Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КУБАҒА САПАРЫ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КУБАҒА САПАРЫ
ашық дереккөз
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КУБАҒА САПАРЫ
Бостандық аралындағы тарихи-саяси жағдай 1959 жылы Фидель Кастро, Эрнесто Че Геваро, Рауль Кастролар бастаған Куба революционерлері Батистаның режимін құлатты. Кастроның орнатқан үкіметімен әлемде біраз мемлекет дипломатиялық қарым-қатынасын үзген болса, бірқатар ел қайта байланыс орнатты. Байланыс орнатқандардың қатарында бұрынғы Кеңес одағы да болды. Қазір Латын Америкасындағы социалистік даму жолына түсіп, сол жолды жалғастырып келе жатқан ел – Куба. 1962 жылы күзде бұрынғы Кеңес үкіметі Кубаға жасырын түрде атом қаруы мен әскери базасын орнықтыруынан АҚШ-пен арада дүниежүзілік ядролық соғыстың тұтануына шақ қалған болатын. Оған АҚШ-тың 1961 жылы Түркияға «Юпитер» зымыранын орналастыруы себеп болған еді. Бірақ мәселе алпауыт ядролық құралы бар екі елдің үкімет басшылары мен дипломаттарының шұғыл дұрыс шешім қабылдауының нәтижесінде соғыс өрті тұтанбай тоқтаған болатын. Бұл тарихта «Кариб кризисі немесе Кубаның ракеталық кризисі» деген атпен қалды. Кеңес одағы Кубадағы өз әскери базасынан әскерлері мен ракеталарын Куба басшыларының келісімінсіз шұғыл түрде әкетеді. АҚШ Түркияға орналастырған зымырандарын алып, Кубаның қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сөйтіп, әлем ядролық соғыстың тұтануынан аман қалды. Бірақ АҚШ 1960 жылдан бастап Кубаға қарсы экономикалық санкция орнатып, оны күні бүгінге дейін күшейтіп келеді. Кеңес одағы мен Куба елінің және екі мемлекеттің көшбасшыларының арасындағы қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру мақсатында Фидель Кастроға Кеңес одағына 1963 жылдың кез келген уақытында келуіне шақырту жіберіледі. Сөйтіп, Куба революциясының атасы Фидель Кастро 1963 жылдың 27 сәуірінде өте құпия жағдайда Мәскеуге ұшып келеді. Дақпырт пен шындық Фидель Кастро Мәскеуге Мурманск арқылы ұшып келеді. Сол сапарында Куба басшысы Волгоград, Иркутск, Красноярск, Свердловск, Ленинград, Киев, Сухуми, Тбилиси, Ташкент қалаларын аралап, саяхаттайды. Ташкентте өткен халықпен бір кездесуінде ол: «Мен Бауыржан Момышұлы мен Жамбыл Жабаевтың туған жерінде болуды армандадым», деген екен. Осы хабарға сүйеніп, ел арасында «Фидель Кастро Бауыржанды шақыртыпты» деген дақпырттың желдей есіп тарап жүргені Баукеңе ұнамай, оның шындығын өзі былай деп жазыпты: «...Мен өз басым бұл хабарға көпке дейін мән бермей жүрдім. «Кубаға баратын екен, бірақ та жібермепті..» деген өсек екі жыл бойы қыр соңымнан қалмады. Барсам, барайын деген шешімге келдім. Ешкім маған «сені Кубаға жібермейміз» деген жоқ. Қайта шетелге керекті ресми құжаттарды қолма-қол тиісті кеңселерден уақытылы өткізіп, Мәскеуден виза алуға жәрдемдесті. Менің істегенім – қысқаша анкетаны толтырып, 5X9 үлгідегі 3 дана фотокарточкаларымды тапсыру ғана болды.» Фидель Кастро, Эрнесто Че Геваро, Рауль Кастродан бастап Куба жауынгерлері Кубада испан тілінде жарық көрген Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабынан Б.Момышұлы туралы оқып, Баукеңді өздеріне ұстаз тұтқан. Фидель Кастро «Бауыржанның туған жерін көрсем» деп армандаған болса, Рауль Кастро «Бауыржан Момышұлын Куба жерінде көрсек қуанар едік» деген. Кубаның Қарулы күштерінің министрі Рауль Кастро Бауыржанды Куба жерінде көргісі келетіндігі жөнінде Кеңес жазушылары Сергей Смирнов, Александр Кривицкий, Василий Субботин, чехословак жазушысы Вацлав Кубик өздерінің Куба әсерлері туралы баспасөз бетіндегі мақалаларында жазады. Баукең сол материалдарды оқыған. Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабы алғаш 1944 жылы орыс тілінде жарық көрді. 1946-60 жылдары ағылшын, иврит, испан, қытай, неміс, және тағы басқа көптеген тілге аударылып басылған. Баукең 1965 жылы А.Бектің «Волоколам тас жолы» кітабының неміс, кәріс, араб тіліне аударылған үш кітабына қолтаңбасын қойып, Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Қазір бұл кітаптар «Даңқ» залындағы көрмеде тұр. Кубадағы испан тілінде жарық көрген кітап туралы: «Американдық жалдамалылармен Плайя-Хирондағы шайқас күндері көптеген қырағы жауынгерлердің қоржындарында Кубада жарық көрген А.Бектің повесі болған. Міне, «Волоколам тас жолының» жебесі қайда жеткен?» дейді Василий Субботин. Фидель Кастро, Эрнесто Че Геваро, Рауль Кастродан бастап Куба жауынгерлерінің сол Кубада испан тілінде жарық көрген кітапты оқығаны анық болды. Шетелдерден Кубаға келген туристерге жетекші гид қызметін атқарушы Ольга Лоренсе Бауыржанға: «Сен туралы кітапты бірінші оқыған Фидель еді. Соны бізге ұсынған да сол кісі болатын. Ол сізді жақсы көреді», дейді. Рауль Кастро Фидельдің тапсырмасымен Мәскеуде болғанында өз елінің елшісі арқылы Бауыржан Момышұлы туралы анықтама жинайды. Бауыржанның аман-есен Алматыда тұратынын, кітап жазатынын біліп, өзінің тиісті каналдары арқылы Кубаға келуге өтініп, шақырту жіберген екен. Кеңес Жазушылар одағының шетелге жіберетін комиссиясы Бауыржанды Кубаға туристік сапармен баратын делегацияның құрамына қосып, рұқсат береді. Тойдың болғанынан боладысы қызық Баукең сырқаттанып қалып, қыркүйектің 5-і күні ауруханаға түседі. Жұбайы Ғайникамал «Бауыржан Момышұлы бесінде аттанады. Үшінде Мәскеуде болу керек» деген телеграмманы ауруханаға әкеліп береді. Дәрігерлер, әсіресе Ким Аршакова Баукеңді дұрыс емдеп, 29 қыркүйекте ауруханадан шығады. Үйіне келген соң «Момышұлының аттануы қарашаның отызына шегерілді» деген телеграмма алады. «Барамын деп айтып қойған соң, енді кейін шегіне алмаймын» деген Баукең Кубаға әйелі мен баласы Бақытжанды да бірге ала кетуге бел байлайды. 8 қазанда Мәскеудегі Жазушылар одағының шетелге жіберетін комиссиясының хатшысына төмендегі мазмұнда телеграмма жолдайды: «Маған Кубаға баруға рұқсат бергеніңіз үшін рақмет. Маған балам Бахытжан Бауыржанович Момышұлы мен жұбайым Баубекова Ғайникамал Момыш келінін бірге баруға рұқсат беруіңізді сұраймын. Бірнеше күн ішінде сізге тиісті өтініштер мен құжаттар ұсынылады. Осы аптаның соңында біз Мәскеуде боламыз. Құрметпен Бауыржан Момышұлы» [ҚРОМА 1432-қор]. Баукеңнің отбасымен бірге Кубаға баруына рұқсат беруін сұранып Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қуандық Шаңғытбаевтың Кеңес одағының Жазушылар одағы шетелге жіберетін комиссиясының хатшысы Медведевке 1963 жылғы 9 қазанда ресми жолдаған №СП-18 өтініш хаты бар. Ол хатта былай деп жазылған: «Жазушы Бауыржан Момышұлы Рауль Кастроның щақыртуымен Кубаға бара жатып, 1941 жылы туған баласы Бақытжан Момышұлы мен 1921 жылы туған жұбайы Баубекова Ғайникамал Момыш келінін өзімен бірге алып кетуге бізден рұқсат беруімізді өтінді. Қазақстан Жазушылар одағы Момышұлы Бауыржанның отбасына қатысты барлық моральдік жауапкершілікті алады. Сізден Момышұлы жолдастың өтінішін қанағаттандыруыңызды сұраймыз. Құрметпен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Қ.Шаңғытбаев» [ҚРОМА 1432-қор]. Қуандық Шаңғытбаевтың қолымен Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы секретариатының 1963 жылғы 10 қазандағы №17 бұйрығына сәйкес Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Б.Момышұлымен бірге жұбайы Баубекова Ғайникамал Момыш келініне және баласы Момышұлы Бақытжанға 1963 жылдың 11 қазаны мен 20 желтоқсаны арасында 60 күнге Мәскеу-Мурманск-Гавана-Мәскеу бағытында іссапарға жіберу туралы №59 іссапар куәлігі [ҚРОМА 1432-қор] дайындалып беріледі. Баукеңнің баласы Бақытжан болса, бұл кезде Жуалыдағы өндіріс басқармасының газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеп жүрген болатын. Баукең баласына да телеграмма жолдап, жолға дайындалуын ескертеді. Баукең жұбайымен бірге 11 қазанда пойызбен Алматыдан Жуалыға шығып, таңсәріде жетеді. Күні бойы ауылында болып, сол күні түнгі 12-де Фрунзе-Мәскеу пойызына мінеді. 16 қазанда сағат 16:00-де Мәскеуде болады. Вокзалда Әмина Бапинамен кездесіп қалып, төртеуі «Заря» қонақүйіне орналасады. Бір күнін демалысқа арнап, екінші күні Ғайникамал, Әмина, Бақытжан үшеуі дүкен аралайды. Ал Бауыржан шетелге жіберетін комиссияға барады. Бұл жөнінде Баукең: «Құжаттарды қарап шыққан дипломат: «Жұбайыңыздың жүрегі мұндай алыс жолға жарай қоймас. Аспанда 18-20 сағат болуға тура келеді, аэродромда 4-6 сағат боласыздар. Виза алуға да уақыт тығыздау. Еуропаның қай еліне барамын десе, жұбайыңызға да, балаңызға да виза алдырып берейін, жақын 2-3 сағат қана ұшады, ал Кубаға уәде бере алмаймын. Сіздің визаңыз біздің сейфте. 30 қазанда ұшасыздар. Оған дейін халықаралық екпе салдырыңыз», деп мекенжайы мен телефонын беріп, сөзін аяқтады», дейді. Ғайникамал салқын тиіп ауырып қалады. Бауыржан, Бақытжан мен Әмина үшеуі Мәскеудегі досы академик Евгений Вучетичтің үйінде ақын Вершинин және бір профессормен бірге қонақта болады. Г.Р.Рошаль мен Вера Павловна үйіне қонаққа шақырады. 20 қазанда жұбайы Ғайникамал қатты ренжіп, чемодандарын жинап Алматыға қайтып кетеді. Баукең аузы-мұрнына ұшық шығып, тамағы жұтқызбай, басы ауырып, аяқ-қолы сырқырап жатып қалады. Денсаулығы нашарлауына байланысты Кубаға жібермей қояды деп қауіптеніп, жылы оранып жатады. Қазанның 21-інде құлап, 28-інде төсегінен тұрады. 29 қазанда интуриске барып, құжаттарын тапсырады. 32 адамнан тұратын топтың құрамында өзі бұрыннан танитын әдебиетші профессор Александр Исбахпен бірге халықаралық Шереметьево аэродромынан 30 қазанда Чехославакияның астанасы Прага қаласы арқылы отбасымен емес, жалғыз өзі ғана Гаванаға ұшады. Мәскеуден Кубаға баласы Бақытжан шығарып салады. Салмағы бөлек саяхат Мәскеуден ұшқан ұшақ 2-2,5 сағаттан соң Чехословакияның астанасы Прагаға қонады. Делегация Чехословакияда бір жұма қыдырып, Прагада, Карлова Вары, Марианск Лазнеде, Плзеньде саяхаттайды. Бауыржан Момышұлы ол жерде өз таныстарымен, достарымен, әскери академияда оқытқан шәкірттерімен кездескен. Баукең мінген ұшақ Гавана аэродромына 1963 жылдың 5 қарашасында сағат 11:45-те қонады. Аспанда 21 сағат болып, шаршап-шалдығып Кубаға жетеді. Аэровокзалда құжаттарын тексеріп жатқан офицерлер әйгілі қолбасшы, екінші дүниежүзілік соғыста даңқы шыққан стратег әрі тактик Бауыржан Момышұлын танып, оған ізет көрсетіп орындарынан тұрады. Бұлар Баукең туралы жазылған кітапты оқыған, ол туралы әбден білетін жауынгерлер болып шығады. Сөйтіп, жиырма бес қабатты «Гавана Либрэ» қонақүйінің 1122 нөміріне орналасады. Баукең 10 қарашаға дейін туристік сапармен келген жолдастарымен Гавананың ең таңдаулы тарихи орындарымен танысады. Гавана мен гаваналық тұрғындар керемет әсер қалдырады. Баукең кубалықтарға «Кубалықтар көңілді әрі төзімді халық» деп баға берген. Бауыржан Момышұлы Кубаға турист есебінде барса да сапарының екінші күні-ақ «Ой» газетінің бірінші бетіне портретімен қоса «Кеңес одағының полковнигі, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы» деген мақала жарық көреді. Одан кейінгі нөмірінде екі бетіне корреспонденттерге берген сұхбат және кубалықтармен болған кездесуден әңгімелер басылады. Мұның бәрін ұйымдастырған Гаванадағы «Правда» газетінің меншікті тілшісі Тимур Гайдар болатын. Ол – белгілі орыс жазушысы, «Тимур және оның командасы» кітабының авторы Аркадий Гайдардың баласы. «Бәрі азды-көпті реттелген. Ертең жексенбіде сіз Вородорға барасыз. Дүйсенбі күні таңертең әрі қарай сапарға аттанатын тобыңыздан бөлініп қаласыз да, Гаванаға саяси департаменттің бастығы жолдас Кауссемен кездесуге қайтасыз...» деген Тимур Гайдардың хатын алады. Баукең жатқан «Гавана Либрэ» қонақүйіне саяси департаменттің бастығы Кауссе келеді. Екеуара жылы таныстықтан соң Кауссе орталық комитеттің екінші хатшысы, премьер-министрдің орынбасары, Куба революциялық Қарулы күштерінің министрі Рауль Кастроның туристік сапарын бір айға создыру туралы өтінішін жеткізеді. Туристік сапарын заңды түрде создыру жағын тиісті каналдар арқылы келісуді өз мойындарына алатынын айтады. Сөйтіп, Баукең Кубада жай турист емес, үкімет пен бас штабтың құрметті қонағы болып қалады. 20 күнге қалуын өтінсе де 10 күнге қалуға келіседі. Баукеңнің жұбайы Ғайникамалдың қайнысы Мекемтасқа жазған бір хатында: «Кеше шетелдік комиссияға қоңырау шалсам, «Сіздің шалыңызды кубинцалар тағы 10-12 күнге қалсын деп сұрап жатыр, тегінде, рұқсат ететін шығармыз», деді. Сөйтіп, Баукең жалғыз өзі тағы 10-12 күнге қалатын көрінеді. 17.11.1963 жыл. Жеңешең», делінген. Бауыржан Момышұлының жүріп-тұруына арнайы «Кадиллак» маркалы машинаны, аудармашыны, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір офицерді және «Вердо Оливо» журналының фототілшісін қосып береді. Баукең Кубаның алты провинциясын аралап, әскери академияда лекция оқиды. Завод-фабрикаларда, ауылшаруашылық кооперацияларында, оқу орындарында, әскери бөлімдерде болып, әңгіме-сұхбаттар жасайды. Сапарының соңында құрметті үкіметтік қабылдауда болып, Рауль Кастромен кездеседі. Баукең Кубада 5-21 қараша аралығында 17 күн болып, зор әсермен 21 қарашада Мәскеуге оралады. Иә, Баукеңе сол кездегі Куба халқының революциялық рухы, жасампаздық бірлігі мен жеңімпаздығы, еркіндігі ерекше әсер қалдырады. Алматыға келген соң «Лениншіл жас» газетіне «Куба күнделігінен» деген атаумен бірнеше мақала жазып жариялайды. Кейін «Куба әсерлері» атты кітабын жазуға отырады. Бауыржан Момышұлы Вера Павловнаға 1965 жылы 3 маусымда жазған хатында: «Менің «Куба әсерлерім» шамамен 17 баспа табақты баспахана қабылдады. Бірақ әлі жарық көрген жоқ», дейді. Ол кітабы 200 мың данамен сол 1965 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Жоғарыдағы үш еңбегіне қоса, Баукең 1965 жылы Жамбылға келген сапарында сиясы кеппеген «Куба әсерлері» кітабының да бір данасын қазіргі облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізген. Әлімбай НАЙЗАБАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар