Талап пен тәртіп
70 мың оқушы қамтылды
Жақында полиция қызметкерлері облыс аумағындағы бiлiм беру мекемелерінде психологтармен бірлесіп «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында профилактикалық дәрістер өткіздi. Облыстық полиция бөлімдерiнiң қызметкерлері оқушыларға құқықбұзушылық жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылатыны туралы айтып, жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптарын еске салды. Есірткі құралдарын және адам денсаулығына қауіпті басқа да заттарды тұтынудың зияны туралы жан-жақты ақпараттар бердi. Адамдар көп жиналатын жерлерде жүріс-тұрыс ережелеріне де ерекше назар аудару керектігі түсіндірілдi.
Аталған іс-шараға облыс көлемінде 500-ге тарта оқу орны тартылып, 70 мың оқушы құқықтық кеңестер алды.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелi түрде жүргізілiп тұрады, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серiк Әлдибеков.
Айта кетейік, жалпы жыл басынан берi облыста мектеп жанында 1 423 рейдтiк шара жүргізiлiп, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полиция бөлімдерiне 7 329 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткiзiлдi. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 119 қылмыс және кәмелетке толмағандар жасаған 83 қылмыс тiркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендеген.
Көлік жолдарында 15 мыңға жуық ақау анықталды
Жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың көлік жолдарына қатысты 2 484 тексеру жұмысы жүргізіліп, 20 мың шақырымнан астам жол қамтылған. Тексеру барысында облыстың көлік жолдарында 14 849 ақау анықталған. Сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің басшыларына 2 484 нұсқама берілді.
Көлік жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға мыңнан астам ақпарат жіберіліпті. Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 343 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылан.
– ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 631-бабы 1-бөлігі бойынша жолдарда жұмыстарды жүргізу, автомобиль жолдарын, теміржол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 230 лауазымды тұлға, сондай-ақ 20 жауапты адам аталған бап бойынша жауапқа тартылған. Өйткені олардың салғырттығының салдары дәл осы бап бойынша жол-көлік оқиғасына әкеп соққан. Олар осы іс-әрекеті үшін жауапқа тартылды, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев. Сонымен қатар 70 лауазымды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодестің 630-бабы 1-бөлігі бойынша жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын бүлдіргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ал жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін аталған Кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша ауданның көлік жолдарын күтіп ұстауға жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде Тараз қаласы және Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшылары, Шу қалалық әкімдігінің басшысы бар.
Бiр түнде 2 мас жүргізуші ұсталды
Жақында патрульдік полиция қызметкерлері аумақты тексеру барысында Тараз қаласындағы Төле би даңғылының бойында жол ережесін бұзған «Toyota Avensis» маркалы автокөлігiн тоқтатпақ болды. Аталған көлік жүргізушісі заңды талаптарды елеместен, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жол бойында «авто жарыс» жасаған.
Алайда жаңа электрмобильдi тiзгiндеген полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тез арада қуып жетті. 32 жастағы жүргізушiнiң масаң күйде болғаны байқалды. Медициналық сараптама қорытындысы оның орта дәрежеде алкогольдi iшiмдiк iшкенiн растады.
Құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодестің 608-бабы 1-бөлігі, 613-бабы 1-бөлігі, 593-бабы 1-бөлігі және 612-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші сот үкімімен 18 күнге қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Сондай-ақ осы күнi Қойгелдi көшесінде тоқтатылған «Меrsedes-Benz» маркалы көліктің жүргізушiсi де көлікті мас күйде басқарған. Құқық бұзушыға қатысты аталған Кодекстің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Ол сот үкімімен 15 күнге қамалып, 7 жылға жүргізу құқығынан айырылды. Автокөліктер айыптұраққа қойылды.
– Шын мәнінде, жаңа электрмобильдермен жұмыстың тиімділiгi артты. Қозғалыс кезіндегi дыбыссыздығы, жылдамдығы, басқару ыңғайлылығы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Аталмыш көлік көптеген құқықбұзушылықтың жолын кесуде, алдын алуда жоғары көрсеткiштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирi Руслан Оразбақов.
«Үздік жасақ бастығы»
марапатталды
Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде дәстүрлі түрде өтетін «Үздік жасақ бастығы» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқауда облыстық ҚАЖД-ға қарасты 5 мекемеден сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің қызметкерлері бақ сынасты.
Тартысты өткен сайыстың 4 кезеңінің қорытындысы бойынша №26 түзеу мекемесінің жасақ бастығы Руслан Балықбаев үздік деп танылды. Ол өзіне тән көшбасшылық қасиеттерін, кәсіби даярлығы мен алғашқы медициналық көмек көрсетуде біліктілігін танытып, ситуациялық сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен марапатталды.
Тараздық тұрғыннан синтетикалық есірткі тәркіленді
Есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау мақсатында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 25 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады.
Жеке тінту кезінде оның күртешесінен 92 дана көк түсті оралған зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат 47,86 грамды құрайтын Альфа PVP синтетикалық есірткісі екені анықталды. Сонымен қатар айғақтарды тексеру кезінде күдікті бұрын есірткі орамдарын жасырған орындарын көрсетті. Нәтижесінде Тараз қаласының Төле би көшесінің бойында және үш ықшамауданда жалпы салмағы 3,44 грамм Альфа PVP синтетикалық есірткі затының 7 орамы табылды. Барлық тәркіленген есірткінiң салмағы 51 грамм 3 миллиграмды құрайды. Бұл бірреттік 276 доза болады. Қара нарықтағы 1 грамының бағасы – 10-20 мың теңге.
– Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Заңда мұндай қылмыс жасағандарға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Келесі мақала