Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әділетті қоғам өздігінен қалыптаспайды

Әділетті қоғам өздігінен қалыптаспайды
ашық дереккөз
Әділетті қоғам өздігінен қалыптаспайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында әділетті Қазақстан жұртшылықтың барлығына бірдей тең мүмкіндік беретін өркениетті ел болуы керектігін меңзеді. Сондықтан да мемлекетімізде заң мен тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік, жауапкершілік бәрінен биік тұруы қажеттігін баса айтты. Аталған Жолдауында Мемлекет басшысы: «Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету», – деді. Жалпы Әділетті Қазақстан құруда адам құқығына нұқсан келетін, мемлекетке, қоғамға зияны тиетін заңсыздықтар көрініс таппауы керек. Бұл ретте тәртіп сақшыларының атқаратын міндеті ауқымды. Мәселен, Жамбыл ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің жемісті жұмысының нәтижесінде өткен жылға қарағанда құқықбұзушылық саны едәуір азайған. Осы жылдың 11 айында полиция органдары 169 қылмыстық құқықбұзушылықты, оның ішінде 141 қылмысты және 28 қылмыстық теріс қылықты тіркепті. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 65-тен 41-ге дейін төмендеген. Тарқата айтқанда, ауыр қылмыс түрі 60-тан 37-ге, аса ауыр қылмыс 5-тен 4-ке, орташа ауырлықтағысы 70-тен 63-ке, ауырлығы азы 56-дан 37-ге, қылмыс 191-ден 141-ге, ұрлық 60-тан 31-ге, пәтер ұрлығы 20-дан 8-ге дейін азайған. Сол секілді ұялы телефон ұрлығы 8-ден 7-ге дейін, мал ұрлығы 12-ден 11-ге, интернет-алаяқтық 3-тен 1-ге, бұзақылық 8-ден 4-ке дейін төмендесе, өткен жылы 1 қарақшылық дерегі тіркелген, ал биыл қарақшылық мүлде орын алмапты. Дегенмен ауыр дене жарақатын салу мен жалпы алаяқтық өскен. Осы екеуінің ішінде алғашқысы бойынша 50, екіншісі бойынша қылмыс 17,6 пайызға артқан. Тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 69,8 пайызды құраса, оның ішінде ауыр қылмыстың әшкере болуы – 67,5 пайыз. Жалпылама айтар болсақ, биыл Жамбыл ауданында қылмыстың ашылуы едәуір ілгерілеген. – Аудан көлемінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету өз деңгейінде жүргізілуде. Мысалы, қарақшылық, ұялы телефон тонау және бопсалау сияқты ауыр қылмыстарға профилактикалық іс-шараларды нәтижелі жүргізудің арқасында жол берілген жоқ. Жамбыл аудандық полиция бөлімінде осы жылдың 11 айы аралығында 5 191 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама тіркелді. Оның ішінде 2 913 хаттама бойынша ескерту жарияланды. 1 939 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға сот арқылы салынған айыппұлдарды қосқанда айыппұл сомасының көлемі 39 миллион 547 мың 092 теңгені құрады. Оның ішінде 1 500 әкімшілік хаттама бойынша 32 миллион 132 мың 107 теңге айыппұл өндірілген. Жоғарыда келтірілген мәліметтер негізінде аудан аумағында жедел жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыспен күресті күшейту деңгейін арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп», «Мигрант», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Есеп», «Қару» және тағы басқа да жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтауға және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстардың жасалуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл күндері әлі де ең өзекті болып тұрған мәселе – бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету және алаяқтық қылмыстардың алдын алу. Сондықтан да қылмысты ашу мен алдын алуда біз тек полиция күштерін жұмылдырып қана қоймай, қоғамды, жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, бірлескен іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы басшылыққа алынады. Осы құжат бойынша ауданның ерекшеліктерін ескере отырып, бекітілген жоспар негізінде іс-шаралар әрдайым жедел кеңестерде қаралып тұрады. Бұл бойынша жергілікті әкімдік және мүдделі мемлекеттік орган қызметкерлерін тарта отырып, мемлекеттік-жекеменшік бизнес серіктестік аясында ұрлықтар жиі болатын нысандарда темір есіктер, дабыл қаққыш қондырғылар және бейнебақылау камераларын орнату туралы ұсыныстар қолға алынып жатыр, – дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров. Ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында құқықбұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық немесе жалпы орындарда жасалған құқықбұзушылық 27-ден 14-ке дейін кеміген. Қоғамдық тәртіп бұзу көшелерде 20-дан 11-ге дейін азайса, отбасылық-тұрмыстық жағдайда бұзақылық орын алмаған. Қаруды заңсыз қолдану 9-дан 3-ке дейін, атыс қаруын қолдану 6-дан 1-ге, суық қару қолдану 3-тен 1-ге төмендесе, қоғамдық тәртіп бұзу барысында адамдардың жарақат алуы кезікпеген. Есесіне нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес саласы бойынша іс өткен жылмен салыстырғанда 7 дерекке артқан. Оның саны биыл 30-ды көрсетсе, оның ішінде 9-ы есірткі қылмысы, 21-і қоғамға жат теріс қылықтар көрінеді. Есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуде 1780794,8 грамм марихуана тәркіленіпті. Жалпы қай қоғамда болмасын қылмысты болдырмау және оның алдын алу бұлжымас парыз. Сондықтан қоғамда заңсыздықпен күрес тоқтамауы тиіс. Жамбылдық полицейлер осы мәселені басты назарда ұстауда. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар