Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН БОЛСЫН!

СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН  БОЛСЫН!
ашық дереккөз
СОҒЫМЫҢЫЗ ШҮЙГІН БОЛСЫН!
Қыс келіп қыспағына алғанда қазақ жылқы етінің буымен жылынатын әдеті бар. «Қаңтарда қатқан аяздан, қасқырдың қаны жылынар» дегендей, қазақтың қаны да қаңтарда жылынатындай сезіледі. Олай дейтініміз, қыс мезгілі аязымен қысқанымен қазақтың берекесі мен дастарқаны молшылыққа кенелетін ай. Өйткені қыста көрші-қолаң бірін-бірі шаңырағына шақырып, соғым сойысып, соғымбасын берісіп жатады. Қараша айы туа салысымен әр қазақтың уайымы соғым болады. Биыл да қарашадан бастап семіз мал іздеп қарбаласқа түскен халықтың қарасы қалың болды. Соғым іздеп сабылған жұрттың аяғы әлі де толастаған жоқ. Мал бордақылап, кәсіптің көзін тапқан Елдар Қанжанұлы облысымыздың соғымына сұраныстың жоғары екенін айтады. Жас кәсіпкердің айтуынша, алыпсатарлар базарлардан етті мейлінше көбірек сатып алып, басқа өңірлерге сатуды әдетке айналдырған көрінеді. Сондай-ақ мал бордақылаумен айналысып жүрген кәсіпкерлер өңірімізде былтырғы, алдыңғы жылмен салыстырғанда соғым малдың бағасы арзандағанын жеткізді. Әрине, мал бағасының өсуіне де, түсуіне де жемшөп құнының әсер ететіні анық. Ал биыл базарда шөп бағасы едәуір шарықтап тұрғаны байқалады. Мысалы, жоңышқаның түгі 2 000 теңгеден саудалануда. Ал жемнің бағасы былтырғымен са­лыс­тырғанда төмендеу. Саудагерлердің сөзінше, Ресейден келетін жем отандық нарықтағы бағаның төмендеуіне ықпал етуде. Біз базардағы мал бағасына назар аударға­нымызда бордақы тайлар 450-550 мың, құнандар 520-580 мың теңге аралығында саудаланып жатқанын аңғардық. Ту биелердің бағасы – 700-850 мың теңге. Ал «Ауыл Береке» базарында жая – 3200-3500, қазы – 3 800-4 200, жылқы еті – 2 700-3 200, қарта – 1 500-2 000, қарын 500-600 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ сиыр еті 2 200-2 700 теңгеден өткерілуде. – «Малдың азабын баққан біледі» деп хал­қымыз бекер айтпаған. Малды өсіру, семірту оңай шаруа емес. Әсіресе жылқы малына келетін болсақ, үлкендері тұрып ұйықтағанымен тай-құнандары жатып ұйықтайды. Кейде ақырға түсіп, үйелеп жатады. Кейбірі бірін-бірі теуіп, жазым қылып жатады. Мұның бәрі де баққан адамның маңдайына сор. Оның үстіне қашан семіріп, ет болып елге өткенше жемшөп жеп тұрады. Ал оның бәрі де ақша. Сондықтан қазіргі таңда еттің бағасы жалпы нарықта қымбат деп есептемеймін. Өйткені былтырғы бағамен ұқсас болып тұр. Тіпті қолма-қол ақша берсеңіз 2 300-ден жылқы сойып беріп жатқандар да бар. Сиыр еті де осы бағада. Бұл деген баға соншалықты өсіп тұр дегенді көрсетпейді. Әрине, халықтың әлеуметтік жағдайының әртүрлілігіне байланысты біреуге баға қолжетімді болса, енді біреуге қолжетімсіз болуы мүмкін. Бірақ шынайы соғым алып жегісі келген жандар үшін бұл қалыпты, – дейді кәсіпкер Елдар Боранбек. Қалай десек те «Ет етке, сорпа бетке» деген қазақ үшін соғымның орны бөлек. Алайда сол соғымын табан қазы шығарып сойып алатын қазақ та азайып бара жатқан сыңайлы. Өйткені кәсіп­керлер мен мал бордақылаушылар өзде­рінің мал асырағандағы азабын айтса, ет сатып алып, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген тұрғындар бұдан да арзандаса деген ниет танытады. Сонымен қатар тұрғындар көбінде соғымды ет асу ғана емес, қазақтың бір-біріне деген құрметін танытатын мәдениетінің мәйегі жиналған орын екендігін айтады. – Қазір әлеуметтік жағдайдың төмендігі бай мен кедейдің аражігін ашып-ақ жіберді. Бұрынғыдай соғымбасына жиналып, гу-гу әңгіме соғып, қуырдақ жеп қарық болатын заман кетті. Әркімнің өз соғымы өзіне. Біреу қой сояды, біреу тай сояды, біреу сиырдың сирағын алса, біреу жағдайына қарай жылқының жарты етін алады. Негізі соғым айы – қазақтың бірлігін нығайтатын ай. Бұл айда ауылдастар жиналып, бір қазаннан ас ішіп мәре-сәре болса, бала-шаға бірге ойнап у-шу болып жатады. Міне, мұның өзі бір театр емес пе? – дейді Байзақ ауданының тұрғыны Бекзат Жәнібек. «Көргенінен бермеген – көргенсіздің белгісі» немесе «Жапалақ басып жейді, сұңқар шашып жейді» деген сияқты сөздер қазақта тегіннен-тегін айтылмаған. Міне, осы сөздердің өзіне қаратылып айтылуынан қорыққан халқымыз соғым сойса да ел-жұртымен бөлісіп, туыс-туған, көрші-қолаң, жегжат-жұраттардың өз еңбегіне қарай сыбағасын таратып отыратын болған. Енді сол соғымға байланысты айтылып жүрген сөздердің мән-мағынасына тоқтала кетсек. Ең бірінші, соғым соярдың алдында ақсақал­дардан бата алады. Сосын үш-төрт жігіт жан-жағынан жалаңдаған пышақтарын қолына алып, сойған малдың қолын қол, жілігін жілік қылып боршалауға асығады. Міне, сондайда үй иесі соғым сойылып болғасын арнайы басы-қасында жүрген жігіттердің еңбегінің өтемі үшін өзінің кәделі жілігін дайындап қояды. Мұны қазақ «Қолүзік» деп атаған. Ал соғым сойылып болғаннан кейін қазақтың бір-бірін берекеге, ұйымшылдыққа шақыратын бір асы «Соғымбасы» деп аталады. Кейде сол күнгі соғымның етінен жасаған қуырдақты осылай атаса, кейде арнайы ел шақырып, сол соғымның етінен дәм татқызған. Сонымен қатар қазақтың тура осындай дарқандығын, кеңпейілдігін, бір-біріне деген сыйластығын танытатын тағам «Сыбаға» деп аталады. Оны өзінің бір жақсылығына келе алмай қалған адамдарға сақтайды. Немесе өзінің көңілінде сақтаған адамына береді. Ал осы соғым сойылып, соғымбасы беріліп, сыбаға таратылып болғаннан кейін берілетін тағы бір ас бар. Ол «Қапқағар» деп аталады. Соғымның еті таусылған соң етті сақтаған қаптың ішіндегі ең соңғы етті асып, оған көршілерін шақырып кәдесін жасайды. Мұны қазақ «Қапқағар» деп атаған. Осындай жөн-жоралғыны жасағанымен қазақ ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген. Қазіргі таңда соғымбасының өзін той секілді арнайы кафеде беретін адамдар бар. Ол – мақтангершілік. Өйткені соғымның елден артылған етін қазақ «көптің батасы тиген» деп ырымдап бала-шағасымен бірге жеген. Ағайынның арасын жақындатқан дастарқан әр қазақтың үйінде жайыла берсін. Қазақ даласында қашанда тоқшылық болсын! Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар