Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шерағамның тұп-тұнық айдынынан, Жауһардай жыр көресің, сыр көресің...

Шерағамның тұп-тұнық айдынынан, Жауһардай жыр көресің, сыр көресің...
ашық дереккөз
Шерағамның тұп-тұнық айдынынан, Жауһардай жыр көресің, сыр көресің...
Нұржан Манасұлы ДЕРБІСӘЛИЕВ 1987 жылдың 11 қаңтарында Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қошқарата ауылында шаруа отбасында туған. 2004 жылы осы ауылдағы №9 Абай атындағы орта мектепті, 2009 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 2011 жылдың қазан айынан бастап Жуалы аудандық «Жаңа өмір- Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде аға тілші, 2020 жылдың басынан Бас редактордың орынбасары болып еңбек етіп келеді. 2015 жылы «Отан үшін от кешкендер» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанып, сонымен қатар, «Жырлайды елдің бақытын, Тәуелсіз елдің ақыны» атты облыстық жыр мүшәйрасының, облыстық деңгейдегі басқа да жыр жарыстарының жүлдегері болды. 2011 жылы Павлодар қаласында өткен «Тәуелсіздік тұғыры» атты республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты. Шәкен Айманов атындағы республикалық сыйлықтың иегері. Облыстық Х Жастар Дельфийлік ойындарына қатысып, «Журналистика» номинациясы бойынша ІІ орын алған. Аудандық бірқатар жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Аудан әкімінің «Жас дарын – 2015» сыйлығының иегері. Тағдыры Талаптыға байлаулы адам... (Шерхан Мұртазаға арнаймын) Теңіздей толқығанда өр тағдырым, Жоғалтып алдым білем, ортамды мың. Халқына қорған болған Шерағаңдай, Болашақты бетке алып жортам бүгін. Көк аспан күңіреніп, жасын ойнар, Өтсе де қаншама күн, ғасыр, айлар. Киелі Мыңбұлақтың өр аспанын, Жарқыратып тұратын Асыл Ай бар. Айдыннан анық көрем жыр кемесін, Желкенін тағдыр желі үрлемесін. Шерағамның тұп-тұнық айдынынан, Жауһардай жыр көресің, сыр көресің. Шалқарда қазына бар, базына бар, Жақұттай жарқырайды қазір олар. Аққудай ақ айдынға аңсап келген, Сарғайған сағыныштың сазы қалар. Шерағам Тәңіртаудай тұлғасы нар, Сексеннің сеңгірінде шын жасы бар. Шыңдардан қыран сынды қарап тұрған, Тұлғаңды Алашымнан кім жасырар?! Кезің жоқ халқың үшін қайғы алмаған, Сөзің жоқ нақыл жырға айналмаған. Өмірдің тар жол, тайғақ кешуінде, Тағдыры Талаптыға байлаулы адам... Халқың үшін бағалы нар тұлғаңыз Сегіз ұлым бір төбе, Шерхан – жалғыз. Тұрардай ғасырларды көктеп өткен, Найзағайдай жай ойнап, жарқылдаңыз. Алашым кең құшағын жайса дәйім, Дейсіз Сіз, ең алдымен ой салайын. Тәңіртаудай тұрпатың елестетер, Намыстың тіліп түсер найзағайын. Бағаңды елден басқа береді кім? Өтсе де айлар, жылдар, өрелі күн. Тәңіртаудың бір шыңы – «Шерхан шыңы», Тәңірдің өзі айтсын, төрелігін?! Теңіздей толқығанда өр тағдырым, Тосамын толқыныңа арқамды мың, Шерханның атындағы мұзарт шыңға, Тәңіртауды бетке алып жортам бүгін!!! Мадақ Ақ бас шыңдардан ақсұңқар құстай түлеген, Арғымақ мініп, азуын айға білеген. Алаштың «алтын жал» ұлдары, Алланың сүйген құлдары, Махаббатым мен мадағым болсын бұл өлең. Алаштың ұлына ажалдың жебесі жетпеген. Ақтұлпар арманы ғасырды көктеген. Айбарлы сұсынан «қос-дүние» шошыған. Алдында құбыла, Тәңірге беттеген. Айдай әлемге «абадан» атағы жайылған, Қыранын ұшырса, Қырымнан қайырған. Көктүрік көшіне көзіңді салшы, Әлем, Кездері жоқ сірә, таупиқтен тайынған. Дуалы сөзі асқан ғапылдай ғасырдан, Дұғалы боз аспан төнеді басыңнан. Тұлпардың тұяғы, қыранның қанаты тұрғанда, Алдаспан асынып, аруағын асырған. Еуразия төріне айбынды Астана салдырған, Дидарын көруге дүниені зар қылған, Алаштың жерінен «бақ орда» жайнатып, Сұңғыла тарихқа осылай таңбасын қалдырған. Сыбызғы сазынан шығады сыңар үн, Маңыма жолама, меңіреу мұнар күн. Әлемнің алдында айбыным асқақтап, «Алтын жал» қалпыммен мәңгілік тұрармын. Ардақты жерімнен қаралы күн алас, алас, Аруақты елімнен жаралы жыл алас, алас. Аспанның астында, аруағын асырып Алшаңдап басады бұл – Алаш!!! БӨРІЛІ БАЙРАҚ КӨТЕРГЕН Бөрілі байрақ көтерген, Көктүрік елі, Тағдыр-талайын Тәңірі берген текті жұрт еді. Тізесі барларды бүгілтіп, басы барларды жүгінтіп, Қарсы келгенді қып-қызыл қанға бөктіріп еді. Бөрілі байрақ көтерген Бөрілер елі, Атамекені Еуразияның төрінен еді. Басынан сөз асырмай, Ғасырдан сөз асырған, Өлмейді мәңгі Олардың «Өмір – өлеңі». Бөрілі байрақ көтерген Көктүрік елі, Алтыннан Орда Арқаға соқтырып еді. Жалғанда мынау жел жетпес жылқыға мініп, Арпалысқанды ақбас атандай шөктіріп еді. Қыранды байрақ көтердің, алты Алаш елі, Ақ Орда салып, қондырдым, Арқаға сені. Көгілдір аспан төбеңде, қолыңда байрақ, Жау боп келгендер қалсыншы жолыңда жайрап. Тұлпарда тұяқ болғанда, қыранда қанат, Ақыретке жеткенше айтармын бұларға мадақ. Тұлпарға мініп ту алған, Текті Бабалар, Алаш жұртына тұрған шығар-ау, Тұранда қарап!!! Алаштың әні «Аспанның аясында ән шалқытқан, Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған». Әсет Найманбайұлы Жырыменен жазатын жан жарасын, Үніменен тербейтін бар даласын. Талбесіктен жеткенше жербесікке, Ән қалқытқан қазаққа таңғаласың. Тұлпардай астыңғы ерні жер тіреген, Тағдырдан өр дауыл мен жел тілеген. Аспанның астындағы Алаш айтар, «Өлсем де, домбырамды шертіп өлем». Арудың тарқатқанда жел бұрымын, Оның да еститінсің мөлдір үнін. Әгугәй-дан басталған әсем әуен, Бір белгісі қазақтың кеңдігінің. Әнім еді ол Шығанға шырқап салған, Әуені үзілмейтін бұрқақты арман. Жер мен көкті тербеген сол әнімді, Әлі де естисің сен ұрпақтардан. Әманда бұл Алаштың мұрасы бай, Көктегі жарқырайды Күн, асыл Ай. Біржан мен Ақан әнін тыңдағанда, Қалайша тебіренбей тұрасың-ай??? Шырқал әнім, күңірен жыр-домбырам, Алашым айбынданар тұлғаң бұдан. Дейтіндей, атам қазақ: сырымды айтам, Дейтіндей, таусылмайтын мұң қалдырам. Ұлың аз ба, ұлтыңа ұстын болған, Арылмайтын бір күйге түстім жалған. Аспанда шарықтаған Алаш әні, Дейтіндей: Шыңдарыңа құспын қонған. Алаш әні ұлттың ұлы мұрасындай, Ол әнді қалай тыңдап тұрасың жай? Қазақтың көңілі еш көншімейді, Салған әнін сан ғасырдан бір асырмай. Тастүлек (Аударыспақтан ҚР чемпионы, атақты көкпаршы Қайсар Махамбетовке арнаймын) Арғымақ ең, алты ай мінсе арымаған, Тарпаң ұлды тексіздер танымаған. Бел баласы сен едің, текті жұрттың, Мен, енді, қаламымды қолыма алам.... Ер түспесе сол жаман, Тұлпар туған құлынға, Аруағың аспандап, атың кетті Қырымға. Кетіп бара жатырсың, «Көкжал» салған жолменен, Көктүріктей бабаңның даңғылынан бұрылма. Нар жолында жүк қалмас, Ер жігітте көк болмас, Атың алты алашқа балуан боп жетті алғаш. Тұлпар мініп ту алдың, сені көріп қуандым, Көкбөріге сіңірген еңбегің де шет қалмас. Бүркіттен қыран құс болмас, Баулуы жетпей бөрі алмас, Тастүлегім сен едің, ұядан ұшса қайтып оралмас. Асыл пышақ ешқашан, қын түбінде жатпаған, Сегіз қырлы жүзі бар, алдаспаным «ақ алмас». Кедей ұлы – кембағал, байдың ұлы – бағылан, Аруақты ерім сен едің, алты алашым таныған. Қазанаттың қасқасы, азаматтың басқасына балап ем, Бір құдайым сақтасын, Дұшпандардың көздеп атқан оғынан. Мен көрейін өзіңді, «Көкжалдардың» тобынан! Серт Алаштан байтақ озбаса, «Ақ Орданы» Сарыарқадан сайламан. Бозды далам бозінгендей боздаса, Еске түсер Ұмай ана, Ай қаған. Отызында Ерлер орда бұзбаса, Оны сірә, қаған етіп сайламан. Аламанға түсіп, қаны қызбаса, Жабылардың бәйгесіне байламан. Атқан жебем жеті қабат жер астына жетпесе Қарағайдан көнді садақ будырман. Алаш үшін жанын құрбан етпесе, Намысы жоқ нәмәрт ұлды тудырман. Ақ арманым Алатаудай болмаса, Азаттықты аңыз қылып сөз етпен. Көзім жасы Аралыма толмаса, Маңдайдағы «қос бұлақты» көз етпен. Созған қолым Көкке барып тимесе, Арыстандай азуымды айға білемен. Қанатымды Күннің нұры сүймесе, Қыран кұстай құздан ұшып түлемен. Салған әнім сан ғасырдан аспаса, Домбырамды дауылпаздай қолға алман. Атағымнан атан үркіп қашпаса, Қатарымнан кем туылып, қор болман. Ақын туып, Алаш кегін қумасам, Найза қалам намысыма суарман. Ақ Жайыққа ақ бетімді жумасам, Алты Алаштан «абадан» боп тумасам, Ақ білекке аспан түстес «Ту» алман. Алашқа аян алып шаһар болмаса, Астананы Сарыарқаға салдырман. Алты алашқа Алла назар салмаса, Астананы «жұмақ жұрт» деп қалмаса, Жет бетінде жалғыз ізім қалдырман. Осы менің тілейтінім тағдырдан! Тілек Жер жайлы толғануды айып көрмен, Өз даңқын өзі әлемге жайып берген. Бір ел бар қасиетті Жуалыда, Терісті Ертіс көрген, Жайық көрген. Жан-жағынан қоршайды төрт тірегім, Қабыл алар, Ием де көп тілегін. Алатау, Құлантауы, Қаратаудың, Асқарлы шыңдарындай өткір елім. Жұмақтың шежіресін дөп басар кім? Қиялды көкке самғат, отқа салғын. Жұртымның жұмбағына көп беріліп, Көксайдың шатқалындай көп қашалдым. Бір білсе, «жұмақ» жайлы халық білер, Бір білсе, көктегі күн жарық білер. Жер бетінде осындай жұмақ барын, Алатаудай асқарлы алып білер. Бұл жұртың жұлдыздарға қол сермеген, Бейнеңді өлеңменен берсем деп ем. Арманы Алатаудай асқақ елдің, Абыройын асқарлардан көрсем деп ем. Жұлдызы Жуалының көкте жанған, Ұлдары генерал да, бек те болған. Даңқына Жуалыдай текті жұрттың, Тек қана Алатаудай жеткен арман. Жұлдызы биіктерде жанған елім, Ұл-қызы заңғарларға қонған елім. Даңқына Жуалының куә болған, Арманың бар ма сенің, бар ма менің? Жыр осы, тілек осы саған айтар, Жел айтар, елің айтар, далаң айтар. Қасиетіңе қапысыз басын иген, Әлі де мен секілді балаң айтар. Әлі де мен секілді балаң айтар... Қапер Талай да талай тарихтың куәсі болған мекен – бұл. Қыран қиял қияларға жетелеп, Тайбурылдай төтелеп, күндерге өткен жетермін. Тоныкөктің таңбасы, Күлтегіннің көмбесіне көз салсам, Оққа ұшқан «Оғыз» тәнімді арқалап, «О дүниеге» жоғалсам ... Көктүріктің көлкіп аққан қанымен, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңымен, Бұл дүние таңында, Қазақ болып қайта оянған екенмін. Көзімді ашсам алдыменен аспан көшкен, жер көшкен, Тауқыметті тағдырыма тап болдым, көктемімді көрместен. Ақ найзаның ұшында Арымыз бен Арманымыз аһ ұрып, Әр таңыма тәубе деп, күнімізді үмітпенен батырып. Жауласқанды жаһаннамға жіберіп, Ғұмыр кештік, жатқа тізгін берместен. Қазақ болып жаралғасын, Қоркыт баба аруағына, кете алмаймын соқпай бір... «Өзім» жайлы, өзім ғана ой толғап, өзімді-өзім жоқтаймын. Сыр мен Әму сағасында, сансыз жылдар сенделіп, Сансыз жылдар, жас жүрегім шемен болып шерленіп, Жалған емес, «мәңгі өмірді» мадақтауды жөн көріп, Мендік жүрек: қобыздайын қос ішек, тегі тыным таппай жүр... Асан Қайғы аңыздарын шығарады кім жокқа? Өмір бойы өкінейін, көлдей болған көз жасымды кұрғатпа... Жетім көңіл Желмаяның жетегінде кеткенмен, Терісаққан өзеніне тағдырым мен тауқыметім дөп келген. Көз жасымнан көл орнасын, Қайғырсам да, өкінсем де жоқ арман. Жарты әлемді жаулап алған, Шыңғыс хан да, Ескендір де жоғалған. Адам Ата амал қылып, Хауа Ананың кұрсағында жаралсам, Алла алдында айыптымын, тәубем менен түк қалмаса тобамнан! Қас дұшпанға, қас-қағым сәт, кезім жоқ-ты дес берген, Талай сыннан өттік аман «Тағы-тағдыр» кешкенмен. Тәңірінің өзі берген несібем, Замананың «Мен» қалмаймын көшінен, Өйткені «Мен» тағы-тағдыр кешіп ем!!!      
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар