Қазақтың айбыны
Желтоқсан – бетке ұстар намысым,
Күресті әр қазақ ары үшін!
Күресті көк мұзда шарқ ұрып,
Күресті еркіндік таңы үшін!
Желтоқсан – күш берер айбатым,
Ерлік боп көңілде сайрадым.
Сескенбей Колбиндей алыптан,
Оқ болып атылды Қайратым.
Жастарды өрлікке жаныған,
Еске алып кейде мен қамығам.
...Сол кезде демдерін ішіне ап,
Нью-Йорк қазақты таныған.
Желтоқсан – қазақтың жалауы,
Тарихтың мың беттік тарауы.
Көк мұзда жарқылдап лаулаған,
Желтоқсан – бостандық алауы.
Желтоқсан – қазақтың көз жасы,
Ерлерін Алаштың еске алған.
Ызаға булыққан қазағым,
Кектеніп алаңды төске алған.
Аналар қайғырып зарыққан,
Су емес, қан ақты арықтан.
Брежнев алаңы... Сол түні,
Горбачев қазақтан қорыққан.
Желтоқсан – қазақы еркіндік,
«Елім!» деп, «Жерім!» деп серпілдік.
Ән болып алаңда шырқалдық,
Күй болып күмбірлеп, шертілдік.
Аталар тепсініп, күйзелді,
Түтігіп, ашулы күйге енді.
Брежнев алаңы... Қазақтар,
КПСС-тің ісіне жиренді.
Қатыгез солдаттар жиналды,
Саясат ойыны ойналды.
Әділдік іздеген жастарды,
Жасытып қоюды ұйғарды.
Мағжандар армандап аңсаған,
Жыл сайын сол күнді қарсы алам.
«Желтоқсан – қазақтың ұраны!» –
Деп мен де әлемге жар салам!
Тізелер соққыдан бүгілді,
Жұлындар солқ етіп үзілді.
Арпылдап қасқыр, ит қыздардың,
Ізінен жын болып жүгірді.
Солдаттар жынданып, жаныққан,
Шыққандай жаналғыш табыттан...
Желтоқсан киелі ай болды,
Қазақты әлемге танытқан.
Желтоқсан – қазақтың айбыны,
Егемен елімнің айдыны.
Француз Парижде құттықтап,
Сол кезде ұмыттым қайғыны.
Желтоқсан – қазақтың ерлігі,
Тарихта ұмытылмас өрлігі.
Өзбектер Ташкентте қуанып,
Деді: «Бұл – қазақтың елдігі!»
Мәскеудің сөгілді қолтығы,
Састырды ереуіл толқыны.
«Қазақтар – өр халық!» деп сонда,
Анкара сілкінді сол түні!..
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,
Тараз қаласы
Келесі мақала