Өмірлік тәжірибесі – тірегі
Қазақтың ұлт болып қалыптасуы, ұрпақтың есті, тәрбиелі әрі қазақы қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі, ұлт болашағының бойынан ұлттық болмысымыздың көрініс табуы әйелдер қауымының арқасы екені анық. Бұл отбасылық тәрбиеде әйелдердің рөлі маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен қазақ қоғамында ақылы асқан, даналығы басым, қайсарлық қасиетке ие әйелдер елдік деңгейдегі істерге араласуда кемсітушілік көрмеген. Қазір де еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласып жүрген әйелдер жетерлік. Бұл қазақ елінде гендерлік теңдік ұғымы бүгін ғана пайда болмағанын айғақтайды. Біз қалам тербегелі отырған кейіпкерлер де бүгінде қызметте өз қарым-қабілетімен сатылап өскен, еңбекте абыройлы, маңайына сыйлы жандар.
1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген Әсем Әбдіразақова мектепте үлгілі оқушының бірі болған. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1980 жылдары еңбек жолын Комсомол комитетінің жолдамасы бойынша бастайды. Анығы, Сыр өңірінің «Жосалы механикалық зауытына» бақылаушы болып жұмысқа орналасады. 1984-1987 жылдары комсомол комитеті жанындағы есеп және қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады.
– 1991 жылы Талас ауданының Қаратау қаласына көшіп келіп, А.С.Пушкин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. 1999 жылы Карл Маркс атындағы орта мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып ауыстым. Ұрпаққа білім, тәрбие беру ісінде және оған дейінгі еңбек жолымда да алдымнан кілең жақсы адамдар кезікті. Олардың ішінде жақсы маман болып қалыптасуым үшін бағыт-бағдар берген, қанаттандырған жанашыр адамдар аз болмады, – дейді Әсем Ибрашқызы.
2008 жылдан бастап мектеп директоры қызметін атқара бастаған ол 2004 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 2013-2015 жылдары Талас ауданының іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы болды. 2013 жылы 12 қаңтарда болған табиғи апаттың салдарынан ауданда көптеген тұрғын жарық, газ, жылу, су және байланыссыз қалғаны есте. Сол жағдайға бейжай қарамаған кейіпкеріміз қалаға жіберілген әскерилерді, құтқарушыларды жатын орынмен және 500 қала тұрғынын ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Өзінің басқару қабілетінің арқасында аталған мектеп көп жетістіктерге жетті. 2018 жылы №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Муратованың мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты артында қалған кәмелетке толмаған ұлын өз қамқорлығына алуы кейіпкеріміздің кеңжүректілігін көрсетеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға әрдайым қол ұшын созып отыру – ол үшін адамгершілікке тән қалыпты міндет.
2018 жылы Карл Маркс атындағы орта мектеп «№1 мектеп-лицейі» мәртебесін алған болатын. Осы білім ошағында балаларға сапалы білім беру, оқушыларды саналы тәрбиелеу үшін заманауи әдістемелер қолданылды, бұл ұжымды биік белестерге жетеледі. 2017 жылы Қапшағай қаласында өткен жас құтқарушылардың республикалық жарысында 8-11-сынып оқушылары І орынға ие болады. 2018 жылы мектеп Әзірбайжан мемлекетінің астанасы – Баку қаласында өткен халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, ІІІ орын алған.
Әсем Әбдіразақова ҚР Білім және ғылым министрінің, облыстық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының, ҚР Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, Талас ауданының Құрмет грамотасын, «Жамбыл электр стансасы», облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Әзірбайжан Республикасының төтенше жағдайлар департаментінің Алғыс хатын иеленген. Сонымен қатар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Талас ауданына – 90 жыл», «Ұстаз жолы» республикалық қоғамдық қорының «Елеулі еңбек үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне таққан.
Былтыр ротациялық жолмен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияның директоры болып тағайындалған ұлағатты ұстаз Талас аудандық маслихатының депутаты болып сайланған еді. Отбасында бір ұл, екі қыз, он бір немересі бар ол ағайынға да, айналасына да сыйлы. Әріптестерінің де оған деген пікірі айрықша.
– Талас аудандық мәслихатының сегізінші шақырылым депутаты Әсем Ибрашқызымен 2015 жылдан бері бірге еңбек етіп келемін. Тәуелсіз еліміздің білім саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан белгілі ұстаз, білікті ұйымдастырушы әрі тәжірибелі басшылардың бірі ретінде киелі Талас жұртшылығының ыстық ілтипаты мен лайықты қошеметіне бөленген жан.
Халық пен биліктің алтын көпірі болуға себепші депутаттық мандатқа ие ол халық қалаулысы ретінде Талас аудандық мәслихатының бірнеше шақырылым депутаты атанған. Аудандық мәслихаттың сессияларына, уақытша комиссия жұмыстарына тұрақты қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдіреді. Қазіргі таңда аудандық мәслихаттың әлеуметтік-құқықтық қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы.
Өзінің өмірлік мол тәжірибесінің арқасында ауданның қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласып, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарып, олардың аманатын атқарушы органға жеткізіп, орындалуын қадағалауда. Өз саласының маманы ретінде білім ошағының жылу жүйесін жөндеуден өткізуде табандылық танытып, өскелең ұрпақтың жағдайын ойлап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етті. Әлеуметтік саладағы білім, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарының тұрақты жылумен қамту, жөндеу жұмыстарына, дамыту бағытында да комиссия отырыстарында ұсыныстарын білдіріп, үнемі жанашырлық танытады. Депутат ретінде қыстың суық күндері көпқабатты тұрғын үйлердің жылу мәселесіне де араласып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әрине, бұл кісі туралы айта берсек, атқарған жұмыстары мен игілікті істері көп. Ең бастысы, адамгершілігі мен жақсы қасиеттері, табандылығы өскелең ұрпаққа үлгі боларлық. Отбасында жақсы жар, аяулы ана, мейірімді әже ретінде де бұл кісіні біз жақсы білеміз, – дейді аудандық мәслихаттың төрағасы Қадырбек Садубаев.
Кез келген адам саналы ғұмырында адалдықтан аттамаса, ел үшін деп еңбе етсе, абырой да, атақ та өзі іздеп табатыны белгілі. Әсем Әбдіразақова көптің құрметіне осылай бөленіп отырған жан.
Келесі мақала