Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаршадайынан халықпен тығыз жұмыс істеген

Қаршадайынан  халықпен тығыз жұмыс істеген
ашық дереккөз
Қаршадайынан халықпен тығыз жұмыс істеген
Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін 13 жылдан бері абыроймен басқарып отырған Гүлмира Керімбаеваның еңбек жолындағы негізгі жұмысы қарапайым халықпен тікелей байланысты болды. 1966 жылы Шу ауданының Дружба совхозында дүниеге келген ол тұлымы желбіреп бойжетті. Қазіргі Төле би ауылындағы Ермұхан Бекмаханов атындағы (бұрынғы М.Горкий атындағы орта мектеп) орта мектепті 1983 жылы бітіріп, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне (ҚазМҰУ) оқуға түседі. Арада көп уақыт өтпей жатып анасы науқастанып, амалсыз сырттай оқу бөліміне ауысады. Сол кездері жастардың арман қаласына айналған Алматыдан туған жеріне оралып, жұмысқа тұрады. Осылайша ол еңбек жолын Шу қалалық тұтынушылар одағы есепшісінің көмекшісі болып бастайды. Бір жылдан кейін тағы да бір жыл Шу аудандық байланыс торабының телефонисі болып еңбек етеді. 1985 жылы аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болып жұмысқа орналасып, ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынаста еңбек етеді. Осы қызметте жүргенде қолына ҚазМУ-дың философия мамандығын игерді деген дипломын алып, 1990 жылға дейін Новотроицк (қазіргі Төле би) ауылдық кеңесінің хатшысы болып ауысады. 1994 жылы Төле би ауылдық әкімшілігіның орынбасары, 1998 жылы осы ауылдық округ әкімі аппаратының маманы, 2000 жылы округ әкімі аппаратының бас маманы, 2005 жылы округ әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, 2008-2011 жылдары ауылдық округ әкімі аппаратының бөлім жетекшісі болып қызмет атқарды. – Мен ауданда комсомол комитетінің нұсқаушысы болып та еңбек еттім. Сол кезде Қожақан Жабағиев Шу аудандық ЛКОЖ комитетінің бірінші хатшысы болатын. Мен сол кісінің тікелей қол астында қызмет атқардым. Бұл саяси мәні жоғары қызмет болғандықтан Қожақан Көкірекбайұлының ақыл-кеңесін, тәрбиесін көріп, тәжірибесін бойымызға сіңірдік. Комсомол қатарында жүріп еңбек ету сондай бір мазасыз, ең азапты жұмыс болатын. Сан мәрте түрлі іс-шарадан, жұмыс орнымнан кеш қайтқан кездерім болды. Десе де төзім мен шыдамның арқасында идеологияның не екенін, ұйымдастырушылық тәсілдердің қандай болатынын басымыздан өткердік. Кейін ауылдық округке жұмысқа тұрғанымда артынша еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Ол заман елімізді КСРО дәуірінде басталған қаржылық дағдарыс қыспаққа алған қиын кезең болатын. Мемлекетіміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бет бұрғанда халық бұған әлі дайын емес еді. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы өте төмен, қиындыққа душар болған тоқырау кезең әлі көз алдымда. Біз де айлап еңбекақымызды ала алмай жүрдік. Ғимаратымыз жылусыз, жарықсыз қалып, сүреңсіз күн кешіп жаттық. Сол кездері мен ауылдықтарға туу туралы куәлік, адамның қайтыс болғаны туралы анықтама секілді басқа да құжаттар берумен қатар, үй-үйді аралап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын тексеретінмін. Тұрғындардың қорасында малы, үйінде құнды дүниесі бар ма, жоқ па, соны анықтаумен айналыстық. Себебі ол уақытта жұртшылықтың барлығы бірдей жәрдемақы алу үшін өтініш тастайтын. Біз оның ішінде шын жағдайы жоқ адамдарды анықтаумен айналысып, әлеуметтік теңсіздікті жою үшін оларға жәрдемақы тағайындау жолында ауылдағы бүкіл үйді шарлап, үйге сілеміз қатып оралатынбыз. Кейін келе қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы біртіндеп түзеле бастады. Мен ауылдықтардың кезінде қалай қиналғанын, ауыл тұрмысының жағдайы қалай оңалғанын тұрғындармен бірге көріп, бастан өткердім. Бар жерден шығып, бірден басшылық қызметке келу бүгінде таңсық іс болмай қалды ғой, ал қиындық көріп, қызметте сатылап өскен адам кез келген істің парқын біледі деген ойдамын. Қожақан Жабағиев ауданға әкім болып келгенде «Сенің қалай жұмыс істейтінің маған белгілі. Ауылдық округте ұзақ жыл халықпен тығыз қарым-қатынаста еңбек еттің. Осы уақытқа дейін жұмысыңда кінәрат болмаған, артылған сенімге селкеу түсірмедің» деп, мені аудан орталығына қызметке шақырды. Осылайша 2011 жылы Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы болып тағайындалдым, – деді Гүлмира Амангелдіқызы. Кейіпкеріміз отбасында бір қыз тәрбиелеп өсіріпті. Ол мектепте озат оқушы болған, жоғары білімді игергеннен кейін Білім және ғылым министрлігінде, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы университетте мұғалім болып еңбек еткен екен. Қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысады. – Өзім жасымда орысша тәрбиеленіп, мектепті де орыс тілінде аяқтағанмын. Қызмет бабында да орыс тілі қолданыста жүрді. Әйтсе де қағанағымды жарып шыққан жалғыз қызыма қазақылық болмысқа сай тәрбие беруге тырыстым. Жалпы баланың санасының таяз болуы, тәрбеисі мен мәдениетінің төмендігі, келте ойлап, шолақ шешім шығаруы секілді керітартпа қылықтар балаға жасында берілген тәрбиенің осалдығынан болады. Жалпы ұлттық болмысты сақтау дегеніміз бірнеше ғасырға кері шегініп өмір сүру емес. Ол – қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын ұстану, тілге өгейлік жасамау, әрбір астарлы сөзі мен мақал-мәтеліне мән беру, содан өнеге алу. Осы ретте мүмкіндігінше перзентіме ұлттық болмысымызға сай тәрбие бере алдым деп ойлаймын. Одан бөлек осы еңбек жолымда білікті шәкірттер дайындап, олардың мемлекеттік қызметте мінсіз болуына мән бердім, болашақта қиналып қалмауы үшін тәжірибемді бөлістім, өз мамандығының шын иесі бола алатындай тәлім-тәрбие көрсеттім деп ойлаймын. Осы сенімім ақталса, олар да кезі келгенде мен туралы жылы пікір айта жатар. Өйткені өмір адамның бір-бірін сыйлауымен, қолдау көрсетіп, демеуімен құнды. Әр адам мемлекеттік қызметте ғана емес, қай кезде де адамгершілік, адалдық, еңбексүйгіштік қасиеттерге ие болуы керек, – деді Гүлмира Керімбаева. «Мемлекеттік қызмет сізге қандай артықшылық берді?» деген сауалымызға ол еңбек жолында білімді, ойы озық адамдармен қызметтес болғанын, олардың бойында бар жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысқанын, өз саласы халыққа барынша жақын болуға әсер еткенін сөз етті.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар