«Ұлы далада» алғашқы мектеп ашылды
Күні кеше «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200 орындық қазақ тілінде оқытатын №64 жаңа орта мектеп пайдалануға берілді. Негізі аталған жаңа білім ошағының құрылысы былтыр басталғанымен, жоспар бойынша, ол келер жылдың сәуір айында ел игілігіне ұсынылуы тиіс болған. Бірақ мердігерлер жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауына байланысты сыртқы сәулеті мен ішкі сәні келіскен мектеп оқушыларға есігін айқара ашты.
Аталған білім ордасы – «Ұлы дала» ықшамауданында пайдалануға берілген алғашқы мемлекеттік мектеп. Сондықтан бұл ықшамауданда жаңа білім ошағының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен кездесулерде тұрғындар бір білім ошағын салып беру кезек күттірмейтін мәселе екенін айтып, өтініштерін жеткізген еді.
Білім нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысты. Ол салтанатты іс-шарада мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын, ұстаздарды құттықтап, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында білім беру саласында толағай табыстарға қол жеткізудеміз. Мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, апатты, үш ауысымды мектептердің, сондай-ақ оқушы орны тапшы білім ошақтарының мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Биыл өңірде білім саласын дамытуға 284,8 миллиард теңге қаражат бөлініп, 20 мектептің және сегіз қосымша нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері үш жаңа мектеп халық игілігіне пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы төрт мектеп пен үш кеңейтілген білім ошағын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осы жылы 7, келесі жылы тағы 5 нысанның құрылысы басталады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Қанатбек Қайшыбекұлы құттықтау сөзінде мектеп оқушылары мен мұғалімдерге жағдайдың жақсаруы білім сапасын арттыратынын атап өтті. Мұны жамбылдық оқушылар мен ұстаздардың түрлі шығармашылық және зияткерлік сайыстардағы жетістіктері дәлелдейді.
– Республикалық ғылыми жоба байқауында облыс оқушыларынан құралған команда он төртінші жыл қатарынан үздік құрама атағын жеңіп алды. Республикалық олимпиадада білімді өрендеріміз қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша командалық бірінші орынды иеленді. Биыл алты ұстазымыз «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанды, –
деді Қ.Мәдібек.
Ол балаларға жаңа мектепте және одан тыс жерлерде жақсы оқу және жаңа үлкен жетістіктер тіледі.
Бұдан кейін Қанатбек Мәдібек мектепке облыс әкімінің атынан сыйлық – заманауи интерактивті панно табыс етті. «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны, еңбек ардагері Шарафи Қалдарбеков те тұрғындарды мектептің ашылуымен құттықтап, ақ батасын берді.
– Балаларымыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған жайлы да жаңа, заманауи мектепке баратынына өте қуаныштымыз. Барлық жақсылық жасөспірімдер үшін болғаны жөн. Өйткені – олар біздің болашағымыз. Осы өрендер елімізге лайықты азамат болып өсе берсін! – деді ақсақал.
Мектептің қызыл лентасы салтанатты түрде қиылған соң №64 мектеп директорының міндетін атқарушы Эльмира Қойлыбаева жиынға қатысушыларды мектептің ішкі жағдайымен таныстырды. Ол лингафондық кабинеттерді, барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханаларды, 350 орындық акт залын, толық кітап қоры бар үлкен кітапхана мен оқу залын, асхананы, шеберханалар мен оқу кабинеттерін көрсетті. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін ғимаратқа кіреберісте турникет, дәліздерге бейнекамералар қойылған. Жуынатын бөлмелер ғимарат ішінде орналасқан.
– Мердігер компания – облысқа танымал «Агроспецстрой» ЖШС. Жобаның құны 3,1 миллиард теңге. Құрылысшылардың жұмысына шағымымыз жоқ, барлық жұмыс сапалы әрі мерзімінен бұрын орындалды. Биыл оқушыларды қабылдай алғанымызға өте қуаныштымыз. Қазір бізде бірінші сынып пен сегізінші сынып қана бар. Оқушылар саны – 936. Ұжымда тәжірибесі мол, білім беру саласындағы барлық инновациялық әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген ұстаздар қызмет етеді. Балаларға барлығы 58 мұғалім сабақ береді, – деді ол.
Мемлекет басшысының оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындау – басты мақсаттардың бірі. Осыған орай бүгінде «Ұлы дала» ықшамауданында барлығы 4 400 орынды құрайтын тағы үш мектеп салынып жатқанын айта кетейік. Оларды пайдалануға беру келесі жылға
жоспарланған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Aktoty_96_08@mail.ru
Келесі мақала
ӨҢІРДІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024