ТАРАЗДА «МЕРГЕНДЕР МЕКЕНІ» АШЫЛДЫ
Садақ, мылтық секілді кез келген қару түрін дәлдеп ату – қазақтың қанында бар мергендік қасиет. Халқымыз қарауылға алған нысанасына асқан шеберлікпен дәл тигізген адамды «құралайды көзге атқан мерген» деп жатады.
Мергендердің өзі әртүрлі топқа бөлінеді. Мәселен, оның бірі көзмерген болса, тағы бірі қолмерген немесе сұрмерген деген секілді осылай жік-жікке бөлінеді. Оның ішінде артықшылық иесі –
қолмерген. Себебі қолмерген нысанаға алған аң-құсын көздеп, уақыт алып жатпайды.
Мергендердің бағы сыналатын жарыс түрі әлемде көп-ақ. Әйтсе де садақ атудан өзінің шеберлігін «Жамбы ату» ұлттық спорттық ойындарында байқатып жүрген қазақ жастары жетерлік. Бұл қазіргі таңда спорттың осы түрі жаңаша дамып келе жатқанын аңғартса керек.
Адамның бойындағы қырағылықты, шапшаңдықты оятатын ұлттық өнеріміздің дамуына бүгінде тараздықтар да баса ден қойып отырғанын айта кетуіміз керек. Ата-бабамыздың дәстүрлі төл өнері кенжелеп қалмай, оның дамуына атсалысып жүргендердің бірі – Дінислам Байтан мен Әділет Жатқанбай. Екі жігіт бірігіп, «Zhas Project» жобасы аясында өздерінің бизнес-жоспарын сәтті қорғап, бір миллион теңге грант ұтып алған екен. Осы алған гранттың өтеуі ретінде екеуі «Мергендер мекені» садақ ату және оңалту орталығын ашыпты.
2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Zhas Project» жобасы арқылы биыл 280 жас кәсіпкер мемлекеттен грант алу мүмкіндігіне ие болды. Басымдық әлеуметтік осал топтағы және 18-35 жас аралығындағы азаматтарға берілді. Бір миллион теңге қаржы бірінші кезекте бизнес-жоспар құруға және кәсіпті сапалы таныстыруға жұмсалды. Игі бастамаға «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» да ұйытқы болып отыр. Өткен жылғы нәтиже бойынша грант алушылардың көбі қызмет көрсету саласы мен ауылшаруашылығын таңдаған. Биылғы жылы жаңашыл идеялар өте көп болыпты.
Соңғы жылдары сал ауруымен және аутизм мен дене және психикалық ауытқулары бар балалар саны күрт артқан. Биыл ерекше балалардың саны Қазақстан бойынша 35 мыңға жеткен. Бұл үлкен көрсеткіш. Облыс бойынша 1000-нан аса бала тіркелген. Оның ең бірінші себебі, әлбетте, экологиялық мәселе. Екінші себебі – сауықтыру орталықтары мен мамандардың жеткіліксіздігі. Тараз қаласында да бұл жағдай өзекті мәселе болып тұр.
«Мергендер мекені» садақ ату және сауықтыру орталығын дер кезінде ашылған аса қажет орталық деуге негіз бар. Бүгінде мұнда жастар мен оқушылар, ерекше балалар келіп садақ атудың қыр-сырын үйренуде.
– Садақ ату – біздің ұлттық ойынымыз және жауынгерлік дәстүріміз. Садақ ату үлкен өнер. Дәстүрлі садақ атудың пайдасы мол. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақсартады. Дене бітімнің сымбатты болуы үшін де пайдалы. Сабырлы мінезді қалыптастыруға, өзін-өзін тәрбиелеуге, бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі. Садақ ату омыртқаны шынықтырып, оның түрлі дертке шалынуының алдын алады. Бір садақ ату 20 килограмм жүк көтергенмен бірдей әсер береді. Орталықта жастар тек садақ атумен шектелмейді, атқа отырып серуендей алады. Атқа отырып садақ атады. Сол арқылы жастардың атқа мінуге деген қызығушылығын оятып, жылқыға міну мәдениетін қалыптастырмақшымыз.
Жылқыға отыру жастардың бойындағы түрлі аурулардың алдын алуға, бойларындағы ашылмай, булығып жатқан шабыттарын оятуға мүмкіндік береді, – дейді Әділет Жатқанбай.
Әділет – Талас ауданындағы Сейілбек ауылының тумасы. 1999 жылғы өрімдей жас. Өзі креативті жобаларды жүзеге асырушылардың бірі. Ең алғашқы грантты ол ауыл көшелерін жарықтандыру бойынша жобасымен ұтқан екен. Екінші рет азаматтық бастамаларды қорғау жайындағы жобасын қорғап, 500 мыңдай грант ұтыпты. Бұл жолы да «жасөспірімдерге, жалпы жастарға пайдам тисе екен» деп шарқ ұрып жүр.
– Садақ ату барлық спорт түрлері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Түрлі аңыздарда хандар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйткені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп саналған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрады, амал ойластырады, жоспарлайды. Мұның бәрі тұнып тұрған математика. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі, – дейді Дінислам Байтан.
Ұмытылып бара жатқан төл өнерімізге, түп-тамырымызға қайта оралғанымызға қуанамыз. Жалындаған екі жас жігіттің бастамалары көңіл қуантады. Жаңадан ашылса да балаларын дәстүрлі садақ ату ойынына алып келіп жатқан ата-ана көп екен. Солардың бірі – Қарлығаш Барлыбаева. Ол 8 жастағы ұлын осы орталыққа әкеліп жүр. Баласын тосып отырған анамен сөйлескенімізде ол ойындағысын бүкпесіз айтып берді.
– Ел арасында «қазіргі балалар телефонға телміріп, үйден шықпайды, «үйкүшік» болып бара жатыр» деген секілді пікір көп. Баланы дене қозғалысын, қимылын қажет ететін ойынға өзіміз қызықтыра білуіміз керек. Әсіресе оларды талабына қарай футбол, баскетбол, волейбол секілді спорттық үйірмелерге беру керек. Мен де баламды денсаулығына пайдасы тисін, ер азамат ретінде шыңдалсын деп осында әкелдім.
Жалпы садақ ату ойыны 1900 жылдан бері жазғы Олимпия ойындарының тізіміне кірген. Бүгінде осы спорт түрімен әлемнің 140 елі айналысады. Шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қол – осының барлығы садақпен атқанда жеңіске жету үшін қажет. Баламның мерген болғанын қалаймын. Баяғыда кітаптан «құралайды көзге атқан мерген болыпты» деп ертегі оқушы едік. Сондай сұрмерген болғанын қалаймын. Бұған дейін баламның қимылы сылбыр еді, қазір шапшаңдықты үйренді, – деді ол.
Бір қызығы, бұл спорт түріне 7 жастағы жеткіншектен 70-тегі қарияға дейін қатыса алады. Соңғы кезде осы төл өнерге қыз балалар да қатты қызығушылық танытып, қатыса бастаған. Қай ертегіні алыңыз, батырлар жырын алып оқысаңыз да бес қарудың бірі – садағын асынған батыр суреттеледі. Пайдасы мол орталықтың жастарға берері көп екеніне сенімдіміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала