Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қылмыстың алдын алу – басты міндет

Қылмыстың алдын алу – басты міндет
ашық дереккөз
Қылмыстың алдын алу – басты міндет
Ақыл-есі дұрыс, ниеті түзу әрі құқықтық сауаты бар адам қылмыс жасамайтыны белгілі. Дегенмен біреуден біреу зәбір көргенде «қанға-қан, жанға-жан» деп, мәселені өзі шешпек болып теріс әрекетке баруы мүмкін. Енді бірі қоғамнан, заңнан әділеттік таппағаннан кейін оның жасаған іс-әрекеті қылмысқа ұласуы ғажап емес. Мысал ретінде айтар болсақ, біреу біреуге жұмыс істетіп, арада келісімшарт болмағаннан кейін оның ақысын бермей қойса, еңбегі қаналған адамды сауатсыздығына байланысты заң қорғай алмаса, ол өзін керек уақытында пайдаланып, еңбекақысын бермей қойған адамның иелігіндегі мүлкін ұрлайды немесе оны майып қылуға әрекет ете бастайды. Еңбегі қаналған он адамның тоғызы ақысын ала алмағанына іштей қынжылумен күн өткізер, ал аталған он адамның біреуі өз бетінше әрекет етпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Тағы біреу ойын көтере алмайтын адаммен орынсыз қалжыңдасса, ашуға мінген кейіпкер әжуалап тұрған адамның аузынан періп кеп қалуы мүмкін. Арада куәгер болмаса, таяқ жеген адам заңға мүсәпір, ал ұрған адам есерсоқ болып көрініп, ақыр соңында жұдырық жұмсаған айыпты болып шыға келетін жайт та өмірде кездеседі. Тағы бірі «аштан өліп, көштен қалып» бара жатпаса да тұрмысын түзеу үшін заңсыз іспен айналысуы, біреуді біреу қасына алдап ілестіріп, қылмыс жасауы, біреу жай ғана қарап тұруы мүмкін. Өмірде жолы болмай, амалы қалмаған тағы бір пенде қарақшылық жасаса, бірі ұрлық істейді, ал біреуге бұл қанына сіңген әдет болса ше? Сол секілді бірі ішімдік ішіп, бірі есірткі тұтынып есі кіресілі-шығасылы күйде қылмыс жасап, сауыққаннан кейін өкініп жатады. Не десек те қылмыстың өтеуі – жаза, ал оны болдырмау – құқық қорғау органы қызметкерлерінің басты міндеті. Қылмыстың алдын алуда үлкен рөл атқаратын тетіктің бірі – рейдтік іс-шаралар. Жақында Әулиеата өңірінде облыстық полиция департаменті осындай мақсатта кең ауқымды рейд жүргізген еді. Нәтижесінде 16 800 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 49 мас жүргізуші ұсталған. 400 көлік айыптұраққа қойылыпты. Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы облыс көлемінде он күн бойы жүргізіліпті. Полиция қызметкерлері осы уақыт ішінде 87 қылмысты анықтап, іздеуде жүрген 7 қылмыскерді және тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны, өзімен бірге алып жүргені үшін 30 адамды ұстаған. Сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған 6 мыңға жуық адам тексеріліп, 65 заңбұзушылық тіркелген. – Тәртіп сақшылары барлығы 16 824 әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде 2 142 абаттандыру ережелерін бұзу, 2 299 тіркеусіз немесе құжатсыз жүру, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе мас күйде болудың 793 дерегін анықтады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 232 адам жауапкершілікке тартылды. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде жүрген 854 кәмелетке толмаған жасөспірім белгілі болды. Жол қозғалысы ережелерін бұзған 8 466 жүргізушіге, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізген 49, тиісті құжаттары болмаған 260 тұлғаға айыппұл салынды. Сонымен бірге 1 475 көлік жүргізушісіне көше қиылысында жүру ережелерін бұзғаны, 1 168 жүргізушіге қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал 2 499 жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерінен өткені үшін жауапкершілікке тартылды. Рейдтік іс-шаралар кезінде айыптұраққа 400 көлік, оның ішінде 15 скутер және 13 шетелдік есепте тұрған көлік қойылды, – дейді Қ. Мәжікенов. Сонымен қатар ол тұрғындарға алдағы жылдың 12 қаңтарынан бастап шетелдік есепте тұрған автокөліктерді сақтандыруға тыйым салынғанын айтты. Енді қазақстандықтар шетелдік автокөліктермен сақтандыру қағазын алу арқылы жүре алмайды екен. Көрсетілген мерзімге дейін берілген сақтандыру полистері олардың қолданылу уақыты аяқталғанға дейін ғана жарамды болып есептеледі. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар