Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әжесінің тәрбиесі ғұмырына азық болды

Әжесінің тәрбиесі  ғұмырына  азық болды
ашық дереккөз
Әжесінің тәрбиесі ғұмырына азық болды
Жамбыл аудандық «Шұғыла»-«Радуга» газетінің редакциясында еңбек етіп жүргенімде Индира Тоғанбаева аудан әкімінің бас инспекторы болып қызмет атқаратын. Қандай да бір материалға байланысты мәлімет іздеп алдына барғанымда «қызметім аудан әкімдігінің аппаратында» деп керіліп-созылмай, мүмкіндігінше шаруамызды тез тындырып беретін. Қарапайым журналисті қолпаштай сөйлеп, газет қызметкерлерінің қауқары қаламының құдіретінде екенін көп ортасында талай сөз қылғанына да куә болғанбыз. Одан бері де он жылдан аса уақыт өтіпті. Осы мақала жазыларда аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мамандарына хабарласқанбыз. Олар бізге Индира Бекенқызын кейіпкер ретінде ұсынғанда іштей бас изедік. Біз онымен уақыттың тығыздығына байланысты телефон арқылы тілдестік. Бұйымтайымызды білген соң бұл жолы да өзінің қарапайым қалпымен, салмақты сөзімен мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы жайлы толғана жөнелді. Мәлімет алмасу барысында оның бойына қарапайымдылық қасиет отбасылық тәрбие арқылы дарыған деген ойға келдік. Өйткені 100 жастан аса ғұмыр сүріп, өмірден озған Анаркүл әжесінің тәрбиесін көріп өскен екен. Ата-ананың бауырынан өрбіген үш ұл, ұш қыздың бойына адамға тән айрықша қасиетті әжесі сіңіріпті. Сондай-ақ Аса кеңшарында жұмыс істеп, елмен етене араласу барысында да жиғаны көп. Себебі мұндай шаруашылықта ауылдың өмірді көрген, қарапайым жұмысшылары еңбек ететіні анық. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, мемлекеттік қызметте де өзінің кісілік қасиетімен дараланатын адамдардың болмысы, сірә, осындай болса керек. – 1971 жылы Бірлесу-Еңбек ауылында дүниеге келдім. 1991-1994 жылдар аралығында Жамбыл есеп-экономикалық техникумында бухгалтерлік есеп, бақылау және шаруашылық қызметін талдау мамандығы бойынша білім алдым. 1999 жылы «Жамбыл ауданының мәдениет ісінің үздігі» номинациясы бойынша Жамбыл ауданы әкімінің дипломымен оқуға түсіп, 2004 жылы Тараз мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдадым. Жалпы еңбек өтілім – 31 жыл. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ауылдық кеңестің есепшісі, әскери-есеп столы бас маманы болып жұмыс істедім. 1991 жылы салық агенті-бас маманы, 2007 жылы Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2011-2013 жылдар аралығында Жамбыл ауданы әкімінің аппаратында аудан әкімінің бас инспекторы қызметін атқардым. 2013 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарып келемін. Мемлекет пен қоғам арасында өзара бір құндылыққа ие байланыс бар, ол әрі нәзік байланыс. Мемлекеттік қызметші сол бір нәзік байланысты үзіп алмай, өз міндетін сауатты, жауапты, мүлтіксіз атқаруы тиіс. Халыққа жақын, қарапайым, әдепті, елгезек маман ғана мемлекеттік міндеттерге қатысты қоғам күтетін талап-тілектердің үдесінен шыға алады. Оның ішінде әйелдер қауымы тек мемлекеттік қызметтің жетегінде кетпей, қоғаммен, отбасымен, үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысуда да сұңғылалық таныта алуы керек. Жалпы әйел баласына тән қасиет пен жұмыс барысындағы жауапершілікті тең ұстаған нәзікжанды ғана мақсатым орындалды деп айта алуы мүмкін. Гендерлік теңдік деген ұғым осындайдан тұрады, – деді И.Тоғанбаева Аудандық мәслихаттың депутаты Индира Тоғанбаева сайлаушылары алдындағы өз міндетіне де жауапкершілікпен қарады. Ауданның мәдениет саласын да дамытып, сеніп тапсырған маңызды да жауапты істі шашау шығармай орындады. Қазір де іскерлік қабілетін көрсетіп жатқан жайы бар. Ол қызмет бабында жұртшылықпен де, қызметкерлермен де бірлесе жұмыс атқарудың қыр-сырын меңгерген. Кез келген тапсырылған істі дер кезінде, тиянақты орындайтын өз ісінің нағыз маманы. Сонымен қатар жас кадрларды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөліп отыратын тәжірибелі басшы. Индира Бекенқызы «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі. Осы комиссия аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын бақылауда ұстап, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалайды. Депутаттық фракция мүшесі ретінде жергілікті уәкілетті органдармен тығыз жұмыс істеп, фракия мүшелігіндегі үш жыл мерзім ішінде 7 депутаттық сауал жолдап, барлығы толығымен оң шешімін тапты. Партия саясатын жүзеге асыруда, мәдени шараларды үйлестіруде өте белсенді. Сонымен қатар партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» атты жобаларына, республикалық «Менің Отаным, менің туым» атты акцияларына үлкен үлес қосты. Өнерге қызығушылығы бар дарынды жастарды түрлі үйірмелер, байқаулар арқылы үлкен сахнада өнер көрсетуін қамтамасыз етіп, ауылды жерде тасада жүрген таланттардың жарыққа шығуына, өнерлеріне жол ашып, шабыттарын шыңдауына жәрдемін тигізіп келеді. Ауыл жастарының республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетуіне ықпал жасайды. Қайырымдылық көрсетуден де шет қалған емес. Арыс қаласының тұрғындарына өзі қызмет атқаратын ұжымның жәрдем жасауын қамтамасыз етіп және өз қаражаты есебінен де үлкен көмек көрсетті. Коронавирус пандемиясы кезінде де халыққа қол ұшын созды. Өткен жылы мектепте жүріп-ақ аудан көлемінде өткізілген іс-шараларда көзге түскен 3 түлекті «Жамбыл облысы әкімінің грантына» үсынып, олар қазіргі таңда Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде «Облыс әкімінің гранты» бойынша білім алуда. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында 2 азаматты өз қамқорлығына алып, мектеп формасы, қыстық киім мен азық түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Қарапайымдылық қасиет қанында басым жанның халық арасында болуы, мәдениет саласының дамуы мен жаңалыққа бет алған жастардың еңбегін жарыққа шығаруы тегіндегі бар тектілікке тікелей байланысты деп есептеуге болады. Кейіпкеріміз ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен, облыстық маслихаттың, Жамбыл аудандық мәслихатының бірнеше рет Жамбыл ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар облыс әкімінің, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын Тараз қаласында жоғары деңгейде атап өтуге белсене атсалысқаны үшін облыс әкімі орынбасарының, орталық сайлау комиссиясы және басқа да мекемелер мен республикалық қоғамдық қорлардың Алғыс хатын иеленген. Мемлекеттік қызметті абыроймен атқарып, ел үшін еңбек етуде Индира Тоғанбаеваның салған жолы бөлек.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар