ДЕМАЛУДЫҢ АЯҒЫ ЕМ АЛУҒА ҰЛАСПАСЫН ДЕСЕҢІЗ...
Жаздың аптап ыстықтарында өзен, көлдердің жағасында уақыт өткізген керемет-ақ. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Әрі суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек етеді және жұмысқа қабілетіңді арттырады. Алайда суға түсу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан демалудың аяғы ем алумен немесе қайғылы оқиғамен аяқталып жатады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, шомылу кезіндегі жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – қауіпті жете бағаламау және қауіпсіздік ережелерін елемеу.
– Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері халықтың бас амандығы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су айдындарында 460 рет тексеру іс-шаралары жүргізілді. Халыққа түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, жалпы 87 рет жиналыс өтті. Сонымен қатар білім ошақтарында, оқу орындарында судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында өткізген кездесулер арқылы пайдалы кеңестер берілді.
Жалпы, осыған дейін облыс аумағындағы аса қауіпті су айдындарына 3 мобильді құтқару бекеті қойылды. Құтқару бекеттерінде 55 жасақшы-құтқарушы қызмет етеді. Сонымен қатар 9 жағажайға су айдындарының түбіндегі қауіпті анықтау мақсатында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 12 орын анықталды. Ал шомылуға тыйым салынған 86 орын бар. Сонымен қатар облыста 40 стационарлық бассейн мен 6 таяз бассейн халыққа қызмет көрсетуде. Осыған орай облыс аумағында білім басқармасымен бассейн иелерімен 22 келісімшарт жасалды. Онда 12 мыңнан астам баланы шомылуға үйрету жоспарлануда. Қазіргі таңда келісімшарт шеңберінде 925 оқушы суда жүзуді үйренді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының инженері Айгүл Шахабаева.
Алайда тіркелген қайғылы жағдайлар да жоқ емес. Мәселен, жыл басынан бері Тараз қаласы мен облыс аумағында 9 оқиға орын алып, 8 бала зардап шексе, 1 бала қайтыс болған. Бұлардың барлығы да 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, жасөспірімдер тек судан ғана емес, басқа да түрлі төтенше оқиғалардан зардап шегеді екен. Қала тұрғындары да әркім өз баласына өте сақтықпен қадағалау жасап, сақтанбаса жазатайым оқиға орын алуы әбден мүмкін екенін айтады.
– Жаздың күндері көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінің ашық болуы кішкентай балалар үшін өте қауіпті. Көп отбасылар қарайтын ешкім жоқ болғандықтан амалсыздан балаларын тастап кетуге мәжбүр болады. Салдарынан кейде оқыс оқиғалар орын алып жатады.
Сонымен қатар кейбір жасөспірімдер «TikTok» түсіреміз деген желеумен небір қатерлі қадамдарға барады. Тіпті әдейі терезеден секіруге дейін баруы мүмкін. Кейбірі балконнан секіріп өнер көрсетем деп ойлайды немесе интернеттен көргенін қайталағысы келеді. Ал ақыры қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан жастардың өмірге деген көзқарасын тәрбиемен дұрыстау керек. Әрі психологиялық тұрғыда көп кеңес беру қажет,– дейді «Жансая» ықшамауданының тұрғыны Әсима Раушанова.
Осы орайда мамандар тіпті сәби үшін қайнап тұрған су да, ток көзінде тұрған телефонның қуаттағышы да қауіпті екенін жеткізді.
– Көбіне балалардың тұрмыстық жарақат алуының себебі – ересектердің абайсыздығы мен салғырттығынан. Әрине, бұл алаңдайтын жайт. Осы орайда баланы терезеге қойғанда киімінен емес, денесінен қатты ұстау керек. Екіншіден, масаға арналған торға сенуге болмайды. Өйткені ол өте нәзік. Сәл күшпен итерсе түсіп кетеді. Үшіншіден, терезеге жақын орналасқан үстел орындықтарды алып тастау қажет. Төртіншіден, есік-терезені ашылмайтын етіп тастайтын арнайы құрылғылар бар. Егер сол құрылғыларды орнатып қойсаңыз, балаңыздың өмірін сақтайды. Сонымен қатар ата-аналар өз балаларына қатысты барлық жауапкершілікті түсініп, сезінуі керек. Балалар үшін көп нәрсе қауіпті. Кешке көшеге шығу, жалғыз жүру, электр сымын ұстау, газ пештердің қасына бару деген сияқты күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттардың өзі балаларға қауіпті болуы әбден мүмкін. Сондықтан бала өмірі әр нәрседен қымбат екенін естен шығармай, сақтауымыз керек, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараттық-талдау тобының бас маманы Евгения Яковлева.
Демек әр адам өзінің, баласының, айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараса, онда қатер де аз болмақ. Әрбір ата-ана баласының бас амандығына жауапты.
Ш.ӘБДІРҰЛЫ