Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ш.Мұртазаның ескерткіші қаламызға сән, әулетіне мән қосары анық

Ш.Мұртазаның ескерткіші қаламызға сән, әулетіне мән қосары анық
ашық дереккөз
Ш.Мұртазаның ескерткіші қаламызға сән, әулетіне мән қосары анық
Биыл Халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен журналистикасының алып бәйтерегі Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толып отыр. Шындықтың шырақшысы атанған қаламгердің мерейтойына орай облысымызда бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Тараз қаласында еңселі ескерткіші де бой көтермек. Жалпы, Ш.Мұртазаның ескерткіші орнатылатын орынды анықтау мәселесі көпшілік арасында, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жуырда біршама уақыт талқыға түскен мәселеге түбегейлі нүкте қойылып, ескерткіш Жамбыл даңғылының бойындағы ең көрнекті алаңға қойылатын болды. Бұл қоғам белсенділерінің шешімі, комиссияның ұйғарымы. Аталмыш ескерткішті таңдау және оны қай жерге орналастыру жөніндегі комиссияның мүшесі Бекет Момынқұл «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында өз пікірін білдірді. «Мен Шерхан көкемнің ескерткішін таңдау және оны қай жерге орналастыру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде өз ойымды қосқым келеді. Иә, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов осы мәселелерді халық өзі шешсін деді. Бір миллионнан астам әулиеаталықтардың атынан сол шешім комиссияға тапсырылды. Комиссияның құрамын аймақ басшысы жасақтаған жоқ. Сол жиынға қатысқан біздер құрдық. Ал комиссияның жұмысын ұйымдастыру «Көне Тараз» қайырымдылық қорына тапсырылды. Қордың төрағасы Мұратбек бауырым өз міндетін жақсы атқарды деп айта аламын. Комиссияның отырыстары өте қызу өтті. Сол отырыстарға мамандар шақырылып, олардың пікірлері де ортаға салынған. Комиссияның әр мүшесі өз пікірін айтып, шешімді жабық дауыспен қабылдадық. Сондықтан облыс әкімін кінәлаған бауырларыма айтарым – ескерткішті қай жерге орналастыру туралы шешімді комиссия мүшелері қабылдады. Әрине, дауыстар екі-үшке бөлінді, бірақ ескерткіш халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алдына қойылсын деген ұсыныс комиссия мүшелерінің басым дауысымен қабылданды. Мен осы ұсынысты бірден қолдадым. Жері кең, жастардың орталығы, үлкен даңғылдың бойы. Әлі де осы жер керемет орталыққа айналар деген сенімім зор», – дейді Б. Момынқұл. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан көпшіліктің тоқтамына келісіп, істің ары қарай тезірек абыройлы аяқталуы үшін жұртшылықты ауызбіршілікке шақырды. – Заманымыздың ұлы тұлғасы, қазақ әдебиетінің патриархаты Шерхан Мұртазаға қойылатын ескерткіш айналасында болып жатқан әңгіме көзге көрінбейтін, қаламгердің өзі айтқандай «Мылтықсыз майданға» айналып кеткендей. Әрқайсымыз өз көрпемізді өзімізге тартып әлек болып жатырмыз. 20 адамнан тұратын комиссия мүшелері өз пікірін білдіріп, бір тоқтамға келе алмай, жазбаша дауыс беруге келіскен болатынбыз. Жаңадан келген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мырза халық болып ақылдасып, зиялы қауым өкілдері шешсін деп зиялылық мінез танытып еді, оны біз басқаша қабылдап, тоқтай алмай қалдық. Комиссия құрамын алғашқы отырыста облысқа танымал әдебиет және мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері ұсынып, бекітті. Оның құрамында Шерағаның көзін көріп, тығыз қарым-қатынаста болған архитекторлар, суретшілер, ақын-жазушылар енгізілді. Ашығын айтар болсақ, осы аса күрделі мәселеге тікелей жауапты «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов жарғақ құлағы жастыққа тимей осы іс-шараның басы-қасынан табылуда. Бұл азаматқа осы жауапты іс-шараны абыроймен аяқтауға Алла күш-қуат берсін. Ескерткішті «Астана» ықшамауданына немесе орталық саябақтағы Тұрар Рысқұлов ескерткішінің маңына орнатайық деген менің ұсынысым қолдау таппаған соң, көпшілік қолдаған ХТИИ-дың «Студенттер үйі» алдына қоюға келісімімді бердім. Жамбылдықтар Шерағаның 90 жылдығын қалай өткізер екен деп бүкіл қазақ елі қарап отырғаны жасырын емес. Болып тұрған істі «өнбейтін дауға айналдыратын» жаман атаның балаларындай болмай, бір мәмілеге келейік. Енді ары тарт та, бері тарт қылмай, көпшіліктің тоқтамына келісіп, істің ары қарай тезірек абыройлы аяқталуына мұрындық болайық дегім келеді, – дейді Асқарбек Сейілхан. Ескерткіш төңірегінде пікірлер тоғысынан жастар да қалыс қалмады. – Шығармалары өмір шындығын шынайы суреттей білген шебер қаламгердің туғанына биыл 90 жыл. «Қызыл жебе», «Бесеудің хаты», «Сталинге хат», «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді» сынды туындыларының қай-қайсысы болмасын оқырманның ыстық лебізіне ие болған кесек шығармалар. Әсіресе көпшіліктің көңілінен шыға білген «Бір кем дүниенің» орны тіптен бөлек. Бұл туындысында жазушы өмір жолындағы көрген-білгендерін, көңіл түкпіріндегі ойларын бүкпесіз баяндаған. «Ашу бар жерде ақыл тұрмайды», депті Төле би. Адамдардың көбі ашушаң. Ақыл қайдан болсын. Бір кем дүние» деген ой-толғанысының астарында да терең мән жатқанын аңғару қиын емес. Ашу-дұшпанның түбі жақсылыққа апармайтынын меңзеп тұрғанын байқаймыз. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Жамбыл облысының тумасы, қазақ әдебиетінің кемеңгері Шерағамыздың 90 жылдық мерейтойына орай ескерткішінің «Студенттер үйінің» алдына қойылатыны біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің инспекторы Дәурен Мамыш. Бұл баспасөз, ғаламтор парақшаларында жазылған пікірлердің бір парасы ғана. Дегенмен Жамбыл жырау атындағы көше, білім ордасының маңы, қаламызды қақ жарып жатқан күрежолдың бойындағы Шерағаңның ескеркіші қаламызға сән, сәулетіне мән қосары анық.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар