Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құтыру – аса қатерлі жұқпалы ауру

Құтыру –  аса қатерлі жұқпалы ауру
ашық дереккөз
Құтыру – аса қатерлі жұқпалы ауру
Құтыру індеті – жедел вирусты аурулардың ең қатерлісінің бірі. Сүтқоректілердің барлық түрлерінің табиғи ошақты ауруларына жатады. Құтыру ауруымен жылы қанды жануарлардың барлық түрлері, сондай-ақ адамдар да ауырады. Ауру орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілерінің көрінісімен және 100 пайыз өліммен сипатталады. Құтыру сирек кездесетін ауру болғанымен адам үшін абсолютті летальді инфекция. Дүниежүзінде құтырудан жыл сайын 50 мың адам және 1 миллион жануар өледі. Вирусты тасымалдаушыларға жыртқыш аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі және үй жануарлары жатады. Үй жануарлары инфекцияны ауырған жабайы аңдармен жанасу кезінде жұқтырады. Құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алғанда немесе терінің зақымданған жеріне олардың сілекейі түскен кезде вирус ағзаға жұғады. Вирус нерв талшықтарымен бас, жұлын миына жетіп, онда көбейіп, жинақталады. Кейбір жағдайларда ауру атипті түрде жүреді. Құтырудың мұндай түрін диагностикалау қиын. Ақыр соңында диагнозды кейде өлімнен кейінгі зерттеуден кейін ғана қоюға болады. Атипті құтырудың бірқатар жағдайында мүлдем құтыру деп диагноз қойылмауы мүмкін. Ал паралитикалық құтыру ауруының ұзақтығы әдетте ұзағырақ. Құтыру ауруының инкубациялық кезеңі 12 күннен 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Ұзақтығы тістелген орынға байланысты. Құтыру ауруының емі жоқ. Алайда алдын алуға болады. Құтырудың алдын алу мақсатында құтыру вирусымен ауыратын жануар сау адамды тістеп алғанда барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемелеріне медициналық көмекке қаралуы қажет. Ең бастысы, өз денсаулықтарыңыз өздеріңіздің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар! Құтырма ауруын болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын сақтаған жөн. Ит пен мысықты ұстау, ережесін сақтау және итті аулада байлаулы күйде ұстау, балаларды бөтен ит, мысықтарға жақындап ойнамауды түсіндіру керек, үйдегі ит, мысық және ауылшаруашылық малдарын құтырмаға қарсы екпеден өткізу, егер сіздің итіңізді бөтен жануарлар тістеп алған болса, оған жақындамауға және жануарларыңыздың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарлық дәрігерді шақырту қажет. Сондай-ақ үй жануары немесе жыртқыш аң тістеп немесе тырнап алса, жарақат орнын сабынды таза сумен жуып, жарақаттың айналасын йодтың спиртті ерітіндісімен залалсыздандырып, міндетті түрде антирабиялық екпе алыңыз. Әрбір адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі құтыруға қарсы екпе алу.

Талғатбек КӨПБОСЫНҰЛЫ, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар