«Мүгедектігім бар» демей мүмкіндікті пайдаланды
Елімізде мүгедектігі бар адамдардың кәсіп ашуына, олардың жұмыспен қамтылуына арналған түрлі бағдарламалар мен арнайы жобалар жұмыс істеп жатыр. Мәселен, еңбек етуге, кәсіппен айналысуға ынталы, қабілетті мүгедектігі бар азаматтар жұмыс орындарындағы арнайы квотаны пайдалану, жеке кәсіпкерлікке қадам басу, шағын және орта бизнесті дамыту барысында ашылған кәсіпкерлік нысандар арқылы қосымша жұмыс орындарына тұру, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы құрылған жұмыс орындарына орналасу, мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдары арқылы жұмысқа орналастыру мүмкіндігін пайдалану арқылы еңбек дүбіріне етене араласа алады.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудағы стратегиялық жобаның бірі әрі жұмыс берушілердің шын маман иесіне деген сұранысын қанағаттандыруда мемлекетіміздің жүргізіп отырған әлеуметтік қамсыздандыру саясаты үлкен рөл атқарады. Атап айтқанда, «Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған 2021-2025 жылға дейінгі кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы халықтың осал тобына жататын кез келген азаматы үшін ең маңыздылығы жоғары жоба болып отыр. Бұл жоба мүгедектердің жұмысқа орналасудағы құқығын қамтамасыз етумен қатар, олардың өмір сүру сапасын да жақсартуды көздейді. Егер мүгедектігі бар адамдардың құқығы шектеулі болса, онда олардың біз құрып отырған қоғамда жұмысқа орналасуы, бизнеспен айналысуы қиындай түсер еді. Сондықтан олардың өз ынтасы мен денсаулығы, қабілеті жұмысқа жарамды болса, олардың өзіне қолайлы бос жұмыс орындарына тұруына мүмкіндігі мол. Сол үшін де мемлекетіміз кәсіппен айналысамын деген азаматтарға барынша жағдай жасауды қарастырып отыр. Соның бірі – бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар адам, көпбалалы ана, қандас секілді халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қайтарымсыз қаржы беру. Бүгінде аталған қайтарымсыз қаржыны алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар да, оның арасында ісін өрге домалатып отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар да көп. Осы ретте ауданда «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында өңір тұрғындарын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айтқым келеді. Бұл ретте жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында ауданда құрылатын жұмыс орны жоспары бекітіліп, одан кейін ашылған жұмыстарға халық ретімен орналасады. Халыққа қайтарымсыз қаржы үлестіру ісі де конкурстық комиссия мүшелерінің шешімі арқылы жүзеге асырылады. Аталған комиссия құрамына жергілікті жердегі қоғамдық кеңес пен партия мүшелері және кәсіпкерлер, қоғам белсенділері еніп, грант иегерлерін анықтайды. Мәселен, Мойынқұм ауданында грант алу арқылы кәсібін дөңгелетіп, елдің алғысына бөленіп отырғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар жетерлік. Олар бүгінде татымды тірлік істеумен маңайына таныла түсуде.
Ұғынықты түрде айтсақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін беріледі. Ол санаттағы азаматтарды тізбелейтін болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала немесе бірнеше баланы тәрбиелеп отырған адамдар және оның жұбайы конкурсқа қатысып, қайтарымсыз қаржы ала алады.
Гранттар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайдағы халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Осы бағдарлама аясында Мойынқұм ауданы бойынша 2023 жылы 25 азаматқа 400 АЕК-тен 34,5 миллион теңге қарастырылған. Жыл қорытындысымен 25 үміткер бизнес-жобаларын қорғап, 34,5 миллион теңгесі жеке шоттарына аударылды. Оның жетеуі сүт өнімдері, үшеуі кондитерлік өнімдер, екеуі қойшаруашылығы, үшеуі фастфуд өнімдері, тағы үшеуі тігін, екеуі құсшаруашылығы, бесеуі массаж, фотоаумақ, ат әбзелдері, темір тоқу, дәнекерлеу секілді басқа түрлерін ашумен айналысуда. Солардың бірі – ІІІ топтағы мүгедектігі бар азамат Нұралы Садуақасов. Ол өткен жылы ІІІ лек бойынша өткізілген комиссия отырысына қатысып, жұмсақ жиһаздарды қалпына келтіру бизнес-жобасын қорғап, 1 380 000 мың теңге қайтарымсыз қаржыға ие болды. Бүгінгі таңда Нұралы Қалқаманұлы өз кәсібін жүргізіп, бала-шағасының нәпақасын тауып отыр.
Жайдар СҚАҚОВ, Мойынқұм аудандық мансап орталығы кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы
Келесі мақала