлімдеді. Ғалымдардың пайымдауынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Ұялы телефондардың электромагниттік сәулелердің негізгі тетігі екені айтпаса да түсінікті. Бұл жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер ететін сәулелер. Шведтік ғалымдардың мәлімдеуінше, 10-11 жастан бері ұялы телефонды тұрақты пайдаланатын жандардың ми ісігіне тап болуы әбден мүмкін. Себебі электромагниттік сәулелер ойлау қабілетін реттейтін мидың жүйке орталығына енеді. Мамандардың пайымдауынша, эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің де асқынуының негізгі себепкері де сымсыз телефон. Әлем ғалымдары ұялы телефонның адам өміріне қауіптілігін жан-жақты зерделеуде. Тіпті кей мемлекеттерде мектеп жасындағы балаға ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Испаниялық ғалымдар 11-13 жас шамасындағы бала телефон арқылы екі минут сөйлескеннен соң мидың биоэлектрлік белсенділігі 2 сағат бойы қалпына келтірілетіндігін дәлелдеген. Ұлыбританияның бірқатар қаласында зерттеу жүргізген ғалымдар да дәл осындай пайымға келіпті. Ал Ресейдің Гигиена ғылыми-зерттеу институтының жүргізген зерттеулері 5-10 жыл бойы сымсыз телефонды пайдаланған 20-29 жас шамасындағы азаматтың ми ісігіне тап болу қаупі ұлғая түсетінін көрсетіпті. Бұл – жеткіншектер ұялы телефонды неғұрлым ерте пайдаланса, соғұрлым дертке шалдығу қаупі де арта түсетінін меңзесе керек. Дегенмен ғалымдардың мұндай пікірімен келіспейтіндер де бар. Ұялы телефонның адам ағзасына осыншалықты әсер ететіндігі әлі толықтай дәлелденген жоқ. Әлемнің әр түкпірінде сан қилы зерттеулер жүргізілсе де бұл жанама пікірді елемейтіндер бар. Олардың айтуынша, мұндай зерттеулер әлі толық дәлелденбеген. «Сол себепті де сымсыз телефонның қауіптілігін айтып, дабыл қағу орынсыз. Мұның бәрі кішігірім зерттеулер ғана», дейді базбіреулер. Ұялы телефон радиация тарататыны үшін өте зиянды. Бір сәттік үшін зияны аңғарылмауы мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт қолданылғанда зияны өте көп. Ми, көз, құлақ, кеуде, жүрек және басқа да мүшелерде дегенерация пайда болады. АҚШ дәрігері Девра Давис былай деген: «Ұялы телефонмен сөйлескен кезде ми жасушаларының бір бөлігі өле бастайды...». Жас балаларға және егде жастағы кісілерге өте зиянды. Ұялы телефонның қосылып тұрғандағы сәулелендіру деңгейі есту, көру қабілетіне, мидың кейбір бөліктеріне кері әсерін тигізеді. Ғалымдар зерттеп, қызықты қорытынды жасады: 10 жылдан астам уақыт ұялы телефонды үзбей пайдаланған адамның миына зиянды заттарды енгізбейтін сүзгіштің қабырғалары бітеледі. Болашақта адамды мидың қатерлі ісігіне шалдықтыруы мүмкін Шетелдік ғалымдар телефонды көп қолдану адамды Альцгеймер және Паркинсон ауруына шалдықтырады деген тұжырымға келді. Шетелдік ғалымдар сәуленің әсері кейінгі ұрпаққа беріледі деген. 1 ай бойы түрлі телефон арқылы атжалмандарды сәулелендіру тәжірибесін жасады. Екі аптадан соң олардың иммундық жүйесі өзгерді. Сәулеленген атжалмандар қанын басқа атжалман тышқандарға екті. Кейін олар өліп қалды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының басшылығымен «Interphone» деген атаумен зерттеу жүргізілген. 2000-2004 жылдары 13 елде жүзеге асқан зерттеуге 12 800 адам тартылған. Ұялы телефон пайдалану мен ми ісігі арасында өсу көрсеткіші 8 жағдайдың алтауында анықталса, 1 зерттеу бойынша ми ісігінің бірі – глиома 39 пайызға өскен. Күніне 4 реттен артық пайдалану­шылардың бас ауруы 3,6 есе көбейген, қан қысымы жоғарылаған. 1 сағаттан артық күніне 2 реттен артық сөйлесушілерде ми рагына шалдығушылар артқан. Ұлыбритания, Жапония елдерінде жасөспірімдердің ойлау қабілетінің төмендеуі, тұйықталуы, ашуланшықтығы жиі кездесіп, ұялы телефонды 16 жастан бастап ұстауға рұқсат етілген. Алайда асыра пайдалануға болмайды. Жалпы ұялы телефонға қызығушы топ – балалар мен жастар екен. Тұтынушы назары үшін барын салатын ұялы байланыс операторлары балаларды баурау үшін түрлі ойындарды, жаңа қызметтерді ұсынады. 2001 жылы Еуропарламенттің ғылыми зерттеулер басқармасы кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ұялы телефонды пайдалануға тыйым салған. Содан бері Еуропа мемлекеттері мектеп қабырғасында оқушыларға телефон пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Мәселен, Ұлыбританияда сымсыз телефонды сату барысында оның қауіптілігі жөнінде ақпараттандыратын парақшалар қатар ұсынылуы керек десе, Францияда ата-аналарға балалары қанша уақыт телефонмен сөйлесетінін қадағалау міндеттелді. Адам ағзасына радиацияның әсер етуін зерттейтін бір топ ғалымдар ұялы телефондардың қорапшаларына «Денсаулық сақтау ұйымы ескертеді» деген ескертпе жазуларды енгізу керек деген ұсыныс білдірді. Еуропа елдерінен үлгі алса керек, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2009 жылы мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салған. Дегенмен қанша тыйым салынса да сымсыз телефонның негізгі тұтынушысы балалар мен жастар болып қала бермек. Зерттеушілер ұялы телефон балалардың есте сақтау қабілетін нашарлатады, танымдық қабілетін төмендетеді, олардың бойын сүлесоқтық пен бойкүйездік билейді деген пікір айтады. Балалардың көбісі ашушаң, шаршауық болады екен. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың жүйкесі жұқарып, депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Жасыратыны жоқ, қазір мектеп жасындағы балалар мен студенттер ұялы телефонсыз сабаққа кірмейді. Біздің елде мектепте сымсыз телефонға тыйым салып, тежеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті мұғалімдер ұялы телефон оқушылардың сабаққа деген ынтасын да әлсірететінін айтады. Қазір газет-кітап оқымай, барлық мәліметтерді қалта телефонынан алатын, тек соның көмегіне жүгінетін балалардың сөйлеу қабілеті төмендеп, тілдері шорқақ болып бара жатқанын байқауға болады. Байқасаңыз, олардың кейбіреуі өз бетінше ойын жеткізе алмай қиналады. Расында, ұялы телефон адамдар арасын алыстатып, өзіне тәуелді етіп алды. Балалардың бұрынғыдай аулаларда желмен жарысып доп қуып жүргенін, ойын қызығына түскенін сирек көресіз. Басым көпшілігі сымсыз телефонға, интернетке тәуелді, тіпті «тұтқыны» болып қалған. Сол себептен жас балалардың физикалық дамуы едәуір тежеліп, олардың бойын әлсіздік, нәзіктік, боркеміктік жайлап бара жатқаны көпшілікті алаңдатады. Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын тәжірибені отандық мектеп қабырғаларына да енгізу керек деген пікір жиі айтылып жүр. Бір жағынан, бұл ұрпақ денсаулығына алаңдаушылық болса, екіншіден, мектеп жасындағы балалардың арасындағы бәсекені де бәсеңдететіні анық. Психологтар ұялы телефон балалардың санасы мен дамуына кері әсер ететінін айтады. «Телефонның түрлі дерттің пайда болуына себепкер болуымен қатар, баланың санасына да кәдімгідей әсер етеді. Қазір балалар арасында телефонын көрсетіп мақтану, әдемісін ұстап жарысу дағдыға айналып отыр. Баланың ойы сабақта емес, қолындағы телефонда болады ғой. Сол себепті мектепте оқушылар мен жеткіншектерге ұялы телефон пайдалануға тыйым салу орынды деп есептеймін», дейді қазіргі психологтар. Онысы да шындыққа жатады. Мысалы, медициналық колледждің студенттеріне «мынадай тақырыпты оқып, танысып, ертеңгі сабаққа дайындалып келіңдер» деп қанша айтсаң да олардың қолынан оқу кітабын, конспект жазылған дәптерді көрмейсіз. Қолдарында соңғы үлгідегі қымбат 500-700 мың теңгелік «IPhone», «Galaxy» смартфондары. Қандай сұрақ берсеңіз де жауабын содан іздей бастайды. Кітаптың бетін ашпайтын, конспект жазбайтын жастарды көріп күйінесің. Өкініштісі сол, телефоннан алған жеңіл-желпі білімі оған ертең өмірлік азық болмайтынын олар тіптен білгісі келмейді. Британдық әлеуметтанушы Энтони Гидденс: «Біздің қоғам нашақорлар мен маскүнемдерден қашады. Оларды ұнатпайды. Болашақта ұялы телефонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезіне алған жоқ», десе, «Apple» корпорациясының негізін қалаушы Стив Джобс отбасы мүшелеріне үй ішінде ұялы телефон қолдануға тыйым салып, бос уақыттарын кітап оқуға жұмсайтын қатаң үрдіс қалыптастырғанын мәлімдеген. Көршілес қытай елі ұялы телефонның зиянын бұқараға ескерту үшін Хэйхэ қаласының орталығына «смартфон ұстаған үлкеннен кітап құмар бала артық» деген ойды ишара етіп үлкен ескерткіш орнатыпты. Ұялы телефон – радиожелі арқылы байланыс жасауға арналған таптырмас байланыс құралы. Егер ұялы телефонды өз ережесіне сай қолданса, денсаулыққа айтарлықтай зияны жоқ, бірақ ол ережелерді сақтамаудың кесірінен көптеген аурулардың туындауы әбден мүмкін. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп халқымыз айтқандай, ұялы телефонды сақтықпен қолдансақ, балаларды оның зиянды әсерінен қорғай білсек, еш артық болмас еді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар