Сот төрелігін жүзеге асыру: нәтиже қандай?
Елімізде жүзеге асырылып жатқан сот реформасының басты бағыттары – заңның әділ үстемдігін қамтамасыз ете отырып, халықтың сот төрелігіне сенімін арттыру, сот билігінің беделін көтеру. Сондай-ақ істерді сапалы қарайтын кәсіби білікті судьялар корпусын қалыптастыру, біркелкі болжамды сот тәжірибесін орнықтыру, сот актілерінің сапасын көтеру. Сот реформасындағы бұл басты бағыттардың тікелей іске асырылуы соттардың сот төрелігін сапалы атқаруына тікелей байланысты.
Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен жылы облыстағы бірінші сатыдағы соттар 17 929 істі өндіріспен аяқтады. Оның ішінде 10 018 іс шешім шығарумен қаралған, шешім қабылдауға қатысты 623 іске асқан. Апелляциялық тәртіппен 42 шешімнің күші жойылып, 69 шешім өзгертілген.
Ерекше атап айтар бір жайт, былтыр облыс соттары республика соттары арасында азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқаруда ең жоғары, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Облыс соттары бұрнағы жылдың қорытындысы бойынша да осындай көрсеткішке ие болған еді.
Қазіргі таңда соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу тәртіптеріне, сотта тараптарды татуластыру рәсімдеріне ерекше көңіл аударылды. Бітімгершілік рәсімдерін қолдану бойынша былтыр облыстағы соттар 11 048 медиабельді азаматтық істі қарады. Бұл істердің ішінен 5 378 азаматтық іс бойынша бітімгершілік рәсімдері қолданылды. Медиациямен 2 587, татуласумен 239, партисипативтік келісіммен 9 азаматтық іс қысқартылған.
Бітімгершілік рәсімдері ювенальдік сотта, Байзақ аудандық сотында, техникалық қызмет көрсету стансасында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, тиімділігін дәлелдеген.
Облысымызда билер кеңесі 2018 жылдың қыркүйек айында құрылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын. Қазіргі таңда аудандардың барлық ауылдық округтерінде билер кеңестері жұмыс істейді.
Медиация институтын дамыту, қоғамда келісім, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемділігін сақтау басты мақсат екенін халыққа түсіндіру жұмыстарын соттар әркез назарда ұстап келеді. Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі татуластыру жұмыстарын, яғни сотқа дейінгі хаттама рәсімдерін сапалы түрде жан-жақты жүргізіп, билердің, медиаторлардың көмегімен татуластыру билер кеңесінің негізгі бағыттары болып есептеледі.
Мұнымен қоса талап қоюмен арыздарды қайтару, істерді қараусыз қалдыру мәселелері бойынша өткен жылы облыс соттарына 24 342 арыз келіп түскен. Оның ішінде 6 181 арыз кері қайтарылса, 17 399 арыз қабылданған. Қабылданған арыздардың ішінде 501 іс бойынша өндіріске қабылдаудан бас тартылған. Арыздарды қайтару туралы 45 ұйғарым бұзылған, өндіріске қабылдаудан бас тарту туралы 6 ұйғарым бұзылған.
Сотқа келіп түскен талап қоюлар мен арыздар болмашы кемшіліктер үшін келген тарапқа қайтадан кері қайтарылмауы керек деп санаймыз. Сондықтан бүгінде жіберілген кемшіліктерді арызды қабылдау кезінде жоюға толық мүмкіндік болатын болса, судьялар талап қоюшыға түсіністікпен қарап, мұндай арыздарды қабылдап, істің заңмен көрсетілген мерзімінде қаралып, шешімін табуын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап соттарға талап қоюларды қабылдағанда өтініш бойынша Салық кодексінде көрсетілген негіздермен мемлекеттік бажды кейінге қалдырып, төлеу мүмкіндігі берілгеніне назарларыңызды аударғым келді.
Соттарда мемлекеттік баж салығын (белгілі бір көрсеткен қызметі үшін мемлекет органдардың азаматтардан, мекемелерден және ұйымдардан алатын алымдары) төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру тәртібі мен шарттары Салық кодексінің 51-2-бабында көрсетілген.
Соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру жеке тұлғаның мүліктік жағдайы немесе ірі кәсіпкерлік субъектісін қоспағанда, заңды тұлғаның қаржылық жағдайы негізге алына отырып, мемлекеттік баж төлеу мерзімінің өзгеруін білдіреді.
Соттар мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
Бұл ретте жеке немесе заңды тұлғаның мемлекеттік баж сомасын кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін ішінара және (немесе) мерзімінен бұрын төлеуге құқығы бар. Соттар мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін оның көшірмесін салық органдарына жібереді.
Сот актілерінің сауатты, грамматикалық және стилистикалық қатесіз, жоғары кәсіби деңгейде дайындалуы облыстық соттың әр кез назарында. Қазіргі кезде Жоғарғы Сот жергілікті сот судьяларының сот актілерін сапалы жазуларына, әсіресе мемлекеттік тілде жасалған сот актілерінің сапалы дайындалуына ерекше көңіл бөліп отыр. Сот шешімі Қазақстан Республикасының атынан шығарылғандықтан судья сот шешімдерін және басқа да сот актілерін жоғары кәсіби деңгейде ресімдеуге тиіс. Судья сот актілерінің мәтіндерін сауатты, жатық тілмен жазуға, олардың көлемінің артып кетпеуіне, нанымды, қисынды, жан-жақты дәлелді болуына мән беруге міндетті.
Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету үдесінен шығу жолында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 20 желтоқсандағы ҚР Заңымен Азаматтық процестік кодексіне (АПК) «эксаумақтық соттылық» ұғымы енгізілді. Соттылық дегеніміз – бірінші сатыдағы соттарда қаралуға жататын істерді құзыреттілігі бойынша соттар арасында бөлу, яғни азаматтық істі қарауға тиісті нақты сотты белгілеу. Өзінің келісімінсіз ешкімге ол үшін заңда көзделген соттылық өзгертілмейді. Азаматтық процестік кодекстің 32-бабы бойынша, тараптар өзара келісім бойынша іс үшін эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Тараптардың мұндай таңдауы – оларға өзара келісім бойынша істі сот талқылауына дайындау сатысында осы іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгерту, эксаумақтық соттылықты таңдау құқығын береді.
Соттың тараптардың орналасқан жерінен қашықтығы ешқандай қиындық туғызбайды, өйткені олар бейнеконференц байланыс арқылы онлайн режимде процеске қатыса алады. Өткен жылы эксаумақтық соттылық бойынша тек 1 азаматтық іс Жуалы аудандық сотының өндірісінен «Төрелік» автоматтық жүйесі арқылы Қарағанды облысының №2 Қарқаралы аудандық сотының қарауына жолданды. Судьялар істерді сот талқылауына дайындау сатысында және іс жүргізуінде тараптарға қаралып жатқан істер бойынша соттылықты өзара келісумен өзгерте алатындығы туралы түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізетін болады.
Сот актілерін жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша қарау мәселесі бойынша былтыр бірінші сатыдағы соттарға сот актілерін жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша қарау туралы 42 арыз түскен. Оның ішінде 18 арыз қайтарылған, 16 арыз қабылдаудан бас тартылған, 3 арыз қабылданған, 5 арыз қалдықта.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық (ювеналдық) сотының азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару барысы туралы да баяндап өтсем деймін. Мәселен, азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты Ювенальдік соттың қарауына жататын азаматтық істер біршама өскен. Судьялардың жүктемесі де айтарлықтай ұлғайып келе жатқаны байқалады. Өткен жылы бұл сотқа 1 829 талап арыз келіп түсті. Оның ішінде сот өндірісіне 1 568 арыз (85,7 пайыз) қабылданған. Былтыр шешім шығарумен 535 іс қаралған. Шешім шығарумен істер 2022 жылмен салыстырғанда 146 іске артқан. Аталған сотқа келген 2 шешімнің күші жойылған, өзгертілгені – 1.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот төрелігін атқару сапасына да тоқталуды жөн көрдім. Экономикалық сотта 10 018 іс шешім шығарумен қаралған, оның ішінде апелляциялық тәртіппен 6 шешімнің күші жойылып, 10 шешім өзгертілген. Жалпы күші жойылған және өзгертілген шешімдер 0,7 пайызды құрап отыр. Республикалық көрсеткіш –
2,6 пайыз. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотындағы бұл көрсеткіш республиканың экономикалық соттары арасында ең жоғарғы жақсы көрсеткіш болып саналады.
Жомарт РҮСТЕМБЕКОВ, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы
Келесі мақала
Мойынқұмда қылмыс азайған
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Жамбыл облысының прокуратурасы алиментті өндіру бойынша талаптарды күшейтті
- авторAR-AY
- 1 қараша, 2024