Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жанама атпен ел жадында қалғандар

Жанама атпен ел жадында қалғандар
ашық дереккөз
Жанама атпен ел жадында қалғандар
Қай мемлекет, қай ұлттың болсын тарихта қалған танымал тұлғаларын алып қарасақ, солардың көбі ел жадында жанама аттарымен қалған екен. Бұл біле жүретін әрі қызықты дерек. Бірақ біз сонау көне ғасырға бармай және өзге мемлекеттердегі тұлғаларды тізбектеп ұзын сонар тізім жасамай-ақ, дәлел үшін өз еліміздегі өздерінің азан шақырып қойған есімдерінен бұрын жанама атпен танылған жандарды Абайдан бері қарай бастағанды жөн көрдік. Ибраһим – Абай, Жамбы – Жамбыл, Ақжігіт – Ақан сері, Сейфуллин Сәдуақас – Сәкен, Сәтбаев Ғабдулғани – Қаныш, ақын Молдағалиев Жұбаныш – Жұбан, әйгілі биші Жиенқұлова Гүлшара – Шара, Байсейітова Гүлбахрам – Күләш, Молдағұлова Ілия – Әлия, Мәметова Мәнсия – Мәншүк, халқымыздың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Оңдасынов Нұрмұхаммед – Нұртас, Кенжетаев Әбдірахым – Кәукен, Айманов Шаһкерім – Шәкен, Мақатаев Мұхамедқали – Мұқағали, Қалдаяқов Шәмшиддин – Шәмші. Бірақ мұндай халқымыздың бағына туылған асылдарымызға жанама ат қойылуларының себептері әртүрлі. Сондықтан оның бәрін егжей-тегжейлі баяндап жату тым ұзақ болатындықтан әрбіріне тоқталуды артық санадық. Дегенмен көп адам жанама атының сырын біле бермейтін әйгілі әнші Дәнеш Рақышевтің қалай Дәнеш атанғанына толығырақ тоқталғымыз келді. Жоңғар Алатауының жылтыр мұзды мұзарт шыңдары бұлт құрсанып, аспанмен астасып жатыр. Жоталары жап-жасыл. Қойнаулары мен сұлаған бел-белестер жайқалған шалғын, қырат-қыратқа қаптаған қалың қой, маңыраған мал. Күн сәскеге көтерілген. Қабыр­ғадағы шымылдық қарағайдың етегін ықтай қонған бір шоғыр үйдің маңы ығы-жығы. Әйелдер абыр-сабыр, қимылдары шұғыл. Ер адамдар шеттеу барып, ұйлығып тұр. – Кеше кеткеннен Рақыш әлі жоқ, – деп абыржыды ағасы Баясыл қабағы шытынай қайғырып. – Ой, тәубе-ай, ойламай ма екен-ей, үйім бар, малым бар деп. Мұндай кезде жұбату да қиын. Көкейге қонатын сөз табылмайды. Сондықтан ешкім үн қатпады. Рақыш сері жігіт, еркін өскен. Ешкімге тәуелді болып көрген емес. Жан бағудың да өзіндік жолын таңдады. Ең ыңғайлысы мал бағу деп білді де бір қора қойға ие болды. Бұл шаруада өзіңе-өзің қожасың. Малыңды жақсы күтіп-бақсаң ешкім бетіңе қарамайды. Әсіресе мынадай байтақ жайлау үстінде ойнап-күлуге мүмкіндік мол. Өлең-той десе, әрине, тұра алмайды. Кеше өрдегі бір ауылда той болып, соған кеткен. Онда Рақышқа керегі – күндізгі бәйге, көкпар емес, түнге қарай өтетін айтыс. Өлеңге келгенде ешкімге дес бермейді. Сол өнерімен елге сыйлы. Үйінде де қолынан домбырасы түспейді. Жайлаудың кең құшағында еркін жүріп үйренген. Үйдің қамы деп бұйығып жатуға дәті шыдамайды. – Әне, келе жатыр, – деді бір жігіт қуанышты дауыспен. Сидан торысын сипай қамшылап, дедектете аяңдаған Рақыш оқшау топқа жетіп тоқтады. Аққұба өңі ажарланып алған, қамсыз. Баясыл інісіне қабағын шытыңқырап, ашулана қарады. – Қайда жүрсің-ей шырағым? – деп абдырап қалды. Рақыш кінәлі кісідей жүзін төмен салып, ашаң жігіттің қасына барып мән – жайды ұқтырды. – Балалы боласың, әке атанасың. Тәжіхан толғатып жатыр. Сол ара­лықта іңгәлаған сәбидің нәзік те тұнық дауысы естілді. Сыртта тұрғандардың түнерген жүздері жадырап, бұлттан шыққан күндей жайнап сала берді. – Ұл, ұл! Сүйінші, сылқым жігіт! – деп келіп, бір жеңгесі Рақыштың етегіне жармасты. Сілкіп-сілкіп қояды. Әкелік сезім Рақыштың жүрегін шымырлатып, шалқар қуанышқа бөледі. Ауыл мәре-сәре. Қалжаға, қонақасыға қой сойылды. Қымыз сапырылып, табақ-табақ қуырдақ дастарқан ортасынан орын алды. Сол кезде балаға ат қою жайлы сөз басталды. Ең алдымен Баясылға қолқа салды. – Ауыл ағасы Баясыл ғой, сол атасын! – Біз кемпір екеуміз көп ойландық, – деді қоңырқай жүзіне нұры ұялаған жігіт ағасы байсалды кейіппен. – Рақыш артымнан ерген ерке інім. Менің жалғыз баламның аты – Әбиқожа. Енді оның артынан ерген інісінің аты – Әбимолда болсын. Қазақ дәстүрінде аға тілегі заңмен тең. Сөйтіп, нәрестенің аты Әбимолда аталып, азан шақырылды. Содан кейін сол есімі үш дүркін құлағына айқайлап айтылып, бата жасалды. Ерке, сері Рақыш ұлының қуанышына мас. Ат қоюдың мән-жайына пәлендей назар аударған жоқ. Жеңгесі Күшәй құндақтағы сәбиді бауырына басты. – Әбиқожамен тел өсетін құлыным! – деп емірене әлдиледі... Уақыт зымырап өтіп жатты. Ағасы мен жеңгесі аялаған соң, үлкен кісілердің алдын кеспейтін ғұрып бойынша, Рақыш пен Тәжіхан бөгет болмады. Әбимолда екі ана мен екі әкенің ортасында шалқып арда өсе берді. Көбінше Күшәй «Әбиқожа ағасына бауыр бассын» деп өзінің қолында ұстап жүрді. Осы Еркебұлан сәби бес жасқа қараған шағында жел жағының панасы, күн жағының саясы болып жүрген анасы Күшәй қайтыс болды. Ыстық ұяның оты сөніп, үй іші сұрқай тартты. Сонда Баясыл ағасы: – Енді еркелетіп, аялап, еміреніп, мәпелеп отыратын Күшәй жоқ. Жағдайы болмай жүдеп-жадап кетер, өз қолдарыңа алыңдар! – деп, баланы әке-шешесіне әкеліп тапсырды. Сөйтіп, Әбимолда туған әке-шешесінің бауырына біржола енеді. Бұл ауылда нағашыларының ықпалы басымдау екен. Жекжат-жұраттарына да баланың аты ескі сарындылау сезіліп, онша ұнамайды. Бір жақын ағайыны Рақышқа ақыл айтады. – Балаң молда бола қоймас. Болса, «молда» лақабы өзі-ақ қосылады. Одан да даналыққа қарай біртабан жақындат. «Жақсы лепес – жарым ырыс» деген сөз бар. Ең берісі, нағашы ағасы Данияр секілді сыпайы, жұрт қызметін атқаратын пысық жігіт болсын. Сөйтіп, Рақыш пен Тәжіхан көпшіліктің ұйғарымына көнеді. Әбимолда аты үлкен-кішінің қалауымен Данияр болып өзгертілді. Ақсарбас сойылып, ақ бата жасалды. Ғазиз ана баласын еркелетіп, жанама атпен атайтын дағды бойынша Даниярды да «Дәнеш» деп еркелетеді. Бұл есімді балалар қағып алып, жайып жібергендіктен жұрттың құлағына тез сіңді. Енді бірте-бірте Данияр аты да қалтарыста қала береді. Әйгілі әнші, халық әндерін балын тамыза орындаудың майталман шебері Дәнеш Рақышевтің есімі осылайша қалыптасқан. Сол атпен елге танылды. Өшпейтін атқа айналды. Бұл осындай екінші есімдерімен ел есінде қалған халқымыздың өткен ғасырдағы асыл перзенттерінің бірнешеуі ғана. Мұндай кісілер әлі де баршылық. Ең бастысы жаңа ғасырда, яғни «Жаңа Қазақстанымызда» жоғарыда аттары аталған жандардың ізгілікті іздерін үзбей, лақап аттарымен ғана емес, ғибратты ғұмырларымен де ел есінде қалатын тұлғалар көбірек шыға берсе, ұлтымыз үшін де, мемлекетіміз үшін де нұр үстіне нұр болар еді. Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ, ақын, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар