Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕЛ АЗАМАТЫМЕН АРДАҚТЫ

ЕЛ АЗАМАТЫМЕН АРДАҚТЫ
ашық дереккөз
ЕЛ АЗАМАТЫМЕН АРДАҚТЫ
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Журналистика және филология» кафедрасының ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында ақын, композитор, қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Құрметті құрылысшысы, ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, ҚР Қала құрылысшылар одағының мүшесі, Алматы облысы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Қайрат Бисембаевтың шығармашылығына арналған «Ел азаматымен ардақты» атты конференция өтті. Аталған іс-шараға «Aulieata-Media» ЖШС-ның бас директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Оралхан Дәуіт, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Битенова және облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы, ақын, Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры Күнсұлу Тәукебаева, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы білім бөлімінің қызметкері Мадина Қарымбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлық-оқытушы құрамынан осы оқу орнының «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ пен аталған университеттің «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев сияқты зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. Кездесуді «Журналистика және филология» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева жүргізді. Іс-шараға келген қонақтар ақын Қайрат Әшірәліұлының шығармашылығы туралы өз ой-толғамдарын айтып, пікір алмасты. Ақын Үміт Битенова Қ.Бисембаевтың қарымды қаламгер екенін айта келе, өзінің өлеңдерін оқып, талантты адамдардың тағдыры қашанда оңай болмағанын, өнер адамының жаны нәзік, жүрегі сезімтал болатынын айтып, ақынның алдағы өмір жолына шығармашылық табыс тіледі. Ал профессор Күнсұлу Тәукебаева кездесу иесінің біртуар ақын екенін айтып, өзінің есінде қалған естеліктерімен бөлісті. – Қоңыр қаздың қанатынан саз естіген, қоштасу әнін тере білген кемеңгер ел таланттарға кенде емес. Кешегі Мәди, Ақан серілерді тудырған, бергісі Дәнеш, Нұрғисаларды өмірге алып келген жұрттың арасынан үздіксіз, үзіліссіз дарыны дара жандар шығуда. Саз өнерінің саңлақтар сапы дәуір тезінде толыспаса, кеміген емес. Мұны Тәңірдің ұлы халықтың маңдайына жазып берген берекесі деп білеміз. Міне, осы қатардан табылар жанның бірі де бірегейі – Қайрат Бисембаев. Мен оның шығармашылығымен танысып шыққаныма көп уақыт бола қоймады. Күндердің бірінде қолыма Қайрат Бисембаевтің «Әкені аңсау» атты ән жинағы түсті. «Күтумен өткен ғұмыр» дегендей, жазумен өтіп жатқан күндеріміздің бос уақытында осы бейнедискті тыңдауға кірісемін. Кірісемін де кіршіксіз сезімнен туындаған, қос таспадан тұратын бейнебаян мен ән жинақтың атына арқау болған «Әкені аңсау» әнін және басқа туындыларды тамсана тыңдаймын, – деп сөзін түйіндеді ол. Иә, ақындығы мен композиторлығы бір-біріне сәйкескен Қ.Бисембаевтың әндері мәңгілік қазақ даласында шырқала бермек. «Өзің әке аласармас ақ аспан, Даналығың мейіріммен жарасқан. Биік арман, ояу сана, кеңпейіл, Арқасында болдым көптен бағы асқан», деп жырлаған ақын конференцияда қойылған сұрақтарға жауап беріп, жастарға отбасылық құндылық және ұлттық рух туралы көптеген тәрбиелік мәні зор әңгімелерді айтып берді. «AR-AI»-ақпарат
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар