Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ИРАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСПЕК

ИРАНМЕН  ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСПЕК
ашық дереккөз
ИРАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСПЕК
Тегеран қаласында Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-отырысы өтті. Қазақстан Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин мен Иран Ауылшаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың тең төрағалығымен өткен жиынға екі ел министрліктері мен мемлекеттік кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар сауда, ауылшаруашылығы, логистика, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және басқа да салалардағы мемлекетаралық қатынастардың табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Серік Жұманғарин екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын үш миллиардтық межеге жеткізу міндетін қойғанын еске салды. – Осы тапсырманы орындаудың алғашқы қадамы өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою болады. Құжат экспорттаушы кәсіпорындарды бірнеше бағытта қолдауды көздейді. Ол – өзара сауда көлемін ұлғайту, сауда-саттықтағы шектеулерді алып тастау, екіжақты клиринг механизмін енгізу және тағы басқа, – деді вице-премьер. Сондай-ақ ол қазақстандық компаниялар Иран нарығына шикізаттық емес тауарлардың үздіксіз экспортын жолға қоюға мүдделі екенін айтты. Өндірушілер ирандық тұтынушыларға жалпы сомасы шамамен 250 миллион АҚШ доллары болатын 75 тауар позициясы бойынша өнім жеткізуге дайын. Сонымен қатар отырыс барысында Серік Жұманғарин Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран арасында еркін сауда туралы толыққанды келісім жасасуда елдердің қол жеткізген жетістіктеріне оң баға берді. Иранның Ауылшаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың айтуынша, ирандық кәсіпорындар Қазақстанға балық және сүт өнімдері, бал, жемістер мен көкөністер, кептірілген жемістер және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді ұйымдастыра алады. Сондай-ақ ирандық тарап қазақстандық инвестицияға қызығушылық танытты. Тегеран Қазақстаннан келген инвесторларға Иранның еркін экономикалық аймақтарында бизнес жүргізу үшін ерекше жағдайлар жасауға дайын. Оған қоса Үкіметаралық комиссия аясында көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерін дамыту қаралды. Каспий торабы бұл бағыттағы негізгі буынға айналуы мүмкін. Қазақстанның вице-премьері Тегеранға жұмыс сапары барысында ауылшаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестиция, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өнеркәсіп және көлік салаларындағы жетекші ирандық кәсіпкерлермен кездесті. Пленарлық отырыс соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Иранның Ауылшаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахт Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы 19-бірлескен үкіметаралық комиссияның хаттамасына және Тауар айналымын 3 миллиард АҚШ долларға дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды. Сонымен қатар үкіметаралық комиссияның қорытындысы бойынша ауылшаруашылық және метрология салаларындағы құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, бұл – Қазақстан мен Иранның Ауылшаруашылығы министрліктері арасындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы және Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Иранның Ұлттық стандарттау ұйымы Ұлттық метрология орталығы арасындағы метрология саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Тегеранға жұмыс сапары барысында Қазақстанның вице-премьері Иранның ауылшаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестиция, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өнеркәсіп және көлік салаларындағы жетекші ирандық кәсіпкерлермен кездесті. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар