Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адалдық адамды бақытқа жетелейді

Адалдық адамды бақытқа жетелейді
ашық дереккөз
Адалдық адамды бақытқа жетелейді
Елімізде еңбек етуге жарамды мүгедектігі бар әрбір адамның жұмыс істеуіне құқығы бар. Осы ретте мүгедектігі бар азаматтардың мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін пайдаланып, еңбекке араласып жатқандары арамызда жетерлік. Өз кезегінде олар өмірде кездескен қиындыққа қарамастан жұмысқа тұрып, денсаулығы мықты азаматтардан қалыспай еңбек етіп жүргенін айта кетуіміз керек. Осы орайда біз Мойынқұм ауданы мансап орталығының директоры Бақыткүл Қалымбетовамен тілдесіп, ауданда былтыр қанша азамат жұмыс сұрап қайырылғанын, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқаны қанша екенін сұрап білген едік. Оның айтуынша, орталыққа қайырылған тұрғындарға «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қолдау көрсетілсе, оның ішінде 61 мүгедектігі бар азаматтың барлығы дерлік жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ауданда мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету және жұмысқа орналастыру ісінде бірізділік бар. – 2023 жылдың соңында тұрған жұмыссыздар 465 адам. Бұл жұмыссыздық деңгейі жыл соңындағы айдың қорытындысымен 2,4 пайызды құрағанын көрсетті. Жалпы халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспары 1 906 адам болса, 12 айда 2 497 бос жүрген азамат жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылып, меже 131 пайызды құрады. Өткен жылға тұрақты жұмыстың жоспары 904 орын болса, 12 айда 1 329 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жоспар 147 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 65-і мүгедектігі бар азамат, бұл бойынша жоспар – 22,5 пайыз. Әлеуметтік жұмыс орындарына былтыр республикалық бюджет арқылы 19,9 миллион теңге көлемінде қаржы қаралып, 60 жұмыссыз жұмыспен қамтылады деп жоспарланған, 12 айда 77 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орнына жіберілді. Жыл басынан бастап 92 жас «Жастар тәжірибесі» жобасымен жұмысқа жолданды, бірақ жоспар 90 адам болып бекітілген еді. Аудан бойынша 450 жұмыссызды уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланса, жыл соңына дейін 625 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды. Ұлттық жоба шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына 29,8 миллион теңге қаражат бөлінген, бағдарлама аясында 29 жасқа дейінгі 24 азаматпен 18 айға үшжақты келісімшартқа отыру нәтижесінде тұрақты жұмыспен қамту міндеттелген. 12 айда «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына 24 жас жіберіліп, жоспар 100 пайызға орындалып отыр. «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас» секілді бағдарламалар бойынша да меже тиісті деңгейде орындалды. Жалпыұлттық жоба шеңберінде жыл аяғына дейін қайырылған жұмыссыздардың ішінде 1 906 азаматты белсенді шарамен қамту жоспарланған, оның 904-і тұрақты жұмысқа орналасты. Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінгендердің белсенді шараға тартылу үлесінің жоспары 81,2 пайыз, бүгінгі күнге 88 пайызды құрап, жоспар 108 пайызға орындалып отыр. «Жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы» жобасы аясында былтыр 14 жоба белгіленіп, 156 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның 48-і тұрақты жұмыс орны, 108-і уақытша жұмыс орны. Бүгінгі күнге 14 жоба іске қосылып, ашылған жұмыс орындарына 156 жұмыссыз жолданып, жоспар толығымен орындалды. Осы ретте 2023 жылы мансап орталығына 61 мүмкіндігі шектеулі азамат қайырылып, оның барлығы дерлік жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылып, тұрақты жұмыспен қамтылды. Соның бірі – ІІІ топ мүгедегі Марат Төлендиев. Ол Бірлік ауылында былтыр ашылған спорт кешені мекемесіне ғимарат меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. Ол осы жұмыс орнына мүгедектерге арналған квота бойынша жолданған болатын, – деді Бақыткүл Алдасүгірқызы. Марат Қырғызбекұлы 1973 жылы туған, 1988 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Тау-кен құрылыс техникумына оқуға түседі. Студент бола жүріп, Отан алдындағы борышын да өтепті. Оқуын аяқтағаннан кейін байланыс, жол құрылысы саласында бригадир, шебер болып жемісті еңбек еткен. Алайда Кеңес үкіметі құлап, одақ тарағаннан кейін жұмыссыз қалады. – Тоқырау жылдарында «жұмыс жоқ» деп қарап жатпай «КамАЗ» ауыр жүк көлігін жүргіздім. Алыс қалаларға, елімізден тыс аймақтарға жүк тасыдым. Одан кейін малшаруашылығымен айналыстым. Уақыт өте келе ауыр жұмысқа денсаулығым жарамады. Былтыр күз айында аудандық мансап орталығына жұмыс сұрап бардым. Сөйтсем, өз ауылымызда жаз айында ашылған спорт кешеніне ғимарат меңгерушісі қажет болған екен. Аталған орталық мамандары мені сол жерге жұмысқа орналастырды. Бізді мемлекет түрлі салықтан босатқан. Сондықтан қолыма 122 мың теңге еңбекақы алып отырмын. Әйелім отбасымызға келін болып түскелі ауылдың емдеу мекемесінде медбике болып ұзақ жылдан бері жұмыс істейді. Табысымыз көңілге қонымды. Менің айтарым, еңбек етемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетудің түрлі тетіктерін қарастырған. Ең бастысы, ниет шынайы болуы қажет, – деді кейіпкеріміз. Марат Қырғызбекұлы әйелі екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, олардың екеуі отбасылы. Бүгінде үш немересі бар. Мемлекеттің қамқорлығын, шарапатын сезінген М.Төлендиев адал жолмен еңбек ету адамды бақытқа жетелейтінін айтады.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар