Шаһарда атқарылған шаруа көп
Елімізде конституциялық реформалар қолға алынғалы азаматтық қоғамның белсенділігі де, саяси партиялар арасындағы бәсекелестік те арта түсті. Осы орайда «AMANAT» партиясы сан саланы қамтыған сайлауалды бағдарлама әзірлеп, оның жүйелі жүзеге асырылуы үшін Жол картасын ұсынды. Оның ішінде Тараз қаласына қатысты да нақты межелер көрсетілген. Апта басында өткен партияның Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысында шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Жол картасындағы көрсеткіштердің облыс орталығында орындалуы бойынша есеп берді.
Қала әкімінің сөзінше, сайлауалды бағдарламада жалпы бекітілген 53 көрсеткіштің 33-і бүгінде орындалып, 18 көрсеткіш жыл қорытындысымен өз мәресіне жетеді. Ал 2 көрсеткіштің орындалмау қаупі бар көрінеді.
– Аймақ экономикасын дамыту және тұрғындардың тұрмысын жақсарту бойынша 4 мақсат және 12 көрсеткіш белгіленген. Оның ішінде 8 көрсеткіш орындалса, 1 көрсеткіш жыл қорытындысымен орындалады. Тағы 2 көрсеткіш ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан орындалса, 1 көрсеткіш «AMANAT» партиясы тарапынан жүзеге асады.
Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер арасында 11 ірі сауда орталығымен меморандум жасалды. Биыл 41 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізілді.
Сонымен бірге 2027 жылға қарай жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын 47,5 мың бірлікке дейін жеткізу көзделген. Ол бүгінгі таңда 38 мың бірлік болып тұр. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа туристік маршруттарды әзірлеу бойынша жоспар толығымен орындалды. Туристік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша жоспарда 3 іс-шара болса, ол да толығымен орындалды.
Жүйелерді жақсарту бойынша 4 мақсат, 8 көрсеткіш белгіленіп, бүгінгі таңға 6 көрсеткіш орындалған. Ал 2 көрсеткіш жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Жергілікті маңызы бар 6,38 шақырым жол қайта жаңғыртылып, қала ішіндегі 87,5 шақырым жол жөнделді.
Бұған қоса Тараз қаласының автобус парктерін жаңарту мақсатында 58 автобус сатып алынды. Осы айда қоғамдық көліктер тағы 15 автобуспен толығатын болады.
Сондай-ақ 30 шақырым электр желілерін күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспары бекітілген. Нәтижелі жұмыстың арқасында 83 көшедегі бағдаршамдар жөнделіп, көрсеткіш 45,8 шақырымды құрады, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Тараз қаласында жол трафигін талдау және қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесін орнату жоспары бойынша 48 бірлік «Сергек» және 1 250 бейнебақылау камерасын орнату бойынша жоспар толық орындалған екен. Сондай-ақ биыл 83 көшеге жарықшамдар орнатылған.
Шаһар басшысы өз есебінде Тараз қаласында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру бойынша 5 мақсат және 21 көрсеткіш бекітілгенін айтты. Биылғы 11 айдың қорытындысымен 12 көрсеткіш орындалған. Ал 2 көрсеткіш жыл соңына дейін орындалуы күтілуде. Сонымен қатар 4 көрсеткіш «AMANAT» партиясы және 1 көрсеткіш цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан орындалады.
Екі жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелерде сапалы біліммен және тәрбиемен қамту бағытының жылдық жоспары 86,6 пайызға орындалған. Сондай-ақ білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 7 мектеп жоспарға енген болатын. Бұл жұмыстар толығымен орындалыпты. 3 мектепте химия, биология, физика, STEM, робототехника бойынша кабинеттерін ашу бекітілген. Бұл жоспар артығымен орындалып, 6 кабинет ашылған. Білім беру мекемелерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету құрылғыларымен жабдықтау бойынша 2 дабыл түйме, 45 турникет орнату жұмыстары 100 пайызға орындалыпты. Бұған қоса денсаулық сақтау ғимараттарын салу және іске қосу жоспарына 1 нысан бекітілген. Аталған бағыт бойынша 200 орынға арналған облыстық онкологиялық диспансері пайдалануға берілді. Мұнымен бірге 6 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бөлімін 25 бірлік медициналық құрылғымен қамтамасыз ету жоспары толық жүзеге асқан.
Орындалмау қаупі бар 2 көрсеткіштің жайына тоқталсақ. Қаладағы №7 қалалық емхананы қайта жаңғырту жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан кеш шыққан. Бұдан бөлек «Казарма» алқабында 180 орынды мектеп құрылысы 80 пайызға біткен. Аталған жоспардың жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде. Бұл жобаға жауапты орындаушылар – облыс әкімдігінің білім және денсаулық сақтау басқармалары.
Бақытжан Әмірбекұлы өз есебінде әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау жайына да тоқталды. Бұл бағыт бойынша сайлауалды бағдарламада 2 мақсат және 9 көрсеткіш белгіленіпті. Бүгінгі таңда жоспардың 5 көрсеткіші орындалса, жыл қорытындысымен 2 көрсеткіштің орындалуы күтілуде екен. Тағы 2 көрсеткіш «AMANAT» партиясы тарапынан орындалады.
– Тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға гранттар беру бойынша жоспар 100 пайызға орындалып, 183 азамат қайтарымсыз қаржыға ие болды. Жазғы кезеңде «Жасыл ел» еңбек жасағы арқылы 449 жас жұмыспен қамтылды. «Жастар практикасы» жобасы аясында 504 түлек жұмысқа орналасты. Еріктілер қозғалысын жандандыру бойынша 100 ерікті тартылды.
Сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шараларды күшейту жоспарындағы 3 көрсеткіштің екеуі орындалды. 1 көрсеткіш «AMANAT» партиясы тарапынан орындалады. Жалпы қала аумағында 20,4 мың дана ағаш отырғызылып, қоқысты бөлек жинауға арналған 1 120 контейнер сатып алынды.
«Ел бірлігі» жобасы аясында «Жомарт жан», «Шаңырақ» байқаулары, Этностар күні, «TikTokHouse» сияқты 16 іс-шара өткізілді. Жамбыл облысынан шыққан танымал тұрғалардың мұрасын дәріптеу мақсатында 12 іс-шара ұйымдастырылды. Өңірді дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін 25 белсенді азамат тартылды. Сонымен қатар қалада 320 спорттық жарыс пен бұқаралық спорттық іс-шара өткізілді. Белгіленген жоспар бойынша, округтерде жаңадан 11 спорт нұсқаушысы лауазымы енгізілді, – деді қала әкімі.
Сөз соңында шаһар басшысы «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Тараз қаласы бойынша Жол картасының жоспарына тоқсан сайын мониторинг жүргізілетінін және орындалуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Қала әкімінің есебінен соң депутаттар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Жиын соңында фракцияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала