ХҚКО жұмысынан жүйе кеткені ме?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру ісінің баяу жүріп жатқанын айтып, сынға алған еді. Халыққа мемлекеттік қызметтерді оңтайлы көрсету үшін «бір терезе» қағидасымен құрылған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы ұзын-сонар кезек аталмыш істің баяу жүріп жатқанының бір дәлелі секілді. Әсіресе Тараз қаласындағы қолбасшы Қойгелді көшесінің бойындағы бөлімшесінде қай кезде барсаң да кезегін күткен халықтың қарасы қалың. Тіпті арасында реніш білдіріп, басшысына шағымданып жатқандарды да кездестіресің.
Халыққа қызмет көрсету орталығында кезектің не себепті қалыңдығын, оны шешу жолы қашан қарастырылатынын сұрап, сұхбаттасу үшін бөлімше басшысына барғанымызда да жүздесуге қолымыз әрең жетті. Азанғы уақытта барғанымызда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның облыс бойынша филиалының Тараз қалалық ХҚКО-ның №1 бөлім басшысы Шалқар Елеместі қызмет алушылардың ішінен кездестірдік. «Кішкене күте тұрыңызшы» деп қалың көпшіліктің ішіне кіріп кеткеннен 1 сағат күтіп, жақын арада сұхбаттаса алмайтынымызды сезіп, қайтып кеттік. Кейін өзі хабарласып, түстен кейін сұхбаттасуға шақырды. Айтылған уақытта барғанымызда электр қуаты сөніп, орталықта жұмыс уақытша тоқтап, сұхбаттасуға мүмкіндік туды. Алайда қауырт жүріп жатқан жұмыстың тоқтағанына ашуланған тұрғындарды сабырға шақыру үшін тағы көпшіліктің ортасына еніп кетті. Бірнеше рет осылай әр ашуланған азаматты сабырға шақырып, жағдайды түсіндірумен, әупірімдеп сұхбаттасып үлгердік. Басшының айтуынша, кезекті шұбыртып отырған кінә өзімізден, яғни келуші азаматтардан екен.
– Азаматтардың көбі мемлекеттік қызмет түрлерін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмей-ақ электрондық үкімет – eGov арқылы алуға болатынын біле бермейді. Ол арқылы үйінде немесе жұмысында отырып-ақ талай қызметті алуына болады. Егер электрондық үкіметті пайдаланса, орталыққа келіп шаршамайды, жолақысына шығындалмайды, уақытын жоғалтпайды. Тіпті сол қызмет түрін ұялы телефонына жүктеп алып, мобильді қосымшасымен де алуына мүмкіндік бар. Әрине, оны тұрақты, тиімді пайдаланып жүргендер де бар. Алайда көп кісілер бұрынғы кеңестік кезеңнен қалыптасып қалған әдетпен орталыққа келіп, маманмен бетпе-бет отырып, алғанды қалайды. Әйтпесе біз өзіне-өзі қызмет көрсету, электрондық үкіметті ұялы телефонмен де қолдану әдістерін сайттарда, газет-журналдарда, телеарналарда жариялап та жүрміз. Әлеуметтік желілерде «Азаматтарға арналған үкімет» деген парақшамызда да толық ақпараттарды беріп, мемлекеттік қызмет түрлерінің қайсысын электронды алуға болады, ал қайсысын қағаз жүзінде алу керегін хабарлап отырамыз. Жалпы 600-ге жуық мемлекеттен көрсетілетін қызмет түрі бар. Солардың біразын eGov арқылы және біразын eGov mobile арқылы, тағы бір түрлерін орталыққа келіп алуға болады. Бірақ азаматтардың көпшілігі ескі тәсілше орталыққа жүгіне береді. Біз Заң бойынша келген азаматтарға қызмет көрсетуге міндеттіміз, сондықтан бәрін де осында қабылдаймыз.
Ал кезек күткендердің басым бөлігі көші-қон миграциясына, яғни жеке куәлік, паспорт алуға келгендер. Айталық, 16 жасқа толғандар жеке куәлікке тапсыруға, тағы біраз кісілер шетелге шығатын төлқұжат алуға келеді. Бұрын көршілес қырғыз еліне балаларды қосымша анықтамамен жүргізе беретін, қазір тек шетелге шығуға арналған төлқұжатпен ғана шыға алатын болды. Сондықтан балаларына төлқұжат алу үшін келетіндер де көп. Және олар тек өзі келмейді, бірнешеуі жиналып бірге келеді. Осының бәрі кезекті қалыңдатады. Ал төлқұжат алуға келушілер жаз айларында көбейеді. Осы мезгілде еңбек мигранттары да өте көп болады. Олардың барлығы осы жерге келіп, 1 айдан 3 айға дейін рұқсат алады. Және Түркіменстан азаматтары Тараз өңірлік университетіне оқуға түсуге көптеп келуде. Олар жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін бізге келіп, құжат тапсырады.
Төлқұжат жасау үдерісінің өзіне біраз уақыт кетеді. Құжаттарын рәсімдейді, суретке түсіреді, міне осының бәрі әр келушіні маманның қабылдауында біраз уақыт ұстайды. Негізі төлқұжат алушыға қызмет көрсету уақыты жарты сағат деп жазылған. Төлқұжат рәсімдеу бөлімінде көші-қон миграциясының 2 маманы, оған біз қосымша көмек ретінде 4 маманымызды қостық және 2 фотоға түсіруші қызмет көрсетеді.
Жалпы, Тараз қаласында 4 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Бірақ көптеген азаматтар осы қолбасшы Қойгелді көшесіндегі бөлімге келеді, –деген Шалқар Дарханұлы кезектің аса көп болатыны дүйсенбі күні дейді. Себебі барлық саудамен айналысатындар сол күні демалатындықтан, құжаттық жұмыстарын сол күнге жоспарлайтын көрінеді.
Алайда өзім жеке жұмыстарыммен сәрсенбі күні барғанымда төлқұжат рәсімдейтін бөлімге кіру үшін кезекті тура 2 сағат күткен едім. Ол қызметті электрондық үкіметпен де, eGov mobile арқылы да ала алмайсың. Яғни бөлім басшысы кезекті шұбыртатын азаматтардың өзінен дегенімен қабылдаушы мамандар тарапынан да кемшіліктің бары рас. Оған қоса, көбіне база ашылмай қалу, компьютер істемей қалу деген секілді техникалық ақаулар да орын алады. Осының бәрі де жұмысты қиындатып, кезек күтушілердің қатарын арттыруға сеп болатыны рас.
Ал Шалқар Дарханұлы келушілерден түскен шағымдарды күнделікті қарап, себеп-салдарын үздіксіз зерттеп отыратындарын айтты. Соған қарай жұмыстарындағы кемшіліктерді түзеп, күн сайын жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып келе жатқан көрінеді. Орталық мамандарымен де апта сайын халықпен әдепті сақтап сөйлесу, өз міндеттерін білу жағынан арнайы дәрістер өткізіліп тұрады екен.
Сөз соңында Шалқар Елемес:
– Егер азаматтар түсінбеген сұрағы болса, ғаламтордан «YouTube» арқылы да жауабын таба ала алады. Ізденген адамға қазір бәрінің де тиімді жолдары бар. Барлық азаматтарды өзін босқа шаршатпай, мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық жүйеде алуға шақырамын. Оны кез келген жерде жүріп қолындағы смартфонымен еш қиындықсыз алуға мүмкіндік бар. Төлқұжат алу да болашақта электрондық түрде жүзеге асуы мүмкін. Және қызметтердің қай түрі орталықтың қай жағында көрсетілетіні, талонды тіркеу орнында кезек күтіп, біздің маманға бармай-ақ QR-кодпен ұялы телефоны арқылы өзі алатын жолдарын көрсеткен жазбалар қабырғада үлкен етіп жазылған. Бірақ соны да көп азаматтар оқымайды. Ақпараттарға зер салып, ізденсе, жағдайды әлдеқайда жақсартуға болады, – деп жұмысты жеңілдетуге тек мамандар емес, қызмет алушылар да үлес қосуы керегін алға тартты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қалың жұртшылыққа қиындық туғызбай, жұмысты жақсартудың жолын табу. Бәлкім «көш жүре түзеледі» дегендей, бұл іс те ілгерілеген уақытпен бірге дамитын болар.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Келесі мақала