Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көлік қауіпсіздігі – қатаң бақылауда

Көлік қауіпсіздігі – қатаң бақылауда
ашық дереккөз
Көлік қауіпсіздігі – қатаң бақылауда
Мемлекет басшысы 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаған болатын. Прокуратура органдарының алдына қойылған міндеттерді орындау үшін Бас көлік прокуратурасы тарапынан мораторий кезеңінде бүкіл ел аумағында қызметін жүзеге асыратын мобильді топ құрылды. Мобильді топ құрамына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет, өңірлік көлік басқармасы және «AMANAT» партиясының өкілдері кірді. Бұл топтың мақсаты – көлік саласындағы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының әрбір фактісіне жедел ден қою. Облыстық көлік прокуратурасы құқықтық тәртіпті нығайтуда ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл тұрғыда азаматтардың конституциялық және еңбек құқықтарын қорғауға, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттің экономикалық мүдделерін құрметтеуге баса назар аударылуда. «Электрондық қылмыстық іс» жобасы аясында сотқа дейінгі өндіріс цифрлық форматта жүзеге асырылып, қылмыстық қудалау органдары қажетті құрал-жабдықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 35 тұлғаға қатысты 21 қылмыстық іс сотқа жолданып, үкім шығарылды. Кәсіпкерлік мүдделерді қорғауға да тиісті көңіл бөлінеді. Осылайша мобильді бизнесті қорғау тобына жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерден 17 дабыл түскен. Мәселен, «Айша бибі» өткізу бекетінде жеті жүк көлігі ұсталып, уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Дабыл түскен соң көлік прокуратурасының қызметкерлері оқиға орнына барып, салықтық тексеру жүргізу тәртібін бұзушылықтарды анықтады. Тыйым салу және шектеу шараларының күшін жою туралы шешім қабылданып, сол күні жүк көліктері бағыт бойынша шығарылды. Барлығы төрт қадағалау актісі енгізіліп, 17 кәсіпкердің құқығы қорғалып, бес лауазымды тұлға жазаға тартылды. Сондай-ақ прокуратура Еңбек кодексінің және 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарттың талаптарын бұзу фактілерін анықтады. Атап айтқанда, теміржол бөлімшелері мамандарының метеорологиялық жағдайлар кезінде ашық аспан астында жұмыс істегені үшін тарифтік мөлшерлеменің 15 пайызын төлемеу дерегін зерделеді. Барлығы 685 адамға ауыр жағдайда жұмыс істегені үшін төленетін төлемдердің жалпы сомасы 2 336 729 теңгені құрады. Нәтижесінде жүргізуші, дәнекерлеуші және өзге де тоғыз қызметкерге зиянды өндірістік факторларға 6 күннен 12 күнге дейін тиісті төлемдері бар қосымша демалыс берілді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалдары – «Магистральдік желі Жамбыл филиалының» және «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Жамбыл жүк тасымалы филиалының 11 лауазымды тұлғасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 972-бабының 3-бөлігі бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау қызметі 694 теміржолшының конституциялық құқықтарын қорғады. Теміржол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында да заңбұзушылықтар анықталды. Нақтырақ айтсақ, тепловоздарды сапасыз жөндеу, электровоздарға техникалық және сервистік қызмет көрсету, жоспарлы профилактикалық жөндеуден өтпеген 26 локомотивтің жұмысы, қосалқы бөлшектермен және материалдармен жеткіліксіз қамту, сапасыз теміржол жолдарын күтіп ұстау секілді құқықбұзушылық анықталды. Бұл іс бойынша үш қадағалау актісі енгізіліп, сегіз тұлға жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 6-бөлігі бойынша бес қызметкер тәртіптік, үш қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы аумағында әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтар анықталды. Қадағалау актісі бойынша, олар ұшу-қону жолағынан төрт шақырым радиуста көпқабатты үйлерге (24 нысан) күндізгі белгілер мен құрылғылар орнатуға жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Құстардың жаппай жиналуын жою үшін шаруа қожалықтары мен мал бордақылау алаңдарының иелері мен жұмысшылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоқыс алаңдары қоқыстан тазартылып, қураған ағаштар кесілді. Санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеу үшін әуежай «КСЕО Отан-Тараз» ЖШС-мен аэродром маңындағы аумақты зерттеу үшін 9,3 миллион теңгеге келісімшарт жасасты. Прокурорлар көліктік бақылау инспекциясының қызметін тексеру қорытындысы бойынша көптеген заңбұзушылықтарды анықтап, екі қадағалау актісін енгізді. Жиырмадан астам жосықсыз тасымалдаушылар арнайы кіру карталарынан айырылды. Көліктік бақылау инспекциясының басшысы мен оның орынбасарына қатысты тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңеске берілді. Көліктегі желілік полиция бөлімшелерімен заңсыз әкімшілік іс қозғаудың 13 фактісі анықталды. Прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, заңбұзушылықтар жойылды, бес полиция қызметкері жауапкершілікке тартылды. Қорытындылай келгенде, салаға қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу облыстық көлік прокуратурасының ерекше бақылауында. Аталған бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Аслан ӘБІЛДАЕВ, облыстық көлік прокуратурасының прокуроры
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар