Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?

Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?
ашық дереккөз
Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?
Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі мұқияттылық пен дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Сол себепті қаржы тұрғысынан сауатты болу өмірімізге оң әсерін тигізбей қоймайды. Бұл мақалада ақшаны ақылмен басқаруды, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін қаржылық сауаттың негіздерімен бөліскіміз келеді. Ең бірінші ереже – ақшаны тапқаныңыздан азырақ жұмсаңыз. Бұл –біздің өміріміздің қарапайым математикасы. Шығыс кірістен көп болса, минусқа кетесіз. Керісінше, кірісіңіз шығысыңыздан мол болса, онда оң нәтижеге қол жеткізесіз. Дүкен сөрелерінен көрген затыңызды алмас бұрын, ойланыңыз. «Бұл расымен сізге керек пе?», «Оның қандай пайдасы бар?» деген сұрақтарға жауап беріңіз. Егер сұрақтарға оң жауап алсаңыз, онда затты алуға болады. Егер заттың керегі болмаса және адамдық қажеттілігіңізді өтеу үшін ғана керек болса, ақшаңызды үнемдеуге кеңес береміз. Өз қалауыңызды да шектей білу де қаржылық еркіндікке қол жеткізудің бір амалы. Сондай-ақ ай сайын кірістің кем дегенде 10 пайызын кейінге қалдыру ережесін сақтаңыз. Ал қалған 90 пайызы өмір сүруіңізге әбден жеткілікті. Екіншіден, жеке және отбасылық бюджетті жүргізу керек. Яғни, кіріс пен шығысты бақылап отыру үшін бюджеттік бір файл жүргізіңіз. Ол үшін кез келген компьютерлік немесе ұялы телефоныңызға орнатылған бағдарламаларды қолдануға болады. Мысалы: Word, Excel, NoteBook және тағы басқалары. Файлды дұрыс жүргізу үшін кіріс пен шығысқа арналған кестелерді құру керек. Кіріс бөліміне жұмыстан алатын айлығыңызды, қосымша табыс көзі секілді пунктерді жазасыз. Ал шығыс бөліміне ай сайын тұрақты түрде ақшалар тізімін жазу керек. Мәселен, жалдамалы үйдің ақысы, коммуналдық төлемдер, азық-түлік, киім, қыдыру. Осы екі кестені толтырып, қарап отыру арқылы ақшаны анағұрлым үнемдеуге мүмкіндік туады. Себебі әр жазған сайын санаңызда белгілі бір жүйе қалыптасып, ақша жұмсар алдында ойланатын боласыз. Одан бөлек күнделікті 1 күнде жаратқан ақшаңызды да дәптерге тізіп жазып қойыңыз. Тіпті кішігірім зат алғаныңыз жөнінде де жазған жөн. Бұл сіздің 1 айда қанша ақша жұмсағаныңызды білуге көмектеседі. Үшіншіден, қаржылық мақсат қойыңыз. Әрбір адамның өзінің алға қойған мақсаты, арманы бар. Сіз де қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін мақсат қоюыңыз маңызды. Ол «ақша маған не үшін қажет?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Айталық, ақша тек бір мақсатта ғана жұмсалмайды. Түрлі қажеттіліктер бар, баланың оқуы, күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек, көлік немесе үй алу және тағы басқалары. Сондықтан ақша сізге не үшін қажет екенін тізбектеп жазып шығу керек. Кейін сол мақсаттарыңызды қанағаттандыру жолында нақты қадамдар жасаңыз: ақша жинау, депозитке салу. Ақша жинауда белгілі бір мақсат болмаса, өнімді қаражаттың басы құралмайды. Және әлеуметтік желіде танымал қаржылық коуч Роза Әшірбаева оқырмандарына табысты арттыруды да мақсатқа айналдыру керек екенін жиі айтады. Бірақ айды аспанға бірден шығарудың қажеті жоқ. Ойға қонымды соманы, бір жылда сол табысқа шыға аламын деген соманы ғана мақсат ету керек дейді маман. Мәселен, сіздің айлық табысыңыз 150 мың теңгені құрайды делік. Яғни сіз бұл соманы 3 есеге ғана арттыруыңыз керек. Демек 1 жылда миллион табысқа шығамын деген ойдан арылып, шындыққа тура қарап, 450 мың теңгеге жетемін деген реалды мақсат қойылуы керек. Сондай-ақ қазірден бастап балаларыңызға жеке шот ашып, ай сайын ақша салып отыруға болады. Егер тұрақты түрде жалғастырсаңыз, олардың болашағына зор инвестиция құя аласыз. Төртіншіден, сауданы саналы түрде жасаңыз. Бұл кеңесті жоғарыда да атап кеттік. Сатып алу туралы шешім қабылдаған кезде негізгі бағаға кірмейтін жасырын шығындарды да ескеру керек. Айталық, автокөлік сатып алу дегеніміз – бензинге, қосалқы бөлшектерге, сақтандыруға, техникалық қызмет көрсетуге және тағы да басқа шығындарды білдіреді. Сондықтан осы факторды ескеріңіз және әрқашан техникалық қызмет көрсету бюджетін жоспарлаңыз. Бесіншіден, қаржы резервтерін қалыптастырыңыз. Бұл қоғамда «қаржы жастығы» жиналған жинақ деген түсінікпен кеңінен танылған. Кез келген мемлекеттің немесе жеке кәсіпорынның бюджет құрылымында резервтік қорлары болады. Біз өмір сүріп жатқан нарықтық заманда күн сайын түрлі өзгерістер болып жатады. Экономикалық дағдарыс, жұмыстағы қысқарту, сырқаттану, тағысын-тағы – сіздің әмияныңызды бірден жұқартуы мүмкін. Финансисттердің пікірінше, минималды қаржы жастығы сізді 12 ай бойы қаржымен қамтамасыз ете алу керек екен. Ал қаржыны жинау үшін табысыңыздың 10-30 пайызын қалдыру керексіз. Ақшаның неғұрлым көп болғаны өзіңізге де тиімді. Алтыншыдан, шығындарыңызды бақылау қажет. Таныстарымыз базарға барып едім, ақшамның қайда кеткенін білмей қалдым деп ұдайы айтады. Бұл ойланарлық дүние. Сіз де табысыңыздың қайда жұмсалғанын білмесеңіз, онда бір ай бойы шығындарыңызды бақылауға кеңес береміз. Бұл ақшаңызды үнемдеуге септігін тигізеді. Жетіншіден, пассивті табыс көздерін іздеңіз. Ақымақ адам ақша үшін жұмыс істейді, ал ақылды адамға ақша жұмыс істейді. Пассивті кіріс ережесін осылай сипаттауға болады. Егер сіз ақша жинап, белгілі бір капитал құрай алсаңыз, келесі маңызды қадам – қаржылық еркіндікке ұмтылу керек. Бұл дегеніміз – сіздің қатысуыңызсыз ақша әкелетін кез келген нәрсе: бизнес, бағалы қағаздар, депозит. Ия, үнемі қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Ол үшін пайдалы кітаптарды оқып, қаржы әлемін зерттеген жөн. Ережелерді сақтасаңыз, жеке қаражатыңыз молаятын болады.

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар