ӨҢІРДІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Сейсенбі күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Jambyl» телеарнасында тікелей эфирде «Түйін сөз» бағдарламасына қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы жоба-жоспарлар туралы сұхбат берді.
Ербол Шырақпайұлының айтуынша, 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша шамамен 411,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға жоғары.
– Құрылыс индустриясы бойынша облыстың әлеуеті зор. Өңірде гипс, бетон, гипсокартон, құбыр, автоклавты газдыбетон блоктары және тағы да басқа өнімдер шығаратын 110 шағын және 5 орта кәсіпорын бар. Бұл саланың облыс өнеркәсібіндегі үлесі 10 пайызға жуық.
Алдағы уақытта экономикаға инвеcтиция тартуға айрықша мән беріліп отыр. Т.Рысқұлов, Меркі аудандары мен Жаңатас қаласында жаңа шағын аймақтарды құру жұмыстары жүргізілуде. Біз инвестициялық жобалар тарту бойынша аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар бердік. Алдарына мақсат қойдық. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында тапсырманы орындай алмаған, белгіленген межеге қол жеткізе алмаған шенеуніктер қызметінен босатылады, – деген Ербол Шырақпайұлы ауылшаруашылығы, денсаулық, білім секілді негізгі салаларда атқарылған жұмыстар жайлы айтты.
Аймақ басшысы облыс бүгінде еліміз бойынша пияз өсіруден бірінші, мал басы бойынша екінші орында тұрғанын, агросалаға серпін беру мақсатында қарқынды жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін толғандырған көптеген мәселені шешуге басымдық берілмек.
Ербол Қарашөкеевтің сөзіне сүйенсек, өңірімізде білім беру мен денсаулық сақтау қызметкерлерінен кадрлық резерв құру қолға алынуда. Яғни енді мектеп, аурухана мен спорт кешендері басшыларының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстар әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.
Сұхбат барысында айтылған жағымды жаңалықтың бірі – келесі жылы облыс орталығы Тараз қаласында қоқыс өңдейтін зауыттың салынуы дер едік. Жалпы бағдарламада облыс басшысы атқарылған жұмыстарға ғана тоқталмай, өңір тұрғындарын толғандырып жүрген көптеген өзекті мәселенің шешілу жолдары туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Сұхбаттан кейін Ербол Шырақпайұлы телеарнаның ғимаратын аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты. Студияларды көріп, журналистермен пікір алмасты.
«AR-AI»-ақпарат