ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРДЫ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРЕМІЗ?
Қазіргі кезде ақпараттар ағынының көптігі сондай, жаңалықтардың барлығымен бірдей танысып шығуға мүмкіндігіміз жетпей қалады. Тіпті кейде қай ақпараттың шындыққа сәйкесетінін, қай ақпараттың ақиқаттан мүлде алыс жатқанын айырып алу қиынға соғады. Ең өкініштісі, әлдекімдердің мүддесі үшін ойдан шығарылған фейк ақпараттар тұрғындардың ойын онға, санасын санға бөліп, теріс бағыт-бағдар беруде. Сол себепті де мамандар халықтың кез келген ақпаратты талдап, өз бетінше тексере алуы маңызды екенін айтады.
Фейк жаңалық дегеніміз – шындыққа жанаспайтын, алайда шынайы дереккөз ретінде ұсынылып, қоғамды жаңылыстыруға бағытталатын ақпарат. Медиасарапшы Бақтыгүл Бурбаеваның айтуынша, фейк ақпарат – ақпараттық әлемнің вирусы. Маман көптеген фейктің белгілі бір мақсаты болатынын және көп жағдайда адамзатқа манипуляция жасау үшін туындайтынын айтады.
– Фейк ақпараттардың қауіпті тұсы – бір қарағанда өте сенімді. Байқамаған адам жетегінде кетуі әбден мүмкін. Жалған ақпараттың арасында аздап шындық болады. Шындыққа фантастика мен өтірік араласқан. Фейктер эмоцияны тудыратындай етіп жазылады. Көбіне қарапайым әрекет арқылы мәселелерді тез шешуге шақырады. Сондай-ақ фейк ақпарат оқиғаның немесе бір жағдайдың детальдарын білмеуден, яғни білместіктен пайда болады. Кейде фейкті таратқан адамның өзі көпшіліктің назарына жалған ақпарат ұсынып отырғанын білмеуі де мүмкін.
Фейктердің таралуының тағы бір маңызды себебі – қарапайым ғана әзіл-қалжыңдар. Мәселен, сіз ешқандай арам пиғылсыз, тек күлкі үшін жалған ақпарат таратасыз. Сіздің хабарламаңыз «WhatsApp»-тағы түрлі топтар арқылы жан-жаққа тарап, соңында талай адамның өміріне кері әсерін тигізуі ықтимал.
Фейктерді біріктіретін басты нәрсе –
алдау, фактілерді бұрмалау және көзқарасты өзгертуге тырысу, – деген маман жалған ақпараттар таралу себептеріне орай бірнеше түрге бөлінетінін жеткізді.
Дезинформация – қоғамды адастыру мақсатымен шығарылатын өтірік ақпарат. Дезинформацияда манипуляциялық сипат басым болады.
Мизинформация – білместікпен таратылып, қоғамды шатастыратын ақпарат.
Малинформация – ақпаратта өтірік жоқ, бірақ қоғамға зиян тигізу мақсатында шығару. Ондай ақпараттар өшпенділікті оятатын эмоциямен, асыра сипаттаумен жазылады.
«Егер коронавирус инфекциясынан бетперде қорғаса, инфодемиядан сыни ойлау қабілеті қорғайды. Кез келген ақпараттың экспрессивтілігіне ерік беріп, оған түрлі эмоция білдірмес бұрын ақпаратқа күмән келтіріп, дұрыс-бұрыстығын тексеру керек. Яғни бірнеше сұрақты басшылыққа алыңыз. Жарияланған ақпарат кімге тиімді және кім жазды? Мұндай факт болды ма? Сарапшы кім және оған сенуге бола ма? Ақпарат көзін дереу тексеріңіз. Егер ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болса, әртүрлі ресми дереккөздерден, ресми сайттардан немесе журналистер жұмыс істейтін ақпарат агенттіктерімен салыстырыңыз.
Ақпарат белгілі бір адамдардың немесе елдің мүддесі үшін жазылып- жазылмағанына назар аударыңыз. Өйткені арнайы бір өкілдердің мүддесін насихаттайтын арналар болады. Себебі сайттың «Біз туралы» немесе «Жоба туралы», «Редакция туралы» бөліміне кіріп, авторды, сайттың құрылтайшыларын білуге болады. Сайт басшылары туралы білу үшін WHOIS ресурсын қолданыңыз.
Ақпараттың қашан болғаны және өзектілігі өте маңызды. Он жыл бұрынғы видеоны бүгін болып жатқандай көрсететіндер де аз емес. Мұндай ақпарат «зомбифейк» деп аталады. Яғни бұрын болған оқиға «қайта тіріліп», ақпарат өрісінде пайда болады. Сонымен қатар кейде мүлдем басқа елде болған видеоны Қазақстан қалаларында болғандай етіп таратады. Мұндай жағдайда географиялық, архитектуралық ерекшеліктерге мән беру қажет. Видеода байқалған дүкен, кафе мейрамхана немесе көшелердің белгілеріне назар аударыңыз. Ағаштар мен гүлдерге, ғимараттардың түстеріне, автомобильдердің маркалары мен нөмірлеріне мән беріңіз.
Ал фотосуретті «Google Images» іздеу жүйесі арқылы тексеріңіз. Ең бірінші жарияланған фото арқылы қашан түсіріліп, қай жерде жарияланғанын көруге болады. «Fotoforensics.com» немесе «TinEye» қосымшалары арқылы фотоны талдап, өңделген немесе өңделмегенін көре аламыз. Сол секілді видеоны скриншот жасау арқылы, стоп-кадрлар арқылы және «YouTube Viewer» немесе «Invid» ресурстарымен тексерген жөн. Видеода дыбыстар, адамдардың дауыстары байқалса, қай тілде сөйлескендеріне мән беріңіз, – деді маман.
Жалпы «Stopfake.kz» порталы кейінгі үш жылда отандық кеңістіктен 3 мыңнан астам ақпараттың жалған екенін анықтаған. Биылдың өзінде 760 басылымның дерегі тексерілген. Талдау барысында фейк жаңалықтың көбіне вакцинация, коронавирустық пандемия, қастандық жасау, 5G байланыс форматы және интернет-технологиялар тақырыбында тарайтыны белгілі болыпты.
Сөз басында айтып өткеніміздей, қарапайым халық мәліметтің оң-терісін, дұрыс-бұрысын тексеріп жатпайды. Осы ретте «Stopfake.kz» сайты желінің отандық сегментінде жалған ақпараттың таралуын тоқтату және жалпы түсінбеушілік пен қате түсінік деңгейін төмендету, оқырмандарға сыни ойлаудың маңыздылығын еске түсіру және фейктердің қалай және не үшін жасалатынын түсіндіру бағытында жұмыс істеп келеді.
«Біздің жоба коронавирус пандемиясы кезінде қолға алынды. Ол кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат көбейіп, отандастарымыз арасында белсенді таралған еді. «Stopfake.kz» сайты осы инфодемиямен күресу, оқырмандарға дәлелденген деректерді ұсынып, фейк ақпараттарды жедел және дәйекті түрде жоққа шығару үшін құрылды. Ақпаратты тексерген кезде біз бастапқы дереккөзді анықтаймыз, ғылыми зерттеулерді қараймыз, фото және видео материалдардың түпнұсқалығын тексереміз. Сондай-ақ сауал жолдап, сараптамалық және ресми пікірлерді, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің дәйексөздерін келтіреміз. Үш жылдан астам уақыт ішінде біз Қазнетте тараған мыңдаған хабарламаның шынайылығын тексердік. Алғашқы ақпарат – карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты халық арасында 75 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленетіні туралы жалған ақпаратты терістеу болды», деді «Stopfake.kz» жобасының кураторы Айбек Күмісбеков.
Мамандар соңғы рет «Telegram»-да елді дүрліктірген «адамдарды цифрлық көміртегі төлқұжаттарымен бақылайды» деген ақпаратты теріске шығарды. Жарияланымда биыл қазан айының басында «Intrepid Travel» компаниясы «The Future Laboratory» болжам жасау агенттігімен бірлесіп, есеп дайындағанын көрсетеді. Бұл мәлімет көптеген шетелдік ақпарат сайтына тарап үлгереді. Туристік компанияның пайымдауынша, болашақта саяхатшылар үшін көміртегі төлқұжаттары енгізілуі мүмкін. Онда көмірқышқыл газын шығарудың жылдық лимиті көрсетіледі-мыс. Нәтижесінде мұндай құжаттар қозғалысты шектейді. Сонымен қатар жаһандық жылынуға байланысты саяхат картасы да өзгереді екен. Бірақ бұл болжам ғана деп берген. Шын мәнінде, фактчекерлер мұндай көміртегі төлқұжаттарын жасап, енгізу бойынша ресми мәлімдемелер немесе жобалар жоқ екенін анықтады.
Сайтта сарапшылармен сұхбаттар, желідегі алаяқтардың құрбанына айналмау туралы түсіндірме материалдар және жалған жаңалықтарды тануға қатысты нұсқаулар жарияланады. Сайт өкілі әлеуметтік желілерде немесе БАҚ-та жарияланған кез келген ақпараттық хабарламаның сенімділігіне күмән болса, порталдан тексеріп көруге кеңес береді.
Сондай-ақ А.Күмісбеков: «Шындықты өтіріктен ажырата білу – ақпараттық сауаттылықтың бір белгісі. Жалған жаңалықты тану үшін алдымен автордың кім немесе қандай ұйым екенін білу керек. Хабарламада нақты дереккөзге сілтеменің болуына немесе сілтеменің кімге жасалғанына назар аудару керек. Көбіне фейктер анонимді түрде таратылады. Немесе ақпарат көзі туралы өте түсініксіз жазылады, оқиғаның қайда болғаны, орны мен күні көрсетілмейді. Хабарламаға қарап, онда не жазылғанын дерек пе, пікір ме, соны анықтаңыз. Фейк белгілерінің бірі – оның тақырыбы айқайлап тұрады, оны одан әрі таратуға шақырады. Жалған хабарламалардың көпшілігі оқырманды берілген сілтеме бойынша өтуге итермелеу үшін жасалған жарнамалар немесе алаяқтық хабарландырулар. Сыни ойлауды дамытып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратпас бұрын ақпаратты тексеру қажет. Мұның бәрі смартфон мен интернеті бар кез келген адамға оңай әрі қолжетімді. Фотосуреттер мен бейнежазбаларды верификациялауға іздеу жүйелеріндегі кескінді кері іздеу қызметі көмектеседі. Қазіргі уақытта суреттің жасанды интеллект арқылы немесе адамның қолымен жасалғанын анықтайтын сайттар бар», деді.
Яғни кез келген ақпаратқа сын көзбен, талғаммен қарау керек. Объективті баға беру қабілетін қалыптастыру үшін біржақты пікірден арылып, екінші, үшінші тараптың үніне құлақ аса білу аса маңызды.
Талғат Нұрханов