ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ ҚАШАН САЛЫНАДЫ?
Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бүгінде әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Қазіргі таңда әлем елдері қалдықтарды өңдеу арқылы табыс тайқазанын тасытып отырса, өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін арзан әдіске жүгініп, қоқысты полигонға көмеді. Немесе заң бойынша тыйым салынғанына қарамастан өртегенді жөн көреді.
Еуропа елдерінде қоқыстың елу пайызы сұрыпталып, өңделеді, 27 пайыз қоқыс өртеліп, одан электр энергиясы алынса, 24 пайыз қоқыс полигонда сақталады. Ал біздің өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратудың жалғыз жолы –
полигондарға көму. Бұл әдіс көп қаражатты талап етпейді. Бірақ үлкен аумақтарды экологиялық апатты аймақтарға айналдыру қаупін туғызады.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Шапағат Ілестің айтуынша, өңірде 158 полигон жұмыс істейді. Сондай-ақ қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен 32 мекеме айналысады.
Сонымен қатар қалдықтарды бөлек жинауға арналған 792 контейнерлік алаңда 6 108 үш түрлі контейнер орнатылған. Айта кету керек, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша, өңірлік жол картасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы 336 жаңа контейнер, өткен жылы 1 436 контейнер сатып алыныпты.
– Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт жоқ, бірақ қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге арналған шағын кәсіпорындар бар. 14 мекеме пластик, полиэтилен, электронды аспаптарды, мотор майларын, шыны және қағаз қалдықтарын сұрыптаумен немесе кәдеге жаратумен айналысады. Ал аудан орталықтарында орналасқан полигондарда сұрыпталған қалдықтар, яғни пластик, шыны, қағаз, металл қаптама еліміздің басқа өңірлеріне қайта өңдеуге жіберіледі.
Өткен жылы 56,4 мың тонна қалдық жиналып, 10,7 мың тоннасы сұрыпталды, яғни кәдеге жарату алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,8 пайыздан 19 пайызға артты. Коммуналдық қалдықтарды жинау, әкету, көму, кәдеге жарату тарифтері әкімдік тарапынан бекітілді, – деді Шапағат Ілес.
Ал Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Ғабит Алтаевтың айтуынша, облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 7 мамандандырылған кәсіпорын айналысады.
– Қала бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша қызметтермен қамту үлесі халықтың 60 пайызын, коммерциялық мекемелердің 30 пайызын, бюджеттік ұйымдардың 10 пайызын құрайды. Қызметтердің негізгі жеткізушісі – «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 7 кәсіпорын 155 мыңнан аса абонентке қызмет көрсетеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың күн сайынғы шығарылатын көлемі – 760-800 текше метр. Тараз қаласы бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 328 алаңша 1 540 контейнермен жабдықталған. Өткен жылы 520 жаңа контейнер сатып алынып, қала аумағындағы тозған қоқыс жәшіктері ауыстырылды. Тағы 600 контейнер сатып алу үшін тапсырыс беріліп, конкурста жеңімпаз атанған «Аrlan Тrans-logistics» серіктестігімен келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда 400 контейнер «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінің қоймасына жеткізілді. Қалғандары кейінірек әкелінеді. Ал «Kaz ecology» серіктестігі және «Бақыт» жеке кәсіпкерлігі полиэтилен мен пластикке арналған 620 торлы жәшік орнатты, – деді Ғабит Алтаев.
Өркениетті елдерде қоқысты қайта өңдеу пайдалы бизнес көзі болып саналады. Мысал келтірсек, сұйық және өсімдік қалдықтарын компостқа, макулатураны орауыш картон мен дәретхана қағазына, ал ескі автомобиль шиналарын жол төсеміне пайдалануға болады.
Осы орайда таяудағы жылдарда өңірімізде де қоқыстарды кәдеге жарату мүмкіндігі туғалы тұрғанын айта кету керек. «Тараз қаласында жылына 100 мың шаршы метр қатты қалдықты өңдейтін зауыт салынады» деген жағымды жаңалықтың ел ішінде тарап кеткеніне біршама уақыт болды. Кәсіпорын құрылысы 2023 жылы басталуы керек болған. Алайда қоқыс өңдеу зауытын салуға қалдықтың аздығы қолбайлау болыпты. Енді америкалық инвестор 19 миллиард теңгеге жуық инвестиция салмақ.
– Кәсіпорында 100 мыңға жуық шаршы метр қатты қалдық өңделетін болады. Соған тұрмыстық қатты қалдықтарды 7 жыл бойы үздіксіз жеткізіп отыруға меморандум жасап отырмыз. Алғашқы жылы қоқыстар қолдау ретінде тегін беріледі. Кейінгі жылдары тиісті өзінің тарифі белгіленіп, қоқысты сатып алатын мүмкіндіктерді қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде өндірілетін электр энергиясының тарифі тұрғысында келіссөздер жүргізілуде. Бәрі сәтті болса, зауыт құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала
Айқын мақсат алға бастайды
Ұқсас жаңалықтар
Экология
Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына $1,15 млрд инвестиция салады
- авторAR-AY
- 14 қараша, 2024