Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастардың білім алуы – өзекті мәселе: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысқа іссапармен келді

Жастардың білім алуы – өзекті мәселе: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысқа іссапармен келді
ашық дереккөз
Жастардың білім алуы – өзекті мәселе: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысқа іссапармен келді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысқа іссапармен келіп, өңір активімен кездесу өткізді. Жиын барысында халықты жұмыспен, зейнетақымен қамту, әлеуметтік және мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары талқыланды. Кездесуге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихат пен жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудан әкімдері қатысты. Министр ең бірінші кезекте еңбек нарығында болып жатқан өзгерістер туралы айтты. Оның айтуынша, Жамбыл облысында жалдамалы жұмысшылардың саны 1,2 мыңға көбейген. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар 2,3 мыңға азайған. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 5,1-ге артқан, сәйкесінше жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,1 пайыз. – Жамбыл облысындағы жастардың саны 2030 жылға қарай 64 мыңға артып, 286 мыңға жетеді. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 100 мыңға артады. 2030 жылға қарай экономикалық белсенді жастардың саны 149 мыңға көбейіп, еңбек нарығына күш түсіретіні анық. Еңбекпен қамтылу керек жастардың көрсеткіші 2030-2040 жылдар аралығында 52 пайызға артпақ, – деді министр. Министр биылғы жылы облыста бүгінгі күнге дейін 27 мыңнан астам адамның жұмысқа орналасқанын атап өтті. Оның басым көпшілігі жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрған. – Ұлттық жобалар және зейнетақы жарнасы төленетін тұрақты жұмыс орындарының көрсеткіші төмен. Әсіресе Жамбыл, Жуалы, Байзақ аудандарында бұл жұмыс мүлде жүргізілмеген. Жоғары нәтижемен тек Талас ауданы 47 пайызбен ерекшеленді. Ал Сарысу ауданында 9 адам ғана Ұлттық жобалар аясында жұмыспен қамтылған. Еске салу керек, азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығы болған жағдайда ғана толыққанды жұмыспен қамтылды деп есептелінеді. Жамбыл облысындағы бұл көрсеткіш 48 пайызды құрайды. Облыс деңгейінде ең төменгі көрсеткіш Жамбыл және Сарысу аудандарында тіркелген, – деді Тамара Дүйсенова. Сондай-ақ министр жастардың білім алуындағы негізгі мәселелерге тоқталып өтті. Тамара Дүйсенова өз сөзінде жастардың білім алу деңгейінің төмен екендігін айтты. – Мәселен, жастар сауаттылық бойынша өткізілген тест нәтижесінде орташа есеппен 100-ден 30 ұпай ғана жинайды екен. Математикадан мысал есептерін шешу барысында 15 ұпай иеленеді. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ал статистикаға сүйенер болсақ, мектептегі біліммен қалған жастардың үлесі – 18 пайыз, ал жоғары білімі бар жастардың үлесі – 39 пайыз, – деді министр. Бұл мәселелерді естен шығармай, жіті қадағалау қажет екендігін де ескертті. Келесі кезекте министр зейнетақымен қамту және әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Ол еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейтінін атап өтті. – Қазір зейнетке шығып жатқандардың зейнетақылары бұрын шыққан зейнеткерлердікінен төмен, себебі еңбек өтілдері аз. Сәйкесінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында зейнетке ерте шығу лайықты төлемдер де ала алмайды. Мәселен, ешқандай жұмыс өтілі жоқ әйел айына 24700 теңге зейнетақы ала алады. Сондықтан қазіргі бірінші мәселе – жұмыссыз әйелдерді жұмыспен қамту. Бұл 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі болуы базалықтан ынтымақты зейнетақы алуына жағдай жасайды, – деді министр. Жиында Тамара Дүйсенова әйелдерге қатысты зейнетке шығу жасын төмендетуді емес, базалық зейнетақылардың параметрлерінің өзгертілуі, яғни оның көбеюі, екінші – ынтымақтастырылған зейнетақы мәселелерінің көтерілуі, оның да параметрлерінің қарастырылуы күзде қолға алынатынғын айтып қалды. Еңбек министрі сондай-ақ облыстағы отбасылардың әл-ауқатына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтары бойынша жүргізілген мониторингке де тоқталды. – Жамбыл облысында 383 698 отбасы бар. Соның ішінде 240 мыңнан астамы қолайсыз және дағдарысты ортада өмір сүруде. Біз аймақтағы әрбір отбасының цифрлық картасын жасап шықтық. Карта арқылы әрбір отбасының мемлекеттен өзіне тиесілі қандай көмек ала алатындығынан бейхабар екендігін білдік. Мәселен, Жамбыл облысында 52 мыңнан астам отбасы АӘК алу құқығына ие екендігінен бейхабар. Сондай-ақ көпбалалы отбасылар да мемлекеттік көмек ала алатындығын да білмейді. Бұл олқылықты, яғни ақпараттандырудың ақсаңдауын жою мақсатында 1 қыркүйектен бастап халыққа әлеуметтік қолдаудың қай түрлерін алу мүмкіндігі бар екендігін мәлімдейтін хабарлама жіберілетін болады, – деді Т.Дүйсенова. Кездесу соңында Тамара Босымбекқызы жиын барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, зейнетақы және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Шаруаларға жасалған жеңілдік көп

Министр Тамара Дүйсенова іссапар аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысын зерделеп, жеке қосалқы шаруашылықтардың иелерімен кездесті және оңалту орталығының құрылысымен танысты. Осы күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде болып, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асырудың нәтижелерімен танысты. Жобаның бірінші кезеңінде 11 ауылдық округтегі 25 елді мекеннен 7856 отбасы қамтылған. Жеке кәсіпкерлер саны 2238-ге артып, 589 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Нәтижесінде қатысушылардың орташа айлық табысы өсіп, АӘК алушылардың саны азайды. Биыл бұл жобамен тағы 10 ауылдық округті қамту жоспарлануда. Мұнда пилоттық жобаны еліміздің барлық өңірлеріне таратуға қатысты мәселелер де талқыланды. Жұмыс сапары барысында Тамара Босымбекқызы аймақ тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Өңірде аталмыш жобаның жемісін өзге де аудандармен қатар Байзақ ауданындағы Қостөбе және Үлгілі ауылдық округіндегі тұрғындар да көруде. Мәселен, Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылының тұрғыны Әбужақып Қалдаров 2 миллион 400 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Қазіргі таңда мал санын 15 жылқыға жеткізген зейнеткер, түліктерін тағы көбейтіп, балаларын атакәсіпке баулығысы келеді. – Пилоттық жоба аясында отбасылық жеке кәсібімізді аштық. Алғашында 5 жылқы сатып алдық. Үш немерем жылқыларын жетектеп, бағып-баптап жатыр. Малды кәсіп көзіне айналдырғанымыздан бөлек, балаларды ерте еңбекке баулуымызға септігін тигізіп жатыр, – дейді шаруа. Ауылдық округтегі сапарында министр мал өсірумен қатар, ауласындағы 10 сотық жеріне егін егіп, пайдаға кенеліп отырған Қостөбе ауылындағы «Рүстем» және құс өсіруді кәсіпке айналдырған Үлгілі ауылындағы «Ғалымжан» жеке шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, сұхбат құрды. Мәселен, Фикрия Бакуридзе 3 миллион теңгеден астам несие алып 5 ірі қара, 40 уақ мал өсіруде. Одан бөлек биыл 3 гектар жерге қарбыз еккен. Фикрия Бакуридзенің айтуынша, пилоттық жобаның арқасында отбасының табысы 6 есеге артқан. Ал Үлгілі ауылының тұрғыны Ғалымжан Мұхатаев бесінші бағыт (бизнес жобаларды әзірлеу) аясында 6 100 000 теңге несиеге ие болып, ол қаржыға құс инкубаторын сатып алған. Ол бүгінде 50 мың құсты қамтитын тұтас өндірістік желіні іске қосып отыр. Мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, ол алдағы уақытта құс санын көбейтуді көздейді. Аудан тұрғыны Әмірбек Төлепов жоба аясында 2 миллион 800 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Темірден түйін түйген ол асыраушы салаға қажетті түрлі техника жасауда. – Бұл іске бала күнімнен құмар болдым. Сондықтан әрбір техникаға барынша жанымды, күш-қайратымды, идеямды қосамын. Мейлінше, шаруашылыққа аса қажетті ерекше туынды жасауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – дейді ол. Жұмыс сапары соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыс орталығындағы 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәселен, бірінші блокта бассейн, киім ауыстыратын бөлме, спорт және көрермендер залы болса, екінші блокта – медициналық кабинеттер орналасқан. Ал үшінші блокта – асхана, қалған блоктарда-екі орындық және бір орындық палаталар бар. Құрылысқа жауапты «Таразстрой-2004» мердігер компаниясы жұмыстарды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

Азаматтарды жеке қабылдады

Тараздағы сапарында Тамара Дүйсенова үкіметтік емес ұйым өкілдерімен және көпбалалы аналармен де кездесті. Жүздесу барысында министр Тамара Босымбекқызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, жеңілдіктер жөнінде ақпарат беріп, кездесуге келген тұрғындардың пікірлерін тыңдады. «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ахметова 3-топтағы мүгедектерге мемлекет тарапынан баспана берілмейтіні жөніндегі мәселені көтерді. Оған министр Тамара Босымбекқызы: – Бұл жаңадан шыққан жоқ қой, сонау кеңестік кезеңнен бері 1-топтағыларға ғана берілетін. Кейін оған 2-топтағылар қосылды. Ал 3-топтағыларға жалдамалы пәтерде тұрса, мемлекет 50 пайызын субсидиялай алады. Сол секілді жеңілдіктерді пайдалануларына болады. Одан басқа мемлекет ештеңе істей алмайды. Қаншама жастар өсіп келе жатыр, әлеуметтік осал топтар бар, олардың бәрін баспанамен қамту үшін мемлекет тек баспана салумен айналысуы керек болар, – деп мемлекеттік жеңілдіктерге тоқталып өтті. Ал Сұлушаш Ходжибаева денсаулығыма байланысты 2-топтағы мүгедектікті сонша жүгіріп жүріп, әрең алғанын айтты. – Үш баланы жалғыз өзім асырап отырған анамын. Жұмыссызбын, мемлекеттен ешқандай көмек алмаймын. Сұрастырып барсам, сізге ешқандай көмек тиесілі емес дейді. Әркімнің үйін жинап беріп, көпқабатты үйлердің дәлізін жуып, 37 мың теңге табыспен күн көріп отырмыз. Туған ағам бар, ол да мүгедек, 5 балалы, әйелі жұмыс істеуге балаларымен шыға алмайды. Бізге көмек бар ма? – деп мұңын ашына ақтарды. Ондай жағдайдағы отбасыларына мемлекеттен көмек көп екенін айтқан министр Тамара Дүйсенова Сұлушаш Ходжибаеваның жай-жағдайын қарауды жергілікті билік өкілдеріне тапсырды. Белгілі қолөнер шебері, қос қолы болмаса да еңбекпен бәрін жеңіп жүрген Анар Бексұлтанова да кездесуге келді. – Бүгінгі басқосуда айтылып жатқан мәселелердің бәрі де адамға күнделікті қажеттіліктерден туындаған мұқтаждықтар. Әрине, оның бәрі де маңызды. Десек те адам рухани қажеттіліктен ажырап қалмау керек. Өмірде кездесетін қиындықтарды жеңуге көмектесетін рухани күш. Сондықтан мен ұлттық құндылықтарды, рухани қажеттіліктерді көтеруге жұмыс жасауды ұсынар едім. Қазір мен жұмыссыз, бірақ бойында өнері бар, істің көзін таба алмай жүрген аналармен тәжірибемді бөлісіп, жаңа қоғамдық бірлестік құрып жатырмыз. Оған көптеген аналар келіп, өзіне керегін табуда. Біздің қоғамға жігерді жасытпай, жандандыратын серпіліс қажет, оған қандай да бір жобаларды жүзеге асыру керек шығар. Осы жағына да назар аударсаңыздар екен, – деп ұсынысын білдірді. Кездесуде мүгедектердің мұқтаждықтары, көпбалалы аналардың жайы, әйел азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасы көтеріліп, айтылған талап-ұсыныстарды министр назарына алатынын жеткізді.

Жастарды жұмыспен қамту – мемлекетті дамыту

Әулиеатадағы іссапары барысында ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясына қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Тамара Босымбекқызы брифингте екі күндік сапары барысындағы маңызды мәселелерге тоқталды. – Бірінші мәселе, өздеріңіз білесіздер, Жамбыл облысының ауыл шаруашылық кооперацияларын құру жөнінде тәжірибесі мол. Осыған байланысты бұл жобамен айналысатын мекеме өкілдерімен және жобаға қатысып жатқан шаруалармен кездестік. Бұл өте жақсы бастама. Әрбір ауладан жекеменшік кооператив құрып, оларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру және соның аясында олардың табыс табуы маңызды. Және бұл тәжірибені бүкіл Қазақстанға тарқату мәселесіне біздің министрлік атсалысатын болады. Екіншісі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі. Мен жұмыс сапарым барысында жастармен кездесіп, сұхбаттасатын боламын. Елімізде 2000 жылдан бастап дүниеге келген балалар саны көп. Өткен жылы 240 мыңнан аса азамат еңбек жасына жеткен болса, биыл 300 мыңнан, келер жылы тағы 300 мыңнан асса, яғни 3 жылдың ішінде республикада миллионнан аса еңбек жасына келген жастар кіреді. Олардың еңбек нарығына деген көзқарасы, жұмысқа орналасу мәселесі қазір мемлекеттің ең негізгі мәселесінің бірі болып тұр. Сондай-ақ іссапар кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекет тарапынан қолдау және оларды жұмысқа тарту, беріліп жатқан жәрдемақыларының мөлшері, еңбек жасындағы аналардың зейнетке шығу мәселесін қарастырдық, – деді министр. Мұнан соң өңірдің БАҚ өкілдері спикерге сауалдарын жолдады. Журналистер алдымен мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту жайлы ҚР заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мәселесі жөнінде сұрақ қойды. Жаңа заң тармақтарында мүгедектерге мүмкіндіктер жасау бойынша қандай өзгерістер бар деген сұраққа министр кеңінен жауап берді. – Жас балалар сауықтыру орындарына барған кезде ата-аналарымен бірге баруына және ата-аналарына қосымша мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге қатысты көп сұрақ қойылып келді. Ол толық шешілді. Екінші мәселе біз азаматтарға жабдықтар береміз. Соның тізімін көбейту мәселесі де қарастырылды. Үшінші мәселе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі. Электронды биржада олар үшін жеке айдар ашылып, қазір 5 мыңнан аса жарымжан азаматтарға орындар белгіленіп тұр. Сонымен бірге, қасында әлеуметтік қызметкерлердің статусы жөнінде айтылған болатын. Біз ол статусты әлеуметтік кодексте де қарадық, алдыңғы әлеуметтік қызметкерге қажетті өзгерістер осы заңда да қаралып отыр, – деді Тамара Дүйсенова. Брифингте бұдан бөлек «мүгедектік» статусы берілген азаматтарға мүгедектігін растау үшін жыл сайын медициналық тексеру жүргізу мәселесі, «Күміс алқаның» аналарға кеш берілуі, көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек сынды бірнеше сауалдар қойылып, жауап берілді.

Аяулым ЖАМАНҚАРА, Айжан ӨЗБЕКОВА, Қамар Қарасаева

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар