Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АДАМЗАТҚА ҚАТЫСТЫ жалған АҚПАРАТТАР

АДАМЗАТҚА ҚАТЫСТЫ жалған АҚПАРАТТАР
ашық дереккөз
АДАМЗАТҚА ҚАТЫСТЫ жалған АҚПАРАТТАР
Соңғы кезде рейтинг пен хайп қуған бұқаралық ақпарат құралдары не болса соны жазатын болған. Жеке адамның жеке өміріне, «шекарасына» өтіп кеткеніне көз де, ет те үйреніп қалды. Енді тіпті адамзаттың тағдырымен ойнайтын болған. Әлем халқын алаңдатқан бірлі-жарым жалған ақпаратқа зер салып көрсек. «5G технологиясы – қару» Әлеуметтік желілерде қазақстан­дықтар «тіршілік иелерінің ауқымын­да» жұмыс істейтіндіктен 5G техно­логиясы адам үшін өте қауіпті» деген сарапшының қорытындысын таратуда. Бұл нені білдіреді және мұндай мәлімдемелерге сенуге бола ма? Анықтайық. Аталған зерттеуді жүргізген сарап­шы­дан бастайық. Құжатта ол Самара қаласының «Автомобиль көлігіндегі тәуелсіз сараптама орта­лығының» (АКТСО) қызметкері Антон Николаевич Колмыков деп жазылған. Мұндай есімі мен лауазымы бар адам туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын жазылған, бірақ даулы мәселеге қатысты. Калмыков 24 миллион рубль көлемінде грант бөлуді талап еткен. Ол осы ақшаға қажетті сараптамалар жүргізіп, Мәскеуде мавзолейде Владимир Лениннің денесі емес, еврей, АҚШ азаматы Даниэль де Леон жатқанын дәлелдемек болған. Колмыков бұл теориясын жанама болсын растаған жоқ. Бұл Колмыковтың қастандық теория­ларына сенетінін және оларды көпшілік алдында жақтайтынын көрсетеді, яғни оның 5G әсері тақырыбындағы зерттеулері күмән тудырады. 5G технологиясы қолданатын жиіліктерге келетін болсақ, олар құпия емес. 5G желілері 4G, Wi-Fi және полиция радарларының диапазондарында жұмыс істейді. Технология жаңа, қолданылмаған немесе бұрын болмаған жиіліктерді пайдаланбайды. Зерттеу авторы «тіршілік иелерінің ауқымы» деп нені тұспалдап тұрғаны белгісіз. Физикада мұндай ұғым жоқ. 5G желілерін пайдалану қауіпті емес екенін тәуелсіз ғалымдардың ғылыми зерттеулері растайды. Сондай-ақ иондамайтын сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссияның (ICNIRP) және Еуропалық парламенттің 5G-дің адам денсаулығына әсері туралы баяндамалары бар. Екеуінде де осы форматтағы байланыс адамның немесе жануарлардың денсаулығына зиянды әсер етпейтіні туралы жазыл­ған. Сонымен қатар бүгінгі таңда 5G желілері әлемнің көптеген елдерінде орнатылған, ал кейбіреулерінде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл елдерде көшеде жаппай қайтыс болу немесе естен танып қалу жағдайлары туралы хабарланған жоқ. Демек, желіде таралған зерттеуге сенбеген жөн. Оны қастандық теория­ларына сенетін біліктілігі күмәнді сарапшы жазған. Еңбекте псевдо­ғылыми терминдер келтірілген, ал шығарылған қорытынды объективті шындыққа қайшы келеді. Нанотехнологиялар құлдық құралы ма? Әлеуметтік желілерде халықты чиптеу туралы видеолар таратылуда. Онда жақын арада адамдарды интернет пен цифрлық қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналдыратын нанотехнологиялар туралы айты­лады. Бұл адамзатты жаһандық корпорацияның құлына айналдыруға мүмкіндік береді екен. Бұл – фейк. Видео көптеген қастан­дық тео­рия­сы­нан құрастырыл­ған. Олар­­дың ішіндегі ең танымалы – адам­дарды чиптеу. Ол СOVID-19 пандемиясы кезінде кеңінен таралды. Адамдарды чиптерді вакциналармен бірге ағзаға енгізеді деп қорқытты. Бүгінгі таңда ғалымдар чиптер енгізеді, бірақ адамдарға емес, жануарларға. Кореяда ғалымдар тышқандарға тәжірибе жүргізуде. Осылайша болашақта адамдардағы психикалық бұзылуларды, тәуел­ділікті, депрессияны тез емдеуге көмектесетін жаңа технологиялар зерттеледі. Биыл қыркүйекте Илон Масктың «Neuralink» компаниясы чипті миға енгізу бойынша клиникалық сынақтарға қатысуға дайын қыз­меткерлер мен адамдарды жалдай бастады. Бұған дейін кәсіпкер мұндай зерттеулердің не үшін қажет екенін түсіндірген болатын. Имплантация мүмкіндігі шектеулі адамдарға қозғалу қабілетін қалпына келтіруге көмектеспек. Сондай-ақ ол бассүйек-ми жарақаттарын емдеуге немесе жеңілдетуге бағытталған. Сал ауруына шалдыққандар миы мен оған енгізілген чиптің көмегімен компьютерде жұмыс істей алады немесе ұялы телефонды қолданады. Видеодағы қыз кванттық нүктесі бар таңба түріндегі чип туралы айтады. Бұл әскерилер сарбаздардың денсаулығын бақылау үшін жасаған датчик болар. Оны 2016 жылы «Profusa» компаниясы әзірлеген. АҚШ Қорғаныс министрлігінің Перспективті зерттеу жобалары агенттігінің байла­ныс коммуникациялар бөлімінің бас­тығы Джаред Адамс түсіндіргендей, бұл адамды интернетке қосатын чип емес. Оның электр бөліктері жоқ, контактілі линзаларға ұқсас материал қолданылады. Датчиктер ағзадағы глюкозаны, оттегін және басқа компоненттерді бақылайды. Олардың артуына немесе азаюына байланысты адамның ауырғанын немесе ауырмағанын түсінуге болады. Сондай-ақ хабарламада адам­дарды гидрогельді қолданатын биотехнология арқылы интернетке қосады деген болжам айтылады. Бұл – ылғалды сіңіретін полимер материал. Гидрогельді 1960 жылы химиктер Отто Вихтерле мен Драгослав Лим жасаған. Ал терминнің өзі 1894 жылы пайда болған. Алдымен коллоидты гель осылай аталды. Гидрогельді қолдану аясы кең. Ол тамақ, медицина және басқа да көптеген салада пайдаланады. Оның негізінде жасалған микрофлюидті чиптер де бар. Бұл құрылғы микроскоптағы слазаттық шыныға ұқсайды. Чип зерттеу үшін сұйықтық қажет болған кезде керек. Видеода адамдар ГМА-өнімдеріне айналады делінген. Автор бұған ешқандай дәлел келтірмейді. Ол мұны денсаулыққа зиянды ГМА-өнімдеріне ұқсатып отырған болар. Бұл мифті көптеген ғалым әшкерелеген. 2019 жылы Квинсленд университетінің өсімдік шаруашылығы бойынша директор, профессор Ян Годвиннің «Жеуге болатындай жақсы ма?» деген басылымы шығады. Автор ГМА азық-түлік өнімдері туралы былай дейді: «Олар біздің үстелге қалай түседі, зерттеу зертханаларынан бастап қандай кезеңдерден өтеді?» Демек, таралған видео адам­ның қиялын пайдалану және дәлел­денбеген, ғылымға қарсы және конспи­ро­логиялық идеяларды қайта­лау арқылы көрермендер мен тыңдаушыларды қорқыту әрекеті болып табылады. «Ерекше ет» кітабы Әлеуметтік желілерде адам етін жеу туралы даулы кітапты талқылауда. Онда адам етінің қандай түрін жеуге болатындығы және оны дәмді етіп дайындау жолдары сипатталған. Бұл қандай кітап және онда не туралы айтылған екен, анықтайық. Постқа тіркелген фотосуретте аргентиналық жазушы Агустина Бастерриканың «Ерекше ет» кітабы көрсетілген. Бұл 2017 жылы шыққан және «Clarín» сыйлығын алған антиутопия. Кітаптың сюжеті таңғалдырады. Онда бүкіл мал вирус жұқтыр­ғандықтан адамдар олардан құтылуға мәжбүр болғаны туралы айтылады. Бірақ адамдар еттен бас тартқан жоқ. Адамзат баласы екі санатқа бөлінді – адамдар және «мал адам» (кітаптағы термин – автор.). Адамдар әдеттегідей өмір сүрді – олар жұмыс істеп, отбасы құрды, бір-бірімен сөйлесті. Екіншілері сою үшін өсірілді, тіпті олар сөйлеп, айқайламас үшін дауыс желбезектері кесіп алынған. Айта кетерлік жайт, Агустина Бастерриканың өзі вегетариан және он жылға жуық уақыт бойы ет жемеген. Ол өзінің кітабымен жануарлардың етін жеу адамдар үшін тамақтану ғана емес, сонымен қатар ерекше рәсім екенін көрсеткісі келді. Мысалы, оның туған жері Аргентинада сиырды сойып, етін жейді. Бұл қалыпты жағдай. Ал Үндістанда бұған тыйым салынған. Өйткені сиыр қасиетті жануар болып саналады. Ет тұтыну дәстүріндегі осын­дай сәйкессіздіктерден ол теория­лық тұрғыдан каннибализмнің ажырамас бөлігі болатын мәдениет пайда болуы мүмкін деген ойға түседі. Сонымен қатар адамдарды жейтіндер мен тағамдарға нақты бөлу – бұл қазіргі қоғамдағы жамандық пен қате түсініктерін көрсететін капитализмге сатира. Осылайша Бастеррика өз жұмы­сында адам жеуге шақырмайды және оқырмандарға оны дұрыс дайын­дауды үйретпейді. Ол канни­бализмді қалыпты жағдай деп таныт­пайды, керісінше адамдарды өз көзқарасын қайта қарауға, сондай-ақ кейбір қылықтарын, соның ішінде тамақтануды да өзгертуге шақырады. Әлеуметтік рейтинг әлегі «ТикТок» қолданушылары әлеу­меттік несие жүйесін енгізу туралы жаңалықты талқылауда. Болоньяда парасатты азаматтарға тәртібі жақсы болғаны үшін ұпай беріледі, ал бағынбағандарға айыппұл салынады екен. Бұл хабарлама рас па? 2023 жылдың наурызында Болонья билігі муниципалитеттер мен халық арасында байланыс орнатуға көмектесетін қосымша әзірлеп жат­қаны туралы айтты. Пилоттық жоба туралы қала мэрі Маттео Лепоре хабар­лады. Қызметтердің көбі цифрлық форматқа ауыстырылып, тұрғындарға онлайн режимде ұсы­ны­лады. Қосымшада қалалық жаңа­лықтар да жарияланбақ. Бұл ретте телефоны мен компьютері жоқ егде жастағы адамдар тікелей қалалық мэрияға жүгіне алады. Қосымшада «Азаматтың ақыл­ды әмияны» деген жеке бөлім бола­ды. Оны пайдаланатын қала тұрғындарына қоқыстарды сұрып­тағаны, жеке көліктің орнына қо­ғамдық көлікті пайдаланғаны, электр қуатын үнемдегені және тағы басқалары үшін жеңілдіктер мен шегерімдер жасалады. Бұл тетік сатып алулар үшін бонустар берілетін супермаркеттердің қосымшаларына ұқсайды. Ал тәртібі жаман болса салынатын айыппұлдар туралы ақпарат жоқ. «Азаматтың ақылды әмияны» қазірдің өзінде сынға ұшырады. Әр пайдаланушының жеке деректері қаншалықты қорғалатыны белгісіз. Италияда пилоттық жоба тек Болоньяда ғана іске қосылады. Сонымен қатар бағдарламаны қолдануға ешкімді мәжбүрлемейді, оны пайдаланбауға да болады. Демек, әлеуметтік желіде жария­ланым ойдан шығарылған. Италияда әлеуметтік несие жүйесі жоқ. Болонья тұрғындарына қоғам үшін пайдалы және экологиялық таза әрекеттері үшін жеңілдіктер жасалады. Жасұлан Сейілханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар