Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Отандық кәсіпорындар суару жүйесін іске қосады

Отандық кәсіпорындар суару жүйесін іске қосады
ашық дереккөз
Отандық кәсіпорындар суару жүйесін іске қосады
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин суару мәселелері бойынша Павлодар облысында республикалық кеңес өткізді. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, түрлі өңірлер мен аудан әкімдіктерінің, қаржы институттарының, инвестициялық жобалардың басшылары, фермерлер мен отандық техника мен суару жүйелерін өндірушілер бас қосып, өз өңірлерінде тиімді суару жобаларын енгізу кезіндегі перспективаларды, мүмкіндіктер мен қиындықтарды талқылады. Серік Жұманғарин Павлодар облысында еліміздің басты су жолдарының бірі – Ертіс өзені өтетінін атап өтті. Облыстың жобаларды жүзеге асыруда және заманауи суару әдістерін енгізуде тәжірибесі мол. Қазіргі басты міндет – жеңілдетілген несие алатын ирригациялық жобаларды таңдау тәсілдерін зерделеу және анықтау. Бұдан бөлек Вице-премьер былтыр үлкен жоба аясында қолжетімді қаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау 65 тауарлы-сүт фермасын салуға бөлінгенін еске салды. Бұған Солтүстік Қазақстан облысының 100 тауарлы-сүт фермасын салудағы оң тәжірибесі мұрындық болыпты. «Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауылшаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, малшаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 миллиард теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде «Metzer Kazakhstan», «BNK Irrigation», «Samal commodities», «Келет» акционерлік қоғамдары сынды табысты кәсіпорындар бар», деп атап өтті Серік Жұманғарин. Суару әдiстерi – табиғи су айдындарынан су жеткiзу немесе жасанды су қорларын салу. Ауылшаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл Қазақстанда 1,58 миллион гектар суармалы жер игеріледі. Оның ішінде 1,1 миллион гектар немесе 74 пайызы жерүсті тәсілімен суарылады, 97,9 мың гектар – күріш алқаптарын суға бастыру, 227,3 мың гектар немесе 14,3 пайызына заманауи жаңбырлатып суару жабдықтары пайдаланылады, 97,9 мың гектар немесе 6,2 пайызы тамшылатып суарылады. «Кейінгі 5 жылда ел аумағында су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жерлердің ұлғаюы байқалады. 2019 жылдан бастап мұндай аумақ 33 пайызға ұлғайып, 210,6 мың гектардан 279,6 мың гектарға дейін жетті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 312,2 мың гектарға дейін жеткізілді», деді Аманғали Бердалин. Ал Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров атап өткендей, бүгінде ауылшаруашылығының суды тұтыну үлесі жалпы суды пайдаланудың 65 пайызын құрайды. Барлық су тұтынудың 97 пайызы немесе ел бойынша барлық суармалы алқаптың 78 пайызы немесе жалпы аумағы 1,4 миллион гектар суармалы жері бар елдің оңтүстігіндегі Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Суармалы егістік суды тиімді пайдаланудың төмен коэффициентімен сипатталады. Судың негізгі шығыны да осы салаларда орын алады. «2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 миллион гектар суармалы жердің 17 пайызына (312 мың гектар) ғана су үнемдеу технологиясы қолданылады, расында, бұл өте төменгі деңгей», деп атап өтті Су ресурстары және ирригация вице-министрі. Жиында отандық және шетелдік өндірушілер суару жүйелері мен жабдықтардың өндірістік мүмкіндіктері мен технологиясын таныстырды. Атап айтқанда, «Келет» акционерлік қоғамының вице-президенті Александр Пап сорғы стансаларын пайдалану тәжірибесіне тоқталды. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 45 суармалы жобада отандық өндірушінің сорғылары пайдаланылады. Жамбыл облысындағы қант қызылшасын өндіруші «Қызылша Ж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де отандық өнімді қолданады. Ал «BNK Irrigation» жаңбырлату машиналарын жасаумен айналысады. Зауыт Түркістан облысында орналасқан. Өндіріс орны жылына 1 000 машинаға дейін шығаратын қуаттылыққа ие. 2024 жылы тағы бір цехты іске қосу жоспарланған, онда мырыштау желісі салынады. Компания өкілі Ниязәлі Бейсенбаев атап өткендей, бұл суаруға қажеттінің барлығын өндіріп, суару жобаларын іске қосатын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Павлодар облысына сапары аясында Серік Жұманғаринге малшаруашылығы өнімдерін цифрлық қадағалау бойынша пилоттық жоба таныстырылды. Жоба аясында екі цифрлық процесс сынақтан өткізіледі: «мемлекеттік шекарадан – межелі пунктке дейін» және «туғаннан бастап – өнімге дейін». «Мемлекеттік шекара – межелі пункт» процесінің әрекет ету принципі: Шарбақты ветеринариялық бақылау бекетінде Алматыға баратын ет, сүт немесе басқа да малшаруашылығы өнімдері тексерістен өтеді. Мемлекеттік ветеринариялық инспектор ақпараттық жүйеге тексеріс бойынша мәліметтерді енгізіп, ветеринариялық сертификаттың заңдылығын растайтын QR-коды бар тексеру актілерін жасап, жүктің тексерістен өткені туралы аумақтық инспекцияларға хабарлама жібереді. «Туғаннан – өнімге дейін» процесі ветеринариялық-санитариялық сараптаманың барлық функционалын цифрландырады: малды союдан және сараптама жүргізуден бастап нарықта сатуға дейін. Ол сондай-ақ қажетті анықтамаларды беруді, сараптама жүргізуді және өткізу орындарында QR-код жасауды қамтиды. «Ветеринариялық тексеріс кезінде сынама алынса, зертханаға тиісті хабарлама жіберіледі. Сынама алынған жүгі бар көлік сараптама нәтижелерін күтпестен әрі қарай жүре береді, ол бірнеше күннен кейін келуі мүмкін. Зертханалық зерттеу нәтижесін QR-кодты сканерлеу арқылы сынама актісінен көруге болады. Сынамалардан нормадан ауытқулар табылса, әрі қарай өткізуге шектеу қойылады», деп түсіндірді Аманғали Бердалин. «Vet Monitoring» модулінде ұсынылған процестер ашықтықты қамтамасыз етеді, рәсімдер санын едәуір қысқартады, ветеринариялық тексеру мен сараптама жүргізбей, мал союдың алдын алады. Сондай-ақ мал басының толық әрі нақты есебін жүргізіп, оларды цифрлық бақылауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба биылғы 31 наурызға дейін жалғасады. Бүгінгі таңда Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінде бордақылау алаңдарына, сою пункттеріне, етті сақтау, өңдеу және малды, өнімдер мен шикізатты өткізу орындарына, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беретін мемлекеттік қызметтер қолжетімді.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар