Жаңалықтар
Қазақстандықтар Кореяда қашаннан бастап заңды түрде жұмыс істей алады?
- author AR-AY
- 26 қаңтар, 2024
- 221
Қазақстандықтар Кореяда қашаннан бастап заңды түрде жұмыс істей алады?
Енді Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін Қазақстан азаматтары арнайы орталықта оқуға тиіс. Бұл туралы Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйеге енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл қаңтардан бастап азаматтарды осы елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған.
Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Жобаны іске асыру қазақстандықтарға олардың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғауға кепілдік беріп, Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, - деді Асқарбек Ертаев.Тестілеу орталығы Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылады.
Мекеменің қажетті материалдық-техникалық базасы, оқу аудиториясы бар. Заманға сай құралдармен жабдықталған. Тестілеу орталығында 500-ден аса компьютер орны бар. Қазақстан азаматтарын Қонаев атындағы көпбейінді колледжінде оқыту көзделіп отыр. Олар Оңтүстік Кореяға бармас бұрын осында оқытылады, – деді Асқарбек Ертаев.Қонаевтағы колледжде білім алушылар үшін 500 орындық жатақхана да қарастырылған. Олар медициналық тексерістен өтуге міндетті болады. Комитет төрағасы Оңтүстік Кореяға Қазақстан тарапы ұсыныстарын жолдағанын жеткізді.
Келесі аптада олармен техникалық келіссөз жүргіземіз. Жалпы алгоритм мынадай: біздің ұсыныстарды Оңтүстік Кореядағы барлық мүдделі мемлекеттік орган қарап, талдайды. Осыдан кейін Қазақстан еңбек адамдарын экспорттайтын Кореяның жүйесіне енгізіледі. Қазір ол жүйеде 16 ел бар. Басқа да мемлекеттер өтінім беріп жатыр. Бір жыл ішінде мәселе шешілуі керек. Мерзімді Оңтүстік Корея белгілейді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Келесі мақала