Қылқалам шеберіне құрмет
Биыл суретші, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толып отыр. Жамбылдық жұрт Ш.Ниязбековтің есімін ұлықтап, даңқты жерлесіміз екендігін мәртебе етеді.
Дарынды суретшіні есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы. Мерейтой қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде Мемлекеттік рәміздің авторының құрметіне ғылыми конференциялар, мерекелік іс-шаралар өтуде. Соның бірқатары Жамбыл жерінде ұйымдастырылып жатыр. Жуырда атаулы датаға орай Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақтың асқақ беделі – көк Туым» атауымен экскурсия ұйымдастырылды. Мекеме ұжымы оқушыларға ұлттық рәміздердің пайда болу тарихын түсіндірді. Әрі өнертапқыштардың көрмесі өтті.
Сондай-ақ өзі туған аудандағы Шәкен Ниязбеков ауылында «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Мұнымен қатар осы ауданда жаз айында атаулы мерейтойға орай мерекелік автошеру акциясы ұйымдастырылды. Акцияның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызға балайтын рәміздерімізге деген сүйіспеншілік сезімін ояту, ұлттық нышандарымызды ұлықтау, дәріптеу. Автошеруге 17 автокөлік қатысып, аудан орталығы – Аса ауылынан бастап, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков ауылындағы «Ту тұғыры» аллеясына дейін жалғасты. Осылайша жамбылдықтар рәміздеріміздің ұлықталуына, дәріптелуіне үн қосып, құрмет білдірді.
Сонымен қатар облыс орталығындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Шәкен Ниязбеков: қылқалам ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Елімізге есімі етене таныс тұлғалардың басын қосқан жиын барысында мерейтой иесінің мұралары дәріптеліп, мемлекеттік рәміздер кең көлемде насихатталды. Білімгерлер мен оқушылар қатысқан ғылыми-конференцияда жастардың бойына отансүйгіштік сезімді және патриотизмді күшейтуге баса мән берілді.
Конференцияға белгілі сәулетші, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚР Парламенті Сенаты сенаторлар кеңесінің және Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Төлеубек Мұқашев арнайы қатысты. Сонымен қатар Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, суретші-график, КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Фатима Тарази, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев те жиынға қатысып, бағалы пікірлерімен бөлісті.
Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мейірбекұлы Ш.Ниязбековтің жерлесіміз екендігі жамбылдықтар үшін айрықша мәртебе екенін айтып, мерейтой иесінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне тоқталып өтті.
– Жерлесіміз Шәкен Ниязбеков –
теңдессіз қылқалам шебері, даңқты суретші қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі. Алайда Жамбылдан шыққан талантты тұлға, ең алдымен, Мемлекеттік Тудың авторы ретінде танымал. Тарихқа көз салсақ, 1992 жылы Мемлекеттің Туды бекітер кезде 1 200-ден астам суретші қатысып, жобаларын ұсынған. Тәуелсіздігін жаңа алған республика өмірінде шешуші рөл атқарған байқауда Шәкен ағамыз жеңімпаз атанып, Мемлекеттік рәміздің авторы болып, ел тарихында өшпестей із қалдырды. Сол сәттен бастап қылқалам иесінің шексіздікпен ұштасқан шексіз идеясынан туған қыран бейнелі көгілдір туымыз егемен еліміздің бейнесі ретінде мемлекетімізді әлемдік ареналарға танытып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрағымыз тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамдардың жүрегінен орын алған бірегейлігі мен нағыз символы деп атап өткені баршамызға аян. Мемлекеттік рәміздерімізде еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастық халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше мазмұн бар.
Қылқалам ғұмыр иесінің есімін мәңгі қалдыру мақсатында облыста көптеген іс-шара ұйымдастырылуда. Мәселен, 2021 жылы Шәкен Ниязбековтің есімі өзі туып-өскен Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына беріліп, «Батыс Қытай-Батыс-Еуропа» тасжолының бойына тутұғыр орнатылды. Сонымен бірге рәміздер күніне арналған патриоттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Келесі жылға да көптеген іс-шара жоспарланған. Негізгі жоспарымыз –
ғылыми-тәжірибелік конференция аясында Тараз қаласындағы мектептердің біріне Ш.Ниязбековтің атын беріп, айшықты бюстін орнатып, көшеге есімін беру мәселесін қолға алған болатынбыз. Бюсттің мәселесі шешілгенімен көше мен мектепке атын беру Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауында жатыр. Тексерістен өткеннен кейін қолға алынған жобалар толығымен іске асырылатын болады, –
деді М.Мәтен.
Келесі кезекте Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков сөз алып, құнды естеліктерімен бөлісті.
– Құрметті жамбылдықтар, Шәкендей тұлғамен жерлес болған сіздер бақыттысыздар. Шәкен Ниязбековпен біз аға-іні десіп, бір-бірімізді жақын тартып, етене араластық. Ол кісіні мен өз ағамдай көремін. Шәкен аға менің түсінігімде қазақ халқының біртуар ұлы, өте талантты азамат. Елдігіміздің нышанына айналған Мемлекеттік Туымызды дүниеге әкелген тұлғаға қандай мақтау айтса да жарасады. Бір қызығы, қазіргі көк байрағымыз әуел баста конкурсқа түспеген. Шәкен ағамыз ол уақытта 4 әріптесімен тудың мүлдем өзге жобасын дайындап жүрген. Сессияға 15-20 күн қалған кезде маған «Жандарбек, саяжайға барып қайтайық» деп өтініш айтты. Ағамның көңілін қалдырмай саяжайға еріп бардым. Қаланың сыртындағы тыныш жерге барып, қазіргі рәміздің эскизін жасай бастады. Шәкең ол заманда Алматы қаласы елтаңбасының авторы, Алматы қаласының бас суретшісі ретінде танылған еді. Ағамыздың қасында жүріп, талантының соншалықты терең, қиялының құдіреті шексіз екенін танып-біліп, бір-бірімізге құрметіміз жарасып, өзіме ұстаз тұтып жүрдім. 1992 жылы 4 маусым күні Парламенттің Жоғары кеңесінің ХІІ сессиясында жобаларды қабылдады. Әлі есімде, сағат күндізгі 10:00. Сессия басталатын уақыт, бірақ ағамыз өткізуі тиіс тудың жобасы әлі жоқ. Қалғандарымыз өткізіп қойдық. Дегенмен кешіксе де Шәкен аға қолына болашақ туымызды орап кіріп келді. Содан не керек, депутаттар азаннан кешке дейін Мемлекеттік рәміздерімізге айналар жобаларды асықпай қарап, талқыға салды. Жобалардың бәрі бірдей депутаттардың көңілінен шыға қоймады, пікірталас қыза түсті. Түстен кейін сағат кешкі бестен кеткенде бірінші болып елтаңбамыз бекітілді. Ағам екеуміз қатар отырғанбыз. «Жандарбек, сенің жобаң өтті. Сен елтаңбаның авторысың» деп қуана мені орнымнан тұрғызған Шәкен Ниязбеков болатын.
Ешбір туды ұнатпаған депутаттар артынша «Анау ораулы тұрған туды ашып көрсетіңдерші» деді. Оралған қағазды жайып қалғанымыз сол еді, қыран бүркіт, нұрын шашқан күн бейнеленген көк байрағымыз бәріне бірден ұнады. Еш дауысқа салмастан осы туды мемлекеттік рәмізіміз деп бекітті. Елдігіміздің айғағы – Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілгеніне қалың қазақ қуанып, бөркімізді аспанға атып сүйіншіледік. Сол сәттен бері 30 жылдан асты. Осы уақыт бойы Мемлекеттік Елтаңбамыз да, Ту мен Әнұранымыз да азаттығымызды танытып, әлемдік ареналарда биік мінберлерден көрініп жүр.
Менде жалғыз ғана тілек – кейінгі ұрпақ рәміздердің қадірін, бағасын білсе игі. Нышандарымызға құрмет бала күннен қалыптасып, оларды сыйлап өссе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Ж.Мәлібеков.
Сөз соңында Ж.Мәлібеков ішкі қабырғаларында мерейтой иесімен бірге түскен суреті, ту мен елтаңба салынған қобдишаны музейге сыйға тартты.
Шара барысында Мемлекеттік рәміздер тақырыбы бойынша ҚР Ұлттық архивінің құжаттар көрмесі, Қазақстан Суретшілер одағының сурет көрмелері таныстырылып, Ш.Ниязбеков туралы деректі фильм көрсетілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
Жағдай қатаң бақылауда
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Жуалы ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- Бүгін, 14:52