Медициналық көмектің қолжетімділігі артады
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев жұмыс сапарымен облысымызға келді. Іссапар аясында вице-министр Тараздағы «Достық» үйінде жамбылдықтармен кездесу өткізді.
Жиында Жандос Қонысұлы алдымен Денсаулық сақтау министрлігінің өңірмен бірлесіп жүргізіп жатқан жұмысы және денсаулық сақтау саласының алға қойған міндеттері туралы баяндады.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының әлеуметтік деңгейі мен тұрмыстық әл-ауқатын арттырудың аса маңызды құралы ретінде денсаулық сақтау саласын дамытуға көп көңіл бөледі. Ел Президентінің тапсырмалары амбулаториялық-емханалық емдеуді ұйымдастыруды жетілдіру, ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың кадрлық және материалдық-техникалық базасын нығайту секілді мәселелерді қамтиды.
– Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, денсаулық сақтау саласындағы барлық бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Президенттің тапсырмалары аясында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жоба 3 негізгі міндетті көздейді. Бірінші міндет – ауылдық елді мекендерді медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету. Жоба аясында барлығы 655 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Қосымша 1 миллион адам алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Екінші міндет – ауыл тұрғындарына уақытылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді ұлғайту. Осы міндет шеңберінде инсульт орталығы, коронарлық араласу орталығы, перинаталдық орталық, травматология, хирургия және медициналық оңалту бөлімшелері ашылып, 32 ауданаралық аурухананы күрделі жөндеу және реконструкциялау, сондай-ақ оңалту және қажетті құралдармен (КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ) жабдықтау көзделген.
Үшінші міндет – ауылдағы денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде қосымша 4 миллионнан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады.
Облыс бойынша ұлттық жоба шеңберінде 30 медициналық-санитарлық объектісінің құрылысын жүргізу мақсат етілген. Оның ішінде биыл 10 объектіге қатысты жұмыс жоспарланған. Бұл әкімдік әзірлеген жобалар, қалған объектілер «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамы әзірлеген үлгілік жобалар бойынша салынатын болады.
Бүгінгі таңда «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамы 5 климаттық аймақ, атап айтқанда, Ақмола, БҚО, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстары бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмектің үш түріне арналған жобалар әзірледі. Олар – медициналық пунктер, фельдшерлік-акушерлік пунктер және дәрігерлік амбулаториялар. Барлығы 15 жоба салынса, оның үшеуі Жамбыл өңіріне тиесілі, – деді вице-министр.
Екінші міндет бойынша, шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бармай-ақ мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін 32 ауданаралық орталық аудандық ауруханаларға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жоспарланған екен.
– Жамбыл облысында Меркі, Шу және Талас аудандарындағы жұмыс істеп тұрған ауруханалар 4,4 миллиард теңгеге заманауи жабдықтармен жабдықталады. Үшінші міндет бойынша, бұл облыстың ауылдарында 30 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны пайдалануға берілді.
Өңірдің 3 көпсалалы аудандық орталық ауруханасын жаңғырту кезінде 59 дәрігерге, 10 орта медицина қызметкеріне қажеттілік туып отыр. Атап айтқанда, Меркі аудандық емханасында 10 орта медициналық қызметкер, 25 дәрігер, Шу қалалық емханасында – 17, Талас аудандық емханасында 17 дәрігер тапшылығы бар. Жалпы облыста барлығы 3 500 дәрігер және 12 500 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Біліктілікті арттырудан 34 дәрігер және 7 орта медицина қызметкері өтті, сертификаттау курстарымен 3 медицина қызметкері қамтылды.
Жамбылда 2 инсульт орталығы және 3 коронарлық орталық жұмыс істейді. Болашақта инсульт орталықтары желісін 81-ге дейін және коронарлық араласу орталықтарын 50-ге дейін кеңейту қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ересектер мен балаларға оңалту көмегі көрсетіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 253 мың пациент қабылданды. Биыл осы өңір бойынша 1000-нан астам квота бөлініп, 750-ге жуық әйел көптен күткен сәбилерін құшағына алды. Одан басқа республика бойынша 13 перинаталдық орталық құрылысын жүргізу жоспарланса, Жамбылдағы 1 перинаталдық орталық осы тізімге енді, – дейді Ж.Бүркітбаев.
Вице-министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде елімізде 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Жоспар аясында Тараз қаласында 200 төсектік облыстық онкологиялық диспансер пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ Жандос Қонысұлы Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласындағы тапсырмаларын іске асыру денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруына әсер еткендігін айтты. Елімізде өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа, облыста 74,9 жасқа дейін өскен.
Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін биыл республикалық бюджет есебінен 5,6 мың білім беру гранты бөлінді, оның ішінде өңіріміздің үлесі – 117 грант. Биыл өңірдің қажеттілігіне сәйкес 23 түлек бөлінді, оның 11-і ауылдық жерлерге жіберілген.
Вице-министр өз сөзінде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келе жатқанын баяндады. Биыл облыс емханалары үшін 8,8 миллиард теңгеге, ал стационарлар үшін 10 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алыныпты. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Вице-министрдің баяндамасынан соң тұрғындар ортаға шығып, көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Еркін Шалданова өңірдегі тұрғындарға 1963 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан облыстағы көпбейінді аурухана ғимаратының тозғанын айтып, қайта жөндеуден өтуге сұранып тұрғанын жеткізді. Ал жуалылық тұрғындар ауданда медициналық көліктер тапшылығын сөз етіп, маммографиялық аппараттың жоқтығынан қыстың көзі қырауда жуалылықтар облыс орталығына қатынауға мәжбүр екенін айтты.
Тұрғындар тілегіне құлақ асқан Жандос Қонысұлы медициналық көліктер келер жылы шешімін табатынына сөз берді. Көпбейінді аурухана жайы да назардан тыс қалмады. Облыста 2024 жылы денсаулық саласы үшін 30 гектар жер бөлініп, сол жерге жаңа көпбейінді аурухана салынатынын тілге тиек етті. Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова Жуалы аудандық ауруханасына маммографиялық аппарат сатып алынғанын, бір-екі апта ішінде берілетінін жеткізді.
Дәл осы күні вице-министр БАҚ өкілдері алдында брифинг өткізді. Баспасөз алаңында Талас ауданындағы тозығы жеткен аурухана, ауылдардағы емханаларды жаңарту және қызылшаның өршуіне қатысты сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар Жандос Қонысұлы облыстық онкология және хирургия көпбейінді орталығының жұмысымен танысып, азаматтармен жеке сұрақтары бойынша кездесу өткізді
Айта кетейік ҚР Денсаулық сақтау вице-министрінің облысқа сапары екі күнге жалғасады.
Келесі күні Ж.Бүркітбаев жұмыс сапары шеңберінде «Super-pharm» ЖШС зауытының ашылуы, сондай-ақ Жуалы ауданының аудандық орталық ауруханасының «Теріс» фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылуына қатысады.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала