Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚҰРБАН АЙТҚА ДЕЙІН ШАШТЫ АЛМАУ КЕРЕК ПЕ?

ҚҰРБАН АЙТҚА ДЕЙІН  ШАШТЫ АЛМАУ КЕРЕК ПЕ?
ашық дереккөз
ҚҰРБАН АЙТҚА ДЕЙІН ШАШТЫ АЛМАУ КЕРЕК ПЕ?
– Мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Құрбандық қабыл болсын! Қазір ғаламтордың дамыған заманында көп нәрседен хабардар болып отырамыз. «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы таныс-тамырларымыз түрлі хадистер, діни видеолар жіберіп жатады. Өзіміз де бөлісіп жатамыз. Жуырда бір танысым жіберген хадисте: «Құрбан айтқа 10 күн қалғанда құрбандық шалатын кісі тырнақ, сақал-мұрт, шашын алдырмауы керек» деп жазылған екен. Бұған дейін мұндайды еш жерден, ешкімнен естімеген екенмін. Осы қаншалықты рас?

Бағдат КЕРІМБЕКҰЛЫ,

Тараз қаласының тұрғыны

– Умму Сәләмадан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Қайсыбіріңіз Зул-Хиджа айына жетіп, осы айда құрбандық шалуды ниет еткен болса, онда айдың басынан бастап құрбандық шалғанға дейін тырнағы мен шашын алмасын» (Муслим, адахи 1977-хадис, Тирмизи 1523-хадис; Нәсәи 4362-хадис; Әбу Дәуіт 2791-хадис т.б.). Басқа риуаятта «...алғашқы он күнінде алмасын» деген тіркеспен келген. Хадистің сыртқы мағынасына қарайтын болсақ, Құрбан айт күні құрбандық шалғысы келген адам сонау Зул-Хиджа айы басталған күннен бастап тырнағы мен шашын алмауға, денесіндегі түктерді жұлуға болмайтынын түсінуге болады. Алайда фиқһ ғалымдарының осы мәселеге қатысты үкімдерін қысқаша былайша келтіруге болады: 1. Имам Ахмад, Исхақ, Сайд әл-Мусайяб, Дәуіт Заһири және кейбір шафиғи мазхабы ғалымдары хадистің сыртқы мағынасын дәлел ретінде ала отырып құрбандық шалғанға дейін тырнақ пен шаш (және басқа да түктерді) алу харам деген. 2. Шафиғи мазхабы ғалымдары және имам Малик риуаяты бойынша зул-хиджа айында бұндай іс-әрекеттер макруһ саналған. 3. Ал Ханафи мазхабы бойынша аталмыш уақыт аралығында тырнақ немесе шаш алу, денедегі басқа да түктерді қыру/жұлуға қатысты ешқандай тыйым жоқ екендігін айтып, мубаһ, яғни адамның өз еркіндегі іс екендігін білдірген. Дәлел ретінде жоғарыда аталған хадистегі тырнақ пен шашқа қатысты тыйым-харам деген үкім шығару үшін емес, керісінше артықшылық мағынасында қолданылғандығын алға тартқан. Себебі көптеген діни мәтіндерде бұйрық рай немесе тыйым формасында келген сөздер үнемі парыз бен харамдық мағынасында қолданылмайды. Ондай сөздер сөйлемдегі орнына, басқа мәтіндерге салыстыра отырып кейде тыйымды, кейде макруһты (тахриман/танзиһан), кейде мустахабты, кейде мубахты білдіреді. Сондай-ақ қажылыққа бармаған адам ихрамда жүрген адамдарға тыйым салынған нәрселерді жасауына рұқсат берілгендіктен тырнағын да, шашын да алуына ешбір тыйым жоқ. Одан бөлек Айша анамыздан келген риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мадина қаласынан Меккеге құрбандық малын жіберіп, өзі Мадина қаласында қалып, құрбандығы әлі Меккеге жетіп, шалынбай тұрып ихрамға кірген адамдарға тыйым салынған іс-әрекеттерді орындай беретіндігі айтылған. [Имам Науауи, Мүслим шархы, 11/148]

Нұрлан МҰРАТ, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар