Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әрбір естелік – ғажайып кітап

Әрбір естелік – ғажайып кітап
ашық дереккөз
Әрбір естелік – ғажайып кітап
Жуырда қолыма «Көз жүгіртіп көрейік» атты жаңадан жарық көрген кітап түсті. Авторы өзімізге таныс Сайлаубек Оразбаев екен. Әрбір адам атақты немесе атақсыз болсын, қолынан келгенше өз басынан өткендерін өмір деген аудитория төрінде тұрып, естелік етіп жазса ғанибет емес пе? Өйткені әрбір естелік – ғажайып кітап. Сайлаубек бұл кітапты қайраты тасып, өнері асқан кезде емес, зейнеткерліктің дәмін татып, өткен өмірге ойлана көз тастау кезінде қолға алып отыр. Оның өсіп келе жатқан өз балалары, немерелері бар. Жетіліп келе жатқан жас ұрпақ бар. Солар өткеннен сабақ алсын, бабалар дәстүрінен бастау алатын шежірелік тарихымызды білсін деген ниетпен осы кітабын ұсынып отырғаны сөзсіз. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген аталы сөздің тектен-тек айтыла салмағаны анық. Бабалар салған байырғы дәстүрдің қасиетін, өнегесін ұстанбай, оларды түсініп, қадірлей білмесек, көсегеміздің көгермейтінін аңғару қиын емес. Тегін білгеннің таным-түсінігі кең, адамгершілік, мейір-шапағаты мол, туыстық, бауырмалдық сезімі таза болып өседі. Жасынан елгезек, анасының бауырында тілалғыш, еңбекқор болып өскен Сайлаубектің өн бойында жақсы қасиеттері, өнері аз емес еді. «Жігітке жеті өнер де аз» деп халқымыз айтқандай, жасынан өнерге құштарлығы басым болатын. Музыкалық аспаптарда жақсы ойнап, ән салуды ұнататын. Ұстаздық жолында да бұл өнерін қалдырмады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере жүріп балаларды музыкаға да баулыды, домбыра үйірмесін ұйымдастырды. Зейнетке шыққан кезінде ауыл мешітінде имам әрі ақсақалдар ұйымының төрағасы болды. Көпшілікті имандылыққа, ауызбіршілікке шақырды. Осындай игілікті істерді атқара жүріп жазуға деген құштарлығы арта түсті. Бірнеше мақалалары мен тәрбиелік мәні бар кітаптары жарық көрді. Олардың қатарында «Имандылық – ізгі қасиет» «Өнегелі орта», «Атамның әңгімесі», «Төлебек Қостай», «Сен осыны біліп ал», «Жәкем Балабек Бекназар», «Ауыл мектебінің перзенттері», «Имандылық – өмір айнасы» «Ұстаз және шәкірт» атты туындылары бар. «Көз жүгіртіп көрейік» атты жаңа кітабының да көптің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленеріне сеніміміз мол. Әсіресе Жуалы ауданындағы Қызыларық ауылынан шыққан, әрбір ісі мен сөзі өнегелі бабалар, ақын, іскер, білімді тұлғалар жайлы білудің тәрбиелік маңызы зор. Туындыда Жуалы өңірінің кешегісі мен бүгіні жайлы да кеңінен түсінік беріледі. Авторға ұзақ өмір, зор денсаулық, мол бақыт тілей отырып, әлі де жазарыңыз, келер ұрпаққа берер ғибратыңыз көп болсын дегіміз келеді. Күлдәнеш МІРАЛИЕВА, Халық ағарту ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар