Қара жол қателікті кешірмейді
Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жүргізушілер мен жолда жүру ережесін сақтай бермейтін жаяу жүргіншілердің кесірінен елімізде жол-көлік апаты жиі болып жатады. Екі күннің бірінде жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талайдың тағдыры үзілді. Өмір бойына жарымжан болып қалғандары қаншама?
Жол апатының құрбанына айналғандар
«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Соңғы уақыттардағы жан түршігерлік осы жайттарды қарап отырып атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналған ба дейсің? «Пәлен жерде мынадай апат болыпты», «мұнша адам көз жұмыпты» деген сөздерге әбден етіміз үйреніп бара жатқандай. Оның үстіне қазір әлеуметтік желіде, сайттарда жан түршігерлік жол-көлік апаттары туралы хабарды жиі оқимыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін жаз мезгілінде болған жол апаттарына тоқталып өтейік. 2022 жылы 15 маусым күні сағат таңғы 04.00 шамасында облыстық жедел медициналық жәрдем стансасына 103 желісі арқылы «Алматы-Шымкент» тас жолының бойында Күйік асуына жетпей 15 автокөліктің (жүк көлігі, жолаушылар автобусы және жеңіл автокөліктер) қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы күллі қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Қанды апаттан 12 адам зардап шекті. Оның екеуі Жуалы аудандық ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Қалған 10 адам Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жедел медициналық жәрдем бригадаларымен жеткізілді. Зардап шеккендердің ішінен 5 науқас ауруханаға жатқызылды. 4 науқас – реанимация бөлімшесіне, 1 науқас – травматология бөлімшесіне, 5 науқас амбулаторлық ем қабылдауға үйлеріне жіберілді. Ең өкініштісі оқиға орнында бір адам көз жұмды. 16 шілде күні тағы да қайғылы жағдай тіркелді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында қалааралық автобустың жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен соқтығысып, одан кейін жол жиегіне шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен 3 жолаушы қаза тауып, тағы 3 адам ауруханаға жатқызылды. Былтыр да көлігімен аялдамада тұрған екі кісіні қағып өткен жүргізуші, қоғамдық көлікпен егде жастағы әйел кісіні сүйреп өткен автобус жүргізушілері тұрғындардың жүрегіне үлкен үрей қалдырғандығы шындық. Ақиқатына көз жеткізбей жатып сөге жамандаудан аулақпыз. Алайда жүргізушілер жол үстінде аса қырағы болғаны жөн. Олардың бір артық әрекеті орны толмас өкінішке әкеліп соқтырарын ұмытпаса дейміз.Департамент мамандары не дейді?
Облыстық полиция департаменті берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында облыс аумағында 700-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Апат салдарынан 128 адам қаза тауып, 1 100-ден астам адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының өсуі Шу қаласы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарында байқалады. Көптеген жағдайларда жол апаттарының себебі адам факторы болып табылады. Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының барлық жағдайларының 99 пайызы жүргізушілердің кінәсінен, жылдамдықты арттырудан, жол қиылыстарынан дұрыс өтпеуінің салдарынан, қашықтықты сақтамаудан, қарсы жолаққа шығудан және көлікті мас күйде жүргізгеннен болады. Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аумақты тәулік бойы қадағалайды (патрульдейді), көлік құралдарының жүргізушілері үшін, сондай-ақ жаяу жүргіншілермен жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолдардағы қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тәртіп сақшыларының көмегімен бүгінгі күнге дейін көлік құралын масаң күйде басқарған 396 жүргізуші анықталыпты. Аталған жүргізушілер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жауапкершілікке тартылған. Ал жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін 112 азамат 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан шектелген. Бұдан бөлек, 16 жүргізуші көлікті мас күйінде қайта басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Алты ай ішінде облыстық полиция департаментіне қарасты қалалық басқарманың қабылдау-тарату орнына 255 адам түскен. Оның ішінде, 47 жүргізуші мас күйінде темір тұлпар тізгіндеген. Олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес, 15 тәулікке қамауға алынған. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ербол Тайбековтің айтуынша, жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша 13 жедел-профилактикалық іс-шара және 24 жергілікті іс-шара ұйымдастырылып, өткізіліп, еңбек ұжымдарында және оқу орындарында 1700-ден астам дәріс оқылған және әңгімелесулер жүргізіліпті. – Негізі жол-көлік апаттары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіпке бағынбағанынан жиілейді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Тараз қаласы және қала сыртындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қызмет ететін полиция жасақтарының кестесі қайта қаралып, бүгінде батальон басшы құрамдарының есебінен автопатрульдердің саны көбейді. Жыл басынан бері тексеріс барысында шетелдерде есепте тұрған жалған куәлігі бар 22 көлік анықталды. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, көліктер айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында транзиттік көлік жүргізушілерінің көбейгені де әсер етеді. Облыстағы республикалық автожолдарда тәулігіне екі бағытта 43 мыңға жуық автокөлік өтуде. Оның ішінде жеңіл автокөліктер саны 36 мыңға жуық және 7 мыңнан астамы ауыр жүк көліктері. Былтырғы жылмен салыстырғанда транзиттік көлік саны 34 мыңға көбейген. Биыл полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың автомобиль жолдарына 1083 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде жол қозғалысына кері әсер ететін 8336 кемшілік анықталды, – деді Ербол Тұяқұлы. Айта кетейік, заңға сәйкес мас күйде көлік айдап, апатқа себепші болғандар арнайы қабылдау орнына қамалса, адам өліміне кінәлілер абақтыға жабылады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабына сәйкес, 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өңірлік Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/5 (қоныс колониясы) мекемесінде бүгінде бас-аяғы 218 сотталған азамат жазасын өтеуде. Темір торға тоғытылғандардың ішінде 87 адам жол-көлік оқиғасына байланысты кінәлі деп танылған.Ата-аналар балаларының өміріне алаң
Жаз мезгілі бел ортасынан асып келеді. Санаулы уақыттардан соң балалар мектепке барады. Оқушылар таңғы 8:30-дан кешкі 18:00-ге дейінгі уақытын мектепте өткізеді. Мәселе тағы да сол – қауіпсіздікте. Мектептеріне келіп-кететін оқушылардың көбі жолдың үстімен өтеді. Баланың аты бала. Қайтар жолда бірін-бірі қуып асыр салып ойнайтындары тағы бар. Жол бойында жүйткіген көлік көп. Асфальт бойында жаяу жүргіншілер жолағы, жол бойында бейнебақылау жүйесі орнатылып, қауіпсіздік талаптары сақталғанын жоққа шығара алмаймыз. Сонда да жазым аяқастынан болады. Жиілеп бара жатқан жантүршігерлік жол апаттары перзентім деп бәйек болған ата-аналардың қорқынышты түсіне айналған. Көпбалалы ана Гүлнұр Мейрамбекқызы соңғы уақытта көбейіп кеткен жол апаты оқиғаларына алаңдайтынын айтады. – Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, күнде жол апаты тіркелгенін көреміз. Соңғы екі жылда тіпті көбейіп кетті. Оның ішінде жапа шеккен балалар да бар. Бала болған соң достарымен бірлесіп, қыдырғысы келеді. Сауда орталықтарын аралап, демалыс орындарына барады. Жоғары сыныпқа көшкен ұлдарымды қинап ұстап отыра алмаймын ғой. Үйге аман-есен оралғанша уайымдап отыратынымыз рас. Қазір көшеде ағылған көлік көп. Барлық жүргізуші асығып тұрады. Тіпті бағдаршамның қызыл түсін елемейтіндер де бар. Жасыл түс жанғанда бірден өтпей, барлық көліктің тоқтағанын күтіп тұрамыз. Біреуі бағынса, енді бірі қызылға тоқтамай өтіп кетеді. Мұндай фактілерді көп көреміз. Бірақ жаяу жүргіншілердің тарапынан орын алатын тәртіпсіздікті де жасыруға болмайды. Жолдың арғы бетіне жүгіріп өтетін ересектер де, жастар да бар. Бұл ретте көлік жүргізушілеріне жылдамдықты асырмай, ақырын жүруге кеңес берер едім. Осы арқылы өзін де, өзгені де жазадан сақтап қалады, – дейді ана. Көпбалалы ананың сөзінің жаны бар. Қазір тіпті жаяу жүргіншілер жолы, не бағдаршам болмаса жолдан өтудің өзі мұң. Темір тұлпарды тізгіндегендер кісіні қағып кетердей жүйткіп өтеді. Қайда асығады екен? Кейде, шынында тұрғындар да рұқсат етілмеген жерден өтеді. Мақаланың соңын мына бір статистикамен түйіндесек. Әлемде Ұлыбритания жолда қаза болғандардың саны бойынша ең төменгі орынды алады екен. Бұл елде көлік рөлінде отырып тамақ ішуге, темекі шегуге де болмайды. Ал АҚШ-та ұялы телефон ұстап, техниканы тізгіндеуге тыйым салынған. Бір таңғаларлығы, тұрғындары осы ережеге бағынады. Бәлкім біздің елге де жол жүру ережесіне қатысты бірқатар қатаң шаралар қабылдау қажет болар. Әйтпесе қанша жерден атой салып мақала жазсаң да, жаңалықтардан айтсаң да, жүргізушіге қандай ауыр жаза қолдансаң да өлгендер қайтып келмейді...Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала