Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕРЖАН ӘУЕСХАНҰЛЫ – ОБЛЫСТЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ШОПАНЫ

ЕРЖАН ӘУЕСХАНҰЛЫ – ОБЛЫСТЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ШОПАНЫ
ашық дереккөз
ЕРЖАН ӘУЕСХАНҰЛЫ – ОБЛЫСТЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ШОПАНЫ
Осыдан бірнеше жеті бұрын Тараз қаласындағы «Достық» алаңында Ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні жоғары деңгейде аталып өтті. Сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы бірқатар қызметкерді марапаттады. Көпшіліктің алдында марапатталып, мерейі үстем болып, мейманасы тасығандардың тізімінде еңбек адамдарының да болғаны көңілімізді қуантты. Мәселен, Ғабит Найзабековке «Озат механизатор-2023», Жұпаркүл Ахметоваға «Озат сауыншы-2023», Ержан Омаровқа «Озат шопан-2023» номинациясы табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді. Жалпы ел Президенті Қасым-Жомар Тоқаев үнемі өз Жолдаулары мен Үндеулерінде адал да таза еңбек етіп, өз мамандығының қыры мен сырын өте жоғары деңгейде меңгерген адам ғана еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қоса алатынын еске салып отырады. Осы орайда Президенттің «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек» деген тапсырмасын негізге ала отырып бейнеткеш ата-бабаларымыздың, әке-ағаларымыздың өнегелі өмір жолын, тағылымды тірлігін жалғастырып жүрген озат шопан Ержан Әуесханұлының адал еңбекпен өрілген еңбек жолына аз-кем тоқталғанды жөн көрдік. Алайда қазір қыстауға көшудің қым-қуыт шаруасымен жүрген шопанмен тілдесу мүмкін болмады. Сондықтан көкейдегі көп сауалымызды 1999 жылдан бері өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп келе жатқан шопанның жұбайы Айжамал Айдынбековаға қоюға тура келді. Дегенмен Айжамал Дүйсенбекқызының келісімін алу оңайға түспеді. Интернет-алаяқ деп ойласа керек, сұрақтарымызға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ешқандай да алаяқ емес, журналист екенімізге көзін жеткізгеннен кейін барып бастапқыдай қатқылдау емес, жылы-жылы сөйлеп, әңгіменің тиегін ағытып сала берді. – Жолдасым Ержан екеуміз 1999 жылы отау құрдық. Содан бері мал бағумен айналысып, шүкір, өсіп-өсіп отырмыз. Негізі Ержан 1991 жылдары әкесінің жолын жалғастырып Шопан ата таяғын қолға алған. 33 жыл аз уақыт емес. 33 жыл бойы қыстың аязы, жаздың аптап ыстығында мал соңында жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қысы-жазы тақымы аттан босамай, қара қойдың соңында жүру қиямет тіршілік. Жаз мезгілінде шопан қауымы арқасын кеңге салып, еркіндеу жүреді. Көктем мен қыста қайнаған өмірдің ортасына түседі. Әсіресе қой қоздай бастағанда күн демей, түн демей шаруашылықтың басынан табылады. Қыстың да әбігері көп. Сүйектен өтер суықта айдалада жападан-жалғыз қой бағып жүру оңай емес. Қарайған қойды ит пен құсқа алғызбай, табиғаттың тосын мінезіне ұрындырмай аман сақтау үшін де ептілік қажет. Қазір мал бағатын адам жоқ дегенді жиі естиміз. Неге? Себебі осындай қиындығына, машақатына шыдай алмайды. Ал біз малдың жайын жетік біліп өстік. Себебі атам да, әкем де шопан болды. Әкем Дүйсенбек ауылшаруашылық саласының дамуына қосқан үлесі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Жалпы қазір де сауыншы, шопан, механизатор секілді нағыз еңбек адамдарына мемлекеттік наградалар берілу керек деп есептеймін. Сонымен қатар қомақты қаржылай сыйлық табысталып жатса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, ұсынысым, ойым кейбіреулерге күлкілі көрінуі мүмкін. Шынымды айтсам, ешқандай сый-құрмет дәметіп отырғаным жоқ. Тек Президентіміз айтқандай, еңбек адамының мәртебесін биіктету үшін осылайша нақты қадамдар жасалғаны жөн секілді. Сонда жастардың да қызығушылығы арта түсетіні анық. Әйтпесе қазір мал соңында жүрген шопандардың, трактор тізгіндеген механизаторлардың бәрі егде жастағы кісілер, – деген Айжамал ана ұсынысына біздің де ойымызды білгісі келгендей бір уақыт үнсіз тұрып қалды. Кейіпкеріміз айтса айтқандай-ақ, еңбек адамдарын ынталандыру, құрмет көрсету, жетістіктерін дәріптеу маңызды. Еңбектің жемісін көру қуаныш болса, бағаланғанын сезіну де бір бақыт. Адал еңбек қай қоғамда да аса жоғары бағаланған әрі соған лайық құрмет көрсетіліп отырған. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады» деуінің де басты себебі осында жатыр. – Қазіргі таңда «Байымбет» шаруа қожалығының малын бағамыз. Отарда 550 қой бар. Санаулы күндерден кейін қыстауға көшуді жоспарлап отырмыз. Қыстауымыз Үшарал ауылынан 30-40 шақырым қашықтықта орналасқан. Аса қашық емес. Арасында шаруа қожалық төрағасының немесе басқа да келімді-кетімді жолаушылардың көлігімен ауылға келіп тұрамыз. Бірнеше күн тұмауратып, қазір ауылда ем-дом қабылдап жатырмын. Үш күннен кейін қайтамын. Еңбекақымыз туралы айтар болсам, айына 150 мың теңге жалақы аламыз. Одан бөлек ай сайын бір сойыс беріп тұрады. Ішіп-жемімізді қамтамасыз етеді. Шүкір, шаруашылық төрағасы тарапынан барлық жағдайымыз жасалған, – дейді Айжамал Дүйсенбекқызы. Ержан Әуесханұлы мен Айжамал Дүйсенбекқызы отбасында алтын асықтай бір ұл, күміс қасықтай бір қыз тәрбиелеп өсірген. Екі перзенті де ұстаздық жолды таңдаған. Қыздары Жансая Қызылорда облысының Қазалы ауданына тұрмысқа шыққан. Бүгінде екі ұлдың анасы. Ал ұлдары Нұрлан Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. – Кез келген ата-ана перзентінің болашағынан үлкен үміт күтеді ғой. Аллаға мың да бір шүкір, ұл-қызымыз атымызға кір келтірмей, тәрбиелі, тәртіпті болып өсті. Қызым мектепті де, жоғары оқу орнын да «қызыл» дипломмен бітірді. Бүгінде бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ұлымыз оқу бітіргенде «біздің қасымызда болып мал бағасың ба, әлде білім аласың ба?» деп сұрадық. Жоғары білім алғысы келетінін айтты. Шешімін қуана-қуана құптадық. Егер мал бағамын десе де қарсылық білдірмейтін едік. Негізі Нұрлан кішкентай кезінен әкесіне қолғабыс етіп, малға жақын болып өсті. Қазір де апта сайын демалыс күндері қасымызға келіп, әкесіне көмектесіп қайтады. Қызымызды қияға қондырдық. Ендігі арманымыз – аман-есен зейнеткерлікке шығып, қарашаңырақта келініміздің қолынан шай ішіп, немере-шөбереміздің тәтті қылығына тамсанып отырсақ дейміз, – деген Айжамал Дүйсенбекқызы бейнеті бес елі шопан еңбегін бағалап, ескеріп жатқан ел ағаларына риясыз алғысын айтты. Еңбек адамы – қашанда елдің құты, ырысы. Әкімқаралардың есігін қағып, табалдырығын тоздырмай-ақ маңдай тер, табан ақысымен құрметке бөленіп, ауыл-аймаққа қадірі артқан Ержан Әуесханұлы секілді еңбек адамдары барда елдің ырысы ешқашан ортаймайды. Талғат Нұрханов t.nurkhan1991@gmail.com Үшарал ауылы, Талас ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ЕЛ АЗАМАТЫМЕН АРДАҚТЫ
Алдыңғы мақала
ЕЛ АЗАМАТЫМЕН АРДАҚТЫ

Ұқсас жаңалықтар