Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АҚ НЕКЕГЕ ОТЫРУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ

АҚ НЕКЕГЕ ОТЫРУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
ашық дереккөз
АҚ НЕКЕГЕ ОТЫРУДЫҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз. Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уәбәрәкәтуһ! Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған кәміл дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік игілілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – некелесу. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы некелесу арқылы жалғасады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында: «Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», деп айтқан. Дінімізде үйленудің артықшылығы ғана айтылып қоймай, оның қалай жүзеге асатындығы, құда түсу, некенің шарттары, куәгерлердің болуы, мәһір сыйлығының берілуі, ата-ананың рұқсаты, тойдың өтуі, отбасылық өмірдегі ер мен әйелдің міндеттері мен әдептері сынды мәселелер толығымен баяндалған. Жалпы, неке деп – шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуын атаймыз. Неке өзіндік шарттары мен міндеттерінің орындалуы арқылы жүзеге асады. Осындай арнайы шарттардың жүзеге асуы арқылы құрылған некеге халқымыз «адал неке», «ақ неке» деген сөз тіркестерін қолданған. Ал некесіз еркін жүріске салыну дінімізде де, салт-дәстүрімізде де айыпталған. Сол үшін ақ некелі ерлі-зайыпты болу рухы таза отбасы құрудың негізі болып табылады. Қазақ халқы өмір жолына бірге аттанған бозбала мен бойжеткенді ата-ананың разылығынсыз, некесіз, ақ батасыз өз бетімен әсте жібермеген. Демек қазақи отбасының негізі тек – некелесу арқылы ғана қаланған. Ақ некенің адам баласының дүние-ақыретіне тигізер пайдалары өте көп. Мұсылман адам отбасы мәселесінде келесідей құндылықтарға мән беруі қажет: Бірінші: Ізгі жар таңдау  Адам баласының отбасы ізгі болуы үшін алатын жарының да ізгі болуы өте маңызды. Сол себепті де өмірлік жарды таңдауда сезімнің жетегіне берілмей, ақылға салып, ойланып, жан-жақты ақылдасып барып шешім қабылдаған дұрыс. Әсіресе жар ретінде таңдайтын адамның имандылығы, мінез-құлқы, тәрбиесі, тазалығы деген сипаттарына аса мән берілуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында: «Өз араларыңдағы бойдақ болып жүргендерді және құлдарың мен күндеріңнің ізгі болғандарының некелерін қиып, үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла мейірімін төгіп, жағдайларын жақсартады (байытады). Алла – рақымы шексіз кең, барлығын қамтушы, білуші», дейді. Үйленуді ниет еткен адам жар таңдауда. көрсеқызарлыққа, асығыстыққа салынуға болмайды. Себебі, көп жағдайда оның арты орны толмас өкініштерге алып келеді. Екінші: некенің шариғи талаптарға сай болуы Некенің неке болып саналуы үшін ол неке шариғат талаптарына сай болуы тиіс. Шариғи тұрғыдан неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы керек. Рүкіні – ижаб пен қабул. Ижаб деп – үйленгелі жатқан тараптың бірі отбасын құруға ұсынысын, ал қабул деп – екінші тараптың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөзді айтамыз. Мұсылмандық некенің шарттары мынадай: 1.Ижаб пен қабулдың бір орында болуы; 2.Тараптардың бірінің сөзін екіншісі естуі; 3.Тараптардың сөздері бір-біріне қайшы келмеуі; 4.Үйленуге тыйым салынған әйелдер санатынан болмауы; Тыйым салынған әйел деп отырғанымыз ер адамға өзінің анасына (әжелеріне), қыздарына (ұл-қыздарының қыздары және төмен қарай), әпк е-қарындастарына (әке-шеше бір не бөлек), немере және нағашы әпке-қарындастарына, бауырының қыздарына және одан де оңай. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.ғ.): «Некелеріңді жариялап мешіттерде өткізіп, дауылпаз соғып, біреулерің қой сойып болсын тойлаңдар», деген (имам Тирмизи). Діні мен дәстүрін қадір тұтқан қазақ халқында адал некесіз бір-бірімен жұптасып уақытша өмір сүру қағидасы мүлде болмаған. Көпшілікке жария ету арқылы ел екі жастың шынайы отбасы болып ақ отау құрып жатқандығын таниды. Қазақ халқы осыны негізге ала отырып, ақ босаға аттап келген келінге қайын жұртын беташар арқылы таныстырған. Сонымен қатар беташар халыққа жар салып жария түрде айтылатын болған. Үшінші: Отбасылық ақыларды орындау. Халқымызда «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі сыйлайды, екі жаман қосылса, отбасына сыймайды», деп айтқанындай, шаңырақтың берекесі шайқалмас үшін ер мен әйелдің екеуінен де бір-біріне деген сыйластық, өздеріне жүктелген міндеттерді орындау, отбасын аманат деп білу деген сипаттар талап етіледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 228-аятында: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар», деп айтқан. Демек отбасылық өмір екі жақтан да бірдей үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне назар салсақ ер адамға да әйеліне құрмет көрсетіп, жақсы қарауды бұйырса, әйел адамға да еріне бағынуды, сыйлап құрметтеуді әмір еткен. Мысалы, Алла елшісі (с.ғ.с) ер адамдарға: Төртінші: Талақ – Алла сүймейтін іс Халқымыздың санасында неке адалдықтың нышаны ретінде қалыптасқандықтан, оны бұзу сорақылық саналатын. Дінімізде де ажырасуға рұқсат берілгенімен, құп көрілмеген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу», деген (имам Насаи). Басқа бір хадисінде де: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса онда оған жәннаттың иісі харам болады», деп қатаң ескерткен (имам Әбу Дәуд). Қадірменді жамағат! Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмбетін үйленіп, көбеюге шақырып, былай деп өсиет айтқан: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари). Ханафи мәзһабының белгілі ғалымы Ибн Абидин (р.а.а): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған, кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», дейді. Алла Тағала отбасыларымызға амандық, әр шаңыраққа береке мен бақыт нәсіп етсін!

Жұма уағызын жүргізген

облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар