Желтоқсанның мұзда жанған алауы
1991 жылғы 16 желтоқсан –Тәуелсіздік жарияланған күн болып тарихқа енді. Бұл егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Егер одан дәл бес жыл бұрын – 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің кезектен тыс V пленумы бар-жоғы 18 минутта республиканы ұзақ жылдар басқарған Д.Қонаевты қызметінен босатып, орнына Ресейдің елеусіз бір түкпірінен әкеліп Г.Колбинді қонжита салмағанда, Алматының намысқой жұмысшы жастары мен студенттері орталық алаңға шығып, тоталитарлық жүйенің бұл сыңаржақ шешіміне қасқайып қарсылық білдірмегенде осылай болар ма еді, әлде болмас па еді? Ал Кеңес үкіметі мұны кешіре алмады. Брежнев алаңын қанға бөктіріп, өрімдей жастарды «бұзақы», «нашақор», «маскүнем» деп жалған айыптар іліп, мұздай қаруланған әскерлердің күшімен аяусыз басты.
1986 жылғы желтоқсанда елде жария етілген қайта құрудың жиырмасыншы айы өтіп жатқан-ды. Құқықтық мемлекет құрамыз дегенге сеніп, горбачевтік «сәуір тезистерінің» тың идеяларымен жігерленген қазақ жастары орталықтың бұрынғыша өктемдігіне келіспеушілігін білдіреміз деп осылай арандап қалды. Алаңда болғандардың талайы қамалды, тергелді, сотталды, комсомолдан, жұмыстан, оқудан шығарылды. Дегенмен Алматыдағы қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісі КСРО аталатын алып империяның іргесін шайқалтқан алғашқы дүмпу болып, 1987 жылы Саха республикасындағы, 1989 жылы Балтық елдеріндегі, Грузияда, Әзірбайжанда болған демократиялық қозғалыстардың өріс алуына жол ашты. Бірақ коммунистердің қолымен жасалған репрессиялық қудалау талайлардың тағдырын тәлкекке салып, өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді. Сөйтіп, кеңестік биліктен оңбай таяқ жеген Желтоқсан қаһармандарының күрделі тағдырларына бүгінгі билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп, тәуелсіздік қарлығаштары ретінде оларға лайықты қамқорлық танытылып отыр дей аламыз ба?
...Қордайлық Қуандық Сабыралиевтың алдағы 1 қаңтарда жасы алпысқа толады. 1986 жылғы желтоқсанда оның жиырма екідегі тепсе темір үзетін шағы. Мәскеу маңында екі жыл әскери қызметін өтеп келген, зілмауыр кіртастарды допша қақпақылдайтын денсаулығы мығым балуан тұлғалы жігіт болатын. Алматы кинотехникумының екінші курсында оқып жүрген.
– 16 желтоқсан сейсенбі күні түс қайта Пленум туралы хабарды естідік, – дейді ол арада қаншама уақыт өтсе де тағдырына өшпес таңба салған жайды кеше болғандай жадында қайта жаңғыртып. Қуандықтың әңгімесінен сол күнгі оқиғалар тізбегі сан айтылып, жазылып жүргендей өріледі. Д.Қонаевты кенеттен қызметтен алып, орнына ешкім білмейтін қайдағы біреудің келгені студент жастардың зығырданын қайнатқан. «Жергілікті ұлттан басшыға лайық адам табылмай қалып па?» Түні бойы жатақханада, ертесі сабақ үстінде осы сұрақ әркімнің аузында жүрді. Естулерінше, басқа оқу орындарында да наразылық митингілері өте бастапты. 17 желтоқсанда студенттер орталық алаңға шеруге жиналып жатыр деген хабар да жетті. Жаңа алаңға таяу жердегі кинотехникумның білімгерлері олардан қалсын ба? Ленин даңғылымен жоғары өрлеп күншығыс жағынан Қуандықтар келіп жеткенде уақыт түске таяп қалған. Нақ бір мерекеге жиналғандай адамдар тұс-тұстан үсті-үстіне келіп жатыр екен. Қолдарында «Ешбір ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Қазақстанға – қазақ басшы!», «Долой Колбина!» деген ұрандар, Лениннің портреттері, ән шырқап, бейбіт шерулеп келеді. Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні әр тұстан естіледі. Шерушілер мегафонмен дауыстап Пленумның шешімдерімен келіспейтінін, Д.Қонаевтың ел алдына шығып бұл жайға түсінік беруін, Колбиннің орнына Әуелбековті, Назарбаевты, тіпті қазақ болмаған күнде де қазақстандық өзге ұлт өкілін қоюды талап етті.
Бірақ Д.Қонаев елдің алдына шықпады (дұрысы, оны шығармады), ал басқа үкімет адамдары «Пленумның шешімі – Саяси бюроның шешімі, оған шәк келтіруге болмайды. Тараңдар, әйтпесе күш қолданылады» деген қоқан-лоқыдан аспады. Жұрт бұған қанағаттанбады. Есесіне бастарына каска киіп, қалқанмен қорғанып, тоқпақпен қаруланған, ит жетектеген әскери киімділердің, БТР-лар мен өрт сөндіргіш машиналардың жан-жақтан құрсауға ала бастағанын көріп одан әрі ширыға түсті. Не керек, жұртты тықсырып, күштеп таратуға бұйрық берілген болуы керек, бір кезде милиция, жасақшы топтары бұларға қарай лап қойды. Алаң ортасындағы жастар дереу қолтықтасып, тастүйін тізбек құрып жұп жазбауға тырысады. Қолға түскендер әңгіртаяқтың астында қалды. Бұған қалай қан қараймасын, жастар қолға іліккен тас, ағаш, мұз кесектерін жазалаушыларға қарай лақтырып жатты. Милиционердің бір-екеуін өлімші етіп сабап, қолындағы дубинкаларын тартып алысты. Аязды күні алаңдағы ереуілшілерге мұздай су бүріккен өрт сөндіргіштердің, милиция автобустарының әйнектері шағылып, жүргізушілері соққыға жығылды. Қуандықтар да бір автобусты жабыла төңкеріп тастап, өртеп жібергендері есте. Алаңдағы арпалыс түн ортасына дейін жалғасты. Қарулылар қойсын ба, шерушілердің талайын үйретілген иттермен қуалап жүріп ұстады, дубинка, арматура шыбықтармен, резеңке түтік кесінділерімен таяқтады. Ұсталғандарды милиция мен жасақшылар ұрып-соғып, шаштарынан, аяқтарынан сүйреп автобустарға тиеп алып кетіп жатты. Кейін естулерінше, ұсталғандарды қала сыртына шығарып, киімдерін сыпырып алып, жалаң аяқ, жалаң бұт қар үстінде қалдырып кеткен. Қуандықтар бұл жолы қашып құтылып, түн ортасы ауа жатақханаға келген-ді.
– Ертесіне, 18 желтоқсан күні тағы жиналдық. Кешегіден әрі ашынып алған студент және жұмысшы жастар тағы да «цеп» құрып қарсыласып бақты. Бір кезде тобымызбен қоршауда қалып, соққыға жығылдық. Мен аяғымнан, белімнен соққы тиіп оңбай жығылдым. Бір қарасам, әлдебір солдат күрекпен басымнан ұрғалы төніп келеді екен, жан дәрмен аунап түстім. Соның артынша басқалары да жабылып, тепкінің астына алды. Желкеден бір тигенін білемін, есімді Алатау аудандық милиция бөлімінде жидым. Мойнымнан қан ағып тұр, оң білегімді әлдебір өткір зат тіліп кеткен, бетім күп боп ісіп, шыдатпай ол ауырады. Бұған қарап жатқан ешкім жоқ, тағы да соққы, тергеу. «Алаңға не үшін бардың?», «Бастаушыларың кім?» деген сұрақтың астында екі күн ұстады. Суретке түсіріп алды. Жарақатым жанға батқаннан есімнен қайта-қайта тана беремін. Ақыры 21 желтоқсан күні қолхатпен босатты. 25 желтоқсанда жиналыста комсомол мүшелігінен, ертеңіне оқудан шығарды. Бәрінен де қиыны –
денсаулығыма айықпас дерт түсті, ауыр көтере алмайтын болдым, жүйкеме зақым келіп, көзімнің көруі нашарлай түсті, – дейді
Қ. Сабыралиев.
Міне, содан бері 37 жыл өтті, бір кезде алысқанын алып ұратын балуан тұлғалы жігіт бос шелекті көтере алмас халде тәніне түскен жарақаттардан ұзақ емделумен жүріп, техникумдағы оқуын жалғастыра алмады. Алайда отбасын құрып, балалары өмірге келді. Пәтерден пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрген оларға 1997 жылы республикалық «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің араласуымен бұрын балабақша болған ескі үйдің бір бұрышынан берілген аядай пәтерде үйленген балаларымен, немерелерімен бірге әлі тұрып жатыр. 2016 жылы «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік төсбелгімен марапатталғаны бар. Одан кейін бәрі тарс ұмытты. Тіпті кейінгі жылдары Желтоқсанға қатысушылардың жаңартылған тізіміне де енбей қалған.
Жаңатұрмыстық Асқар Тұрлыбаевтың да басынан өткен жай осыған ұқсас. Ол да 1983 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы сәулет-құрылыс институтына түседі. Бірінші курстан соң әскерге алынып, азаматтық борышын өтеп келіп, 1986 жылы оқуын қайта жалғастырады. Д.Қонаевтың орнынан алынғанын радиодан естіген олар да сол күні алаңға барады. Мемлекет басшыларының шерушілер алдына шығып дұрыс түсінік бермеуі, сұсты әскери адамдар мен техникаларын самсатып сес көрсетуі Асқар мен оның серіктерінің де зығырданын қайнатты. Ертеңіне «қызық» көру үшін емес, саналы түрде тастүйін бекініп, біраз жігіттер алаңға тағы келеді. Ұлттық намыстың ұшқыны алауға айналғанын көреді. Құрқол жастарға мұздай қаруланған әскерилерді кешегіден де көп жинапты. Олар алаңдағыларды үш қабат тізбек құрып қоршап тұр. Мұндай көтеріліс шетелдерде орын алғанын ара-тұра естіп-білгеніміз болмаса, дәл осындай боларын кім көрген? Каска кигендердің бір тұста ішке өтпек болып жағаласқан әйелді жабыла таяқтай бастағанын көріп қалады. Өздері де алаң ортасындағы жастар тобына қалай көмек көрсетуге айла таппай қандары қарайып тұрған бұлар енді шыдай алмады, тұра ұмтылды. Оларға жетіп үлгермей арқасы шымырлай жөнеледі. Бұрылып қарағанша болған жоқ, басына үсті-үстіне соққы тиіп, көз алды қарауытып құлап бара жатқанын біледі. Есін жиғанда әлі де тепкінің астында жатыр екен. Екі жасақшы сүйреп, бір шетте тұрған автобусқа итеріп кіргізеді. Онда соққыға жығылып, қанға бөккен бірнеше жігіт пен қыз бар еді. Автобус радиосынан: «Тимирязев көшесімен транспаранттар ұстаған жастардың үлкен тобы келе жатыр» деген хабарды бәрі естиді. Асқар іштей масайрай түседі. Оларды Октябрь аудандық ішкі істер бөліміне әкеліп қамап, тергеуге алады. Оның соңы белгілі, үш-төрт күн өтпей Асқарды комсомолдан шығарады. Оқудан босату туралы бұйрық та көп күттірмейді. Ауылдан әкесі келіп, институт ректорына, тіпті Оқу министрі мен Бас прокурорға дейін кіріп арызданғанымен түк шықпайды.
– Әуелі, «осы тойғандарыңмен барыңдар, әйтпесе балаңызбен қоса өзіңді де қамаймыз» деп зәремізді алған соң амалсыз үйге қайттық, – дейді бүгінде 84 жастағы Жақсылық қария. Асқар балаларының тұңғышы екен, алаңда алған соққыдан көпке дейін есінен танып қала беретін болған, ұзақ емделіп, басына ота жасатқан екен. Колбин қызметінен кетіп, ел іші біраз тыншыған соң барып КазПИ-ді бітіріп, содан бері мектепте мұғалім болып жүр.
Аудан орталығындағы Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің директоры Гүлмира Байсуанова да сол жылы КазПИ-дің физика-математика факультетінің екінші курс студенті болатын. Олар алғашқыда жұрттан естіп, не болып жатқанын түсінбей, қызық көріп алаңға барған. Бірақ ондағы өздері секілді өрімдей жастардың патриоттық мінезіне куә болып, бойында қазақтық қаны ойнап шыға келгенін айтады. «Менің Қазақстанымды» қосыла шырқап, шыңылтыр аязға қарамай түннің бір уағына дейін алаңда жүріп алған. Жастарға басу айтқан танымал тұлғалар ішінен Роза Бағланованың «Айналайындар-ай, қойыңдар енді» деп жылап тұрғаны есінде қалыпты. Әскерилер жастарды итпен қуып, жаппай ұстай бастаған шақта әупірімдеп қашып, үй-үйлердің арасымен жатақханаға келген. Ертеңінде КазПИ-дің студенттерімен бірге алаңға тағы барып, әр жерде төңкерілген, өртенген машиналарды, қар бетінде шашыраған қанды, алаңда болған сойқанның іздерін көріп жандары түршігеді. Ақыры олар да төрт айдай сұраққа алынып жүріп ескерту арқалап, араларынан бір бала оқудан шығарылады. Жатақхана тұрғындарын мидай араластырып, ұйғыр, өзбек, орыс қыздарымен бірге жатқызған. Бүгінде бір ғана оның мектебінде Айгүл Шотанбаева, Ботагөз Сатыбалдиева, Айша Кәрібаева есімді мұғалімдер де желтоқсаншылар болып табылады.
Ұлттық рух буырқанған сол күні оқиға ортасында болған өзге де қордайлықтар аз емес-ті. Мәселен, Қуаныш Сәрсенбаев құрылыс техникумында, Гүлсара Сағынбекова мен Айнұр Өтебаевалар байланыс техникумында, Сәрсен Әлиев есеп-санақ техникумында оқитын. Басқа да оқитын, жұмыс істейтін қордайлық жастар шеруге қатысқаны үшін аңсаған армандарына жете алмай, тағдыры тығырыққа тіреліп, майып болып қалғандары да бар. «Желтоқсан – менің тағдырым» дейді олардың қай-қайсысы да.
Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде тоталитарлық жүйеге қасқая қарсы шыққан қазақ жастарының ерлігі әлемді әлі күнге таңдандырумен келеді. Тек Алматыда ғана емес, бейбіт шерулер еліміздің әр өңірлерінде болды. Облыс орталықтарының бірқатар жоғары оқу орындарындағы тәрізді Красногор совхоз-техникумында да (бүгінде Ноғайбай ауылшаруашылығы колледжі) осындай толқу орын алып, тастүйін бекініп, Алматыдағы жастарға қосылуға жолға шыққан студенттердің бетін аудан атқамінерлерінің (ол кезде Красногор ауданы) әрең қайтарғаны мәлім. Тіпті көрші елдегі қырғыз жастары да көтеріліп, Бішкек политехникалық институтының бірнеше автобус болып жолға шыққан белсенді азаматтарын мұздай қаруланған орган қызметкерлері Қордай асуынан әрі асырмай жолдарын кескен-ді. Тағы бір топты Отар стансасында құрықтаған.
2020 жылы 24 қарашада Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – өзінің ұстанымы мен мазмұны жағынан саяси көтеріліске жатады. Желтоқсан батырлары да саяси қуғын-сүргін құрбандары қатарында толық ақталып, лайықты мәртебе берілуі тиіс. Бүгінгі билік өкілдері немқұрайдылықтан арылып, кейінгі кездері әртүрлі қитұрқы жолдармен желтоқсаншы атанып, медаль тағып, жәрдемақы алып жүрген «жалған желтоқсаншыларды» әшкерелеп, нағыз жапа шеккен, тағдыры тәлкекке түскендерді қамқорлық құшағына алуы парыз. Өйткені, «Желтоқсан–86» сол желтоқсаншылардың ғана емес, бүкіл еліміздің тағдырына айналған Қазақ көтерілісі болатын!
Құрманбек Әлімжан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қордай ауданы
Келесі мақала